Солтүстікқазақстандықтар да Арыс қаласында болған апатты жағдайға қабырғалары қайысып, алғашқылардың қатарында көмек қолдарын созуға асыққан болатын. Жер-жерлерде ұйымдастырылған қайырымдылық акцияларына жекелеген адамдар, кәсіпкерлер, зейнеткерлер қызу үн қосып, 100 тоннадан астам гуманитарлық жүк жіберді.
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жарылыстан зардап шеккен жұртшылыққа барып, қайырымдылық шаралары жалғасатынын мәлімдеген-ді. Іле-шала құрылысшылар Түркістан облысына аттанып, «Оңтүстік» шағын ауданын қалпына келтіруге белсене кірісті. Бұл аумақта 371 үй орналасса, 198-і зақымданған. Облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев жетекшілік еткен штаб құрамына құрылыс, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, төтенше жағдайлар, тағы басқа департаменттер мен басқармалардың өкілдері еніп, жергілікті жағдаймен жете танысқан соң тапсырмаларды дер кезінде әрі сапалы орындаудың іс-қимыл жоспарын түзді. Бұл бойынша жүктелген міндеттер толығымен атқарылды.
Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мұстафин келтірген мәліметтер бойынша қазынадан бөлінген және қайырымдылық қорынан жиналған қаражатқа үйлердің шатырлары жөнделіп, терезелер мен қасбеттер ауыстырылған. Көп балалы отбасылар мен аз қамтылған жандарға, мүгедектерге бірінші кезекте көмек көрсетілген. Бұдан бөлек қосымша 20 баспананы қалпына келтіру жұмыстарын өз міндеттеріне алып, оны да толығымен атқарып шыққан. Сөйтіп теріскейдің құрыш қолды құрылысшылары маңызды учаскелерде уақытпен санаспай еңбек етіп, тұрғындардың алғысына бөленді.
Қызылжар ауданына қарасты «Солнечный» сауықтыру лагерінде 48 арыстық бала бір ай бойы алаңсыз дем алып, үйлеріне сергек көңілмен оралды.
Солтүстік Қазақстан облысы