Алакөлге (Үржар жағы) 4-5 жылдан бері келмеп едік, үлкен өзгерістер бар екен. Біз жағалаудан 20 метрдей ғана қашықтықта орналасқан «Лазурный берег» аталатын демалыс үйіне түстік. Екі қабаттан салынған демалыс үйінің үш корпусында кемінде 70-80 адам демалуда. Олардың тамақтануына арналып, үлкен асхана салынған. Қызмет көрсетушілер жағы туристердің көңілін қайтсек табамыз дегендей жүгіріп еңбек етуде. Бәрі де инабатты, мәдениетті қазақтың қаракөз жастары. Демалыс үйінің басшысы Бауыржан деген кәсіпкердің өзін көрмесек те, мұндағы жұмысты жолға қоюына қарап, іскер азамат екендігін байқадық.
Демалыс үйінің 1 адамға бір күндік орташа бағасы 7,5 мың теңге екен. Тіпті бұл бағадан да арзан нөмірлерді табуға болады. Осы бағаға туристің үш мезгіл тамағы да кіреді. Нөмірлердің ішінде жайлы төсек, душ, әжетхана орнатылған. Сонда бар болғаны 75 мың теңгеге 10 күн демалып, көл қызығына батып, ем алып қайтуыңызға болады. Басқа қай елден мұндай арзан демалыс орнын таба алар едіңіз? Арзан дейтін Түркияның Анталиясына барсаңыз, кемінде 1 мың доллардың басына су құйып қайтарыңыз анық. Жоқ, мұндай бағаны тек туған ел табиғаты ғана ұсына алады.
Алакөлге туристердің қаптай түсуінің бір сыры осы баға қолайлылығында жатқан секілді. Соған сай мұндағы демалыс орындарының саны да жылдан-жылға жедел өсіп, біздің көз алдымызда жаңа бір жазғы қала пайда болыпты. Мәселен, біз бұрын келген кезімізде «Лазурный берег» те, онымен қанаттаса, самсай бой көтерген басқа демалыс орындары да болмаған еді. Көлдің бұл тұсы жалаңаштанып бос жататын. Жағажайдың орнына құламалы жарды ғана байқауға болар еді. Ал енді сол жар шегенделген. Бір шеттен жел соқса алас ұрып кететін бура толқындардың екпінін басатындай көл ішіне қарай сұғына кіретін құрылғы жол салынған. Оның жағасына туристерге көлді аралатып қызмет көрсететін шағын моторлы және моторсыз қайықтар тоқтайтын болған.
Осыдан он шақты жыл бұрын Алакөлде әрі асқанда 100-150 мың адам ғана демалатын еді. Былтыр демалушылар саны 800 мыңнан асыпты. Соның ішінде бір жылдың ішінде ғана келушілер саны 30 пайызға ұлғайыпты. Ал осы жылдың есебі белгісіз. Өйткені маусым әлі аяқталған жоқ. Бірақ қызмет көрсетуші қонақүйдегілер сөзіне қарағанда 1 млн-нан асып жығылуы әбден мүмкін. Өйткені келушілер қарасы бұрынғыдан да молая түскен.
Соңғы жылдардың тағы бір жағымды жаңалығы, демалыс үйлерінің ортасынан және көл жағалауынан түзу және кең етіп қыдырушылар көшесі – Арбат тұрғызылған және ол түннің өзін самаладай етіп тұратын жарықтармен, сәнді орындықтармен, әткеншектермен, басқа да құрал-жабдықтармен безендіріліпті. Арбаттың екі жағы – толған кафелер, дүкендер, түрлі сауда-ойын сауық нүктелері. Жастар үшін дискотекаңыз да, жасы келгендер үшін сейіл-серуен құратын, айналасын қызықтап, демалатын жерлер де осында.
Ал енді кешкісін Арбатқа қарай өріп шығатын халықтың қарасында қисап жоқ. Осыны көріп, мұнда отбасымен жылма-жыл келіп жүрген белгілі журналист-аудармашы Жұмағазы Игісінов ағамыз «Алакөл қазақтың Лас-Вегасына айналған екен» деп қалды.
Сонымен қазіргі кезеңде Алакөл жағалауындағы бизнес қарқынды даму үстінде. Көлдің бір бөлігі аумақтарында орналасқан Шығыс Қазақстан облысы мен Үржар ауданының әкімдіктері осы іске үлкен мән беріп, туристік инфрақұрылымдарды жетілдіру бағытында көп жұмыс жүргізгендігі көрініп-ақ тұр. Ал инфрақұрылымдардың дамуы бизнестің күрт дамуына әкелген.
