Бүгін Үкіметте өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамраев БАҚ өкілдеріне өзінің пікірінше ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев Nur Otan партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында алға қойған міндеттері қалай іске асырылуы тиіс екені жайында айтып берді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
«Бүгінде күн тәртібінде – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бүкіл қоғамның күшін біріктіру. Қысқаша айтқанда, біз бүкіл қоғам болып осы мәселемен айналысып, оның шешілу жолдарын іздеуіміз керек. Сыбайлас жемқорлықты жалақының аздығымен ақтау – бұл қылмыс»,- деп Парламент Мәжілісінің депутаты өзінің ұстанымын жеткізді.
Оның айтуынша, жыл сайын бюджетті бекіту кезінде Парламент білім беру жүйесіне елеулі қаржы бөледі. Парламент депутаты бұл қаражат тиімдірек жұмсалады деген сенімде.
«Мәселе санда емес, сапада. Әлеуметтік саясат ең алдымен экономикаға негізделген. Болашақ түлектерінің басым көпшілігі экономиканың нақты секторында жұмыс істейді. Олар өздерін мемлекеттік басқару жүйесінде ғана емес, сонымен бірге қоғамның рухани, материалдық құндылықтарын құру жүйесінде жүргендерін сезінуі керек»,- деді Бейбіт Мамраев.
Еске сала кетейік, 21 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Саяси кеңес отырысының күн тәртібіне үш мәселе қойылды: партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысы және съездер шешімдерінің орындалуы, партияны қайта жүктеудің негізгі бағыттары және саяси кеңес бюросының құрамына өзгерістер енгізу туралы.