Ресей мен Қытайдың талабымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің кезектен тыс отырысы өтеді. Оған Пентагонның 25 тамызда орта қашықтықтағы Tomahawk қанатты зымыранын сынау жоспары себеп болып отыр.
Калифорниядағы Сан-Николас штатынан ұшырылған қанатты зымыранға 1987 жылы КСРО мен АҚШ арасындағы Орта және қысқа қашықтықтағы ракеталарды жою туралы келісім бойынша тыйым салынған. Дегенмен екі ел арасындағы келісім биыл 2 тамызда тоқтады. Кезінде Михаил Горбачев пен Рональд Рейган қол қойған баллистикалық және қанатты ракеталарды жою туралы келісімді тоқтату ниетін алғаш болып АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп білдірді. 2018 жылдың 20 қазанында Ресей шарттарды сақтамады деген айып тағып, келісімді тоқтатуды мәлімдеді. АҚШ президентінің айтуынша, Ресейдің 9М729 зымыранын ұшыруы келісімдегі талаптарға қайшы. Одан кейін 23 қаңтарда Вашингтон өз шешімінің нақты екенін хабарлап, келісім 2 тамызда ресми түрде тоқтатылды. Талап бойынша 500 шақырымнан 5,5 мың шақырымға ұшатын зымыранды сынауға, өндіруге тыйым салынған.
Былай қарасаңыз, 2 тамызда тоқтаған келісімнің артынан 25 тамызда зымыран сынау АҚШ-тың алдын ала дайындығын көрсеткендей. Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин де бұған қатысты күдігін жасырмады. Финляндия президентімен кездесу нәтижесінде өткен брифингте «АҚШ бұл ретте жеделдік танытты. Менің ойымша, олар дайындығын бізді айыптап, келісімді тоқтатпас бұрын бастап кеткен сыңайлы», деді ол. Сонымен бірге Ресей де әрекетсіз қалмайтынын жеткізді.
Дональд Трамптың бұл шешімі мен зымыранның ұшырылуын сынаушылар аз емес. Тіпті АҚШ-тың демократ-сенаторлары ракета сынауға қарсылығын білдіріп, президентке хат жолдады. Элизабет Уорен бастаған сенаторлар Ресеймен 2021 жылы аяқталатын келісімді ұзартуды да ұсынды. АҚШ конгресмендері Ресейдің әскери мүмкіндігі мен мемлекеттің ядролық жерасты қайықтарын ойлап тұрғандай. Өйткені президенттің бұл шешімін олар асығыстыққа балап отыр.
Осы ретте Ресей президентіне қарасты Ұлтаралық қатынастар кеңесінің мүшесі Богдан Безпалько БҰҰ-ның кезектен тыс отырысына қатысты болжамымен бөлісті. «БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі АҚШ-ты ракета сынақтарын тоқтатуға шақыруы мүмкін. Дегенмен АҚШ әуелден БҰҰ-ның талаптарына, резолюцияларына, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесіне қарсы. Бұл халықаралық ұйымның функционалы шектелген, сондықтан АҚШ-ты тоқтатуы екіталай» деді.
Ал АҚШ-тың Қорғаныс министрі Марк Эспер зымыранды сынау Қытайға бағытталған әрекет екенін мәлімдеді. «Біз үшін Қытаймен қатынас маңызды. Олардың экономикалық, саяси әлеуетін ескерсек, алдағы уақытта солардың әрекетіне жауап қайтаратын мүмкіндігіміз болуы керек», деді министр.
Біздің Сыртқы істер министрлігі де бұл шешімге алаңдаушылығын білдірді. Ведомствоның айтуынша, денонсациялау туралы шешімнің жанталаса қарулануға алып келуі, оған қоса жаһандық ауқымда ауыр салдары болуы мүмкін. Сонымен бірге екіжақты және көпжақты тетіктердің шеңберінде сындарлы келіссөздер арқылы мәселе шешімін табатынына үмітті екенін жеткізген.
Ресей мен Қытайдың шақыруымен өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы «Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер» тақырыбында өтеді. Алайда сарапшылар жиынның АҚШ-ты райынан қайтарарына сенбейтінін жеткізді.