Бір өкініштісі, Алакөл туризмнің дамуына көлденең болып отырған жайттардың бар екендігін де өз көзімізбен көріп қайттық. Мәселен, көл жағалауындағы демалыс орындарында жарық жиі сөніп қалады екен. Ал мұның өзі келушілер үшін де, қонақүйлер қызметкерлері үшін де үлкен әбігер. Екіншіден, интернет қызметі өте әлсіз. Мұның өзі туристердің сыртқы әлеммен байланысын шектеуде. Үшіншіден, туристерге пойыз арқылы келіп-кету мәселесі шешілгенімен пойыз тоқтайтын Жалаңашкөл стансасында оған мініп-түсу дегеніңіз қиямет қайым екен. Қай вагонға қалай отырарларын білмей сеңдей соғылысқан халық. Станса ғимараты секілді шағын бірдеңе қалқиып тұрғанымен, ол жабық. Станса басында жөн сұрайтын қызметкер жоқ. Оның үстінде, станса перроны бар болғаны екі-үш вагонға ғана арналғандықтан пойыз келіп тоқтаған сәтте жолаушылардың өз вагондарына жетуі үшін қолдарындағы жүктерін жолсыз жермен сүйрелеп, арпалысқа түсуіне тура келеді. Өз вагоныңызға жетіп үлгергеніңізбен, енді оған мініп көріңіз! Темір жол тегіс емес сай-саланың ішімен бірнеше метр биіктікке көтеріліп салынғандықтан вагоныңызға міну үшін тауға шыққандай боласыз. Одан кейін жолсерік сізді жоғарыдан қолын созып көтеріп алмаса, тағы міне алмайсыз. Қысқасы, қан сорпаңыз шығады. Сіздің көл жағалауында өткізген демалысыңыздың бар рахатын осы жер сығып алады.
Әрине, бұл жағдай бір күндік емес, Жалаңашкөл стансасында жазғы маусымдағы пойыз қатынасы орнағаннан бергі күнделікті болып жатқан көрініс қой. Бірақ соған қарамастан «Қазақстан темір жолы» АҚ-тың тиісті мекемелерінің көзжұмбайлыққа салынып, тым-тырыс отырғаны ойландырмай қоймайды. Тым құрығанда аузы бекітіліп тұрған стансаның шағын ғана үйін жеделдетіп жөндеп, сол жерге қай вагонның қай жерге тоқтайтындығын білмей, сабылған халыққа жол сілтеп, жолаушылардың арыз-арманын тыңдап, жоғары жаққа жеткізетін бір-екі қызметкерді отырғызуға болады ғой.
«Қазақстан темір жолы» АҚ-тың тиісті мекемелері үнсіз жатқанымен жолаушылардың жанайқайы мемлекеттік органдарға жете бастаған секілді. Мәселен, біз пойызға мінгеннен кейін вагондарды аралап, халықтың талап-тілегін тыңдап жүрген Алматы облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлерін көрдік. Олар бізге Көлік прокуратурасының тапсырмасы бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жүргендерін, өйткені Жалаңашкөл және жол бойындағы басқа да стансалар бойынша перрондарда жолаушылар қауіпсіздігінің дұрыс сақталмай тұрғандығын айтты. Оларды көріп біз мінген вагонның ашуға булыққан жолаушылары бірден шулап қоя берді. Мәселен, Жезқазғанда тұратын Шахбан Жүнісова деген егде жастағы әйел өзінің пойызға перроны бар жерден мінбек болғандығын, бірақ ол жерден басқа вагонның жолсерігі өзін мінгізбегендігін, өз вагонына зорға жетіп оған мінбек болғанда вагон есігінің жақтауына қолының, тепкішегіне аяғының жетпей төмен қарай домалап кеткендігін, бір үлкен адамның әупірімдеп жүріп өзін мінгізгендігін айтты. Басқа жолаушылар да бастарынан өткен осындай оқиғаларын баяндап жатты. Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері осының бәрін жазып алды. Енді тиісті жеріне жеткізген де болар.
Сонымен біздің баяндаған бұл үш проблемамыз «КЕГОК», «Қазақтелеком», «Қазақстан темір жолы» секілді ұлттық компанияларымыздың қызметіне қатысты мәселелер. Қысқасы, туризмді дамытуға жергілікті билік әзір болғанымен, ұлттық компаниялар дайын болмай шықты.
Алдағы уақытта бұл мәселелер ескерілсе деген тілек бар.