Қазір мемлекеттік қызмет түрі электронды форматқа ауысуда. Үйде отырып-ақ, қажетті анықтаманы алып, өтініш толтыра аласыз. Уақытыңыз үнемді, кезек күтіп шаршамайсыз.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» жергілікті филиал мамандарының айтуынша, өңір тұрғындары арасында мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алуға болатынын білмейтіндер аз емес. Электронды форматтағы қызметтерді алу үшін әрбір адам мобильді азаматтар базасында тіркеле алады. Тіпті анықтамаларды тәулік бойы онлайн алуға мүмкіндік бар.
Қазір «mgov.kz» мобильді қосымшасы мен телеграмдағы «EgovKzBot» мобильді азаматтар базасына тіркеліп, аталған қосымшаларды ұялы телефоныңызға жүктейсіз.
Ал «Телеграм-бот» қосымшасы өте ыңғайлы және жылдам жұмыс істейді. Мысалы, 2 минут ішінде сіз қажетті құжатыңызды рәсімдеп, жеке e-mail поштаңызға жолдай аласыз. Телеграм-бот арқылы мекенжай, жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы, сондай-ақ туберкулезге қарсы және басқа да диспансерлердің анықтамалары сияқты 25 түрлі қызметтерді де пайдалануға мүмкіндік бар. Мобильді азаматтар базасында тіркеліп, электронды сандық қолтаңбаңыз болса, барлық мәселе өздігінен шешіледі.
Сөйтіп сіздің ұялы телефоныңыз «Қалтаңыздағы ХҚО» деп аталатын болады. Туу туралы куәлік, жеке куәлік (төлқұжат), диплом көшірмелері, өмірге сәби әкелгендерге төленетін жәрдемақы, зейнеткерлік төлемдер сияқты құжаттарды үйден шықпай-ақ алуға болады.
– «Цифрлы Қазақстан» деген осы! Цифрлы өмірге үйренейік, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» жергілікті филиал мамандары.
ПАВЛОДАР