Қазақстан астанасында Орталық Азия елдерінің Сыртқы істер министрлері және АҚШ өкілінің қатысуымен «С5+1» кездесуі өтті. Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан Сыртқы істер министрлері мен АҚШ дипломаты аймақтың негізгі мәселелерін талқылады.
«С5+1» форматы – Орталық Азияның бес елі мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимылдың көпжақты тетігі. Оның мақсаты – аймақтағы өткір мәселелерді бірге талқылау, шешу жолдарын іздеу. Диалогтың негізгі тақырыптары – экономикалық даму, өңірлік ынтымақтастық, қоршаған орта және қауіпсіздік мәселелері. Осы жолғы кездесуде «Экономикалық қауіпсіздік және әріптестік», «Ауғанстандағы бейбітшілік», «Орталық Азияда қауіпсіздікті қамтамасыз ету» мәселелері талқыланды. Алты елдің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының қатысуымен алғашқы отырыс 2015 жылғы 1 қарашада Самарқанд қаласында өтті.
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов: «Кездесуге өздеріңіздің қатысуларыңыз аталған мәселелердің қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Орталық Азия – бірегей мүмкіндіктер мен орасан әлеуеттер аймағы. Мұндағы тұрақты дамуды қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз. Сондықтан Қазақстан осы жаһандану дәуірінде көршілес елдермен бірлесуге бастайтын тиімді тәсілдерді қолдануға талпынады», деді іс-шара барысында.
Жалпы, «С5+1» платформасына көзқарас әртүрлі. Бір сарапшылар бұл – АҚШ-тың Ауғанстан мәселесін кешенді түрде шешу мақсатында құрылған дипломатиялық бастамаларының бірі. Сол себепті бұл кездесулерде аймақтағы қауіпсіздік мәселелері жиі талқыланады деген ой айтады. Ал басқалары аталған жобаның келесі бір мақсаты Орталық Азиядағы Ресей ықпалын азайту дейді.
Әрине Ресей бұл форматтағы кездесулерге о бастан қуана қойған жоқ. 2018 жылы осы елдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров аталған шараға қатысты былай қарсылығын білдірген еді: «Жобаның мәні – Орталық Азияның қызметін Ресей Федерациясының қатысуынсыз оңтүстікке қарай кеңейту. Америкалықтар республикаларды өздерінің Үлкен Орталық Азия жобасына қосқысы келеді және бұл формат Орталық Азия мен Ресей арасындағы қатынастарды бұзуға бағытталған».
Жалпы, «С5+1» платформасының келешегіне АҚШ сарапшылары да күмәнмен қарайды. Kissinger Associates компаниясының директоры Томас Грэм: «Формат біраз уақыт бойына жалғасады, бірақ нәтижелері шамалы болуы мүмкін. Қазіргі уақытта Орталық Азия Америка Құрама Штаттары үшін басты басымдықтардың бірі емес» деп сенімсіздік білдірді. Бұл ойдың жаны бар. Яғни, бұл бастама кездесулер мен келіссөздер деңгейінде қалып кетуі мүмкін. Себебі алғашқы кездесуден бері «С5+1» платформасы аясында көзге түсерлік бастамалар көрінбеді. Оған қоса, былтыр аталған формат аясындағы жобаларға АҚШ бар болғаны 15 млн доллар ғана бөлді. Қазіргі күнді айтпағанда, Орталық Азиядағы 5 мемлекет 1990 жылдардың өзінде мұндай ақшаны місе тұтпаған.
Жалпы, Орталық Азияға ірі державалардың қызығушылығы ешқашан азайған емес. Мәселен, Еуропалық Одақ 2000 жылдардың ортасынан бері аймақтағы республикалармен түрлі бағдарламаларды бірге жүзеге асырып келеді. Ал биыл мамыр айында Брюссельде «Еуропалық Одақ және Орталық Азия: берік серіктестіктің жаңа мүмкіндіктері» атты құжаты таныстырылды. Ал 2014-2020 жылдар аралығында Еуроодақ Орталық Азиядағы 5 мемлекетке заң үстемдігі, қоршаған орта, су, сауда және шекараларды басқару саласындағы бағдарламаларға 1 млрд еуро бөлді. Ал Ресей осы аймақтың елдерін Еуразиялық экономикалық одаққа кіргізуге ұмтылып жатыр. Яғни, Орталық Азия мемлекеттері үшін ірі державалардың таласы алдағы уақытта әлі де жалғаса беруі мүмкін.