Сәрсенбі, 30 қаңтар 2013 7:49
«Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз әрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек», деді Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында.
Бұл Жолдау ешкімді де бейжай қалдырған жоқ. Көкірегінде түйсігі, жүрегінде оты бар, елін, жерін сүйетін, балаларының болашағына, халқының бүгіні мен ертеңіне сергек қарайтын әрбір азаматтың кеудесіне мақтаныш сезімін септі, қоғам алдындағы жауапкершілігін жоғарылатты.
Сәрсенбі, 30 қаңтар 2013 7:49
«Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз әрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек», деді Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында.
Бұл Жолдау ешкімді де бейжай қалдырған жоқ. Көкірегінде түйсігі, жүрегінде оты бар, елін, жерін сүйетін, балаларының болашағына, халқының бүгіні мен ертеңіне сергек қарайтын әрбір азаматтың кеудесіне мақтаныш сезімін септі, қоғам алдындағы жауапкершілігін жоғарылатты.
Аты айтып тұрғандай, бұл Жолдау – қалыптасқан мемлекеттің болашақты болжауы және соған нық қадам басудың бағдары. Жолдау жарияланған уақыттан бері оның негізгі бағыттары, мақсаты мен мүддесі, ел жетістігі, мемлекеттің дамуына деген сенім әрбір қазақстандықтың көкейіне мықтап орнықты.
Біз қашанда барға тәубе деп, қол жеткенге шүкіршілік жасайтын ұлттың ұрпағымыз, қанша табысқа жетсек те мақтана бермейтін, мадақтаудың өзіне күдіктеніңкіреп қарайтын халықпыз. Сондықтан да айрықшалай айтатын жерде үндемей қаламыз, анық көріп тұрсақ та байқамағандай көз жұма саламыз.
Жақсылықты жария еткеніміз жағымпаздық сияқты, мақтағанымыз асыра дәріптеу сияқты көрініп тұрады.
Шындығына келгенде, біз – қазақстандықтар, мақтансақ мақтанатындай, шаттансақ шаттанатындай жағдайымыз бар екен. Тоқмейілсімей, тәубе деп жүріп-ақ жеткен жеңістер жетерлік, алған асуларымыз аз емес екен. Елбасы өзінің Жолдауында Тәуелсіздік жемістерін жіліктеп берді, бүге-шігесіне дейін ашып, жетемізге жеткізіп дәйектеді.
«Қазақстан-2030» Стратегиясы жария етілгенде де, Қазақстанның жаңа Астанасы салынатындығы айтылғанда да сенгендерден гөрі күдіктенгендер көп болды, тіпті сыртымыздан миығынан күлгендер де аз болған жоқ. Бірақ, уақыт барлығына да төреші екенін тағы байқатты. Арада 15 жыл өтпей жатып-ақ Қазақстан әлемдегі әлеуеті жоғары 50 мемлекеттің қатарына қосылды, Еуропаның алпауыт мемлекеттеріне төрелік айтты, Ислам қауымдастығына төрағалық етті.
Қазақ халқының айбарына, түркі әлемінің мақтанышына айналған жаңа Астана Еуразия кеңістігінің қақ ортасынан бой көтерді. Кезінде қытаймен, кәріспен, моңғолмен шатастырып жүрген әлем халықтары қазақ деген ұлт бар екенін, рухы биік халық екенін білді, таныды, тіпті мойындады. Қазақстан мемлекеті уақытында атын айтуға ауыз қорқатын алып мемлекеттермен терезесін тең етті. Осы уақытта біз «ағадан» ақыл сұрайтын күйден «алпауытқа» ақыл айтатын жағдайға жеттік.
Бұның бәрі айтқанға жеңіл, ойлағанға оңай. Ал осы жетістіктердің артында қаншама еңбек, төгілген тер, ұйқысыз түндер жатыр.
Президент бар жетістікті өз халқының, көп ұлтты қазақстандықтардың ерен еңбегімен, елдегі ынтымақ, татулық, бірлікпен байланыстырады. Бірақ біз қазақ халқының бүгінгі таңдағы жетістігін тікелей Елбасының ерен еңбегімен байланыстырамыз. Ол айдан анық. Тайға таңба басқандай белгілі. Әлем мойындаған шындық. Жеңістің егесі қашанда көп болады. Қазақстанның жетістігіне, Елбасының еңбегіне егелік еткісі келіп, сан-түрлі әңгіме айтатындар да, барды жоққа шығарғысы келетіндер де аз емес…
Бір-ақ нәрсені мысалға алайықшы. Қазақстан Республикасы мемлекет ретінде, өз тарихында тұңғыш рет, ТМД елдерінің арасында алғашқы болып өзінің 14 мың шақырым шекарасын халықаралық деңгейде заңдастырды. Олардың арасында 1,2 млрд.-тан астам халқы бар Қытай мен 140 млн.-нан астам тұрғыны бар Ресей сияқты алпауыт мемлекеттер бар. Кім болса да қазақ жеріне қызығатыны даусыз. Осы тұрғыдан алғанда бұл тарихи жеңіс емей немене?! Және де бұған біз тек қана Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың үлкен дипломатиялық қабілетінің, ерекше қасиетінің, көрші мемлекеттер президенттерімен арадағы адал достығы мен адами қарым-қатынасының, әлемдегі жоғары абырой-беделінің арқасында қол жеткіздік. Шекарамыздың заңдастырылуы, ол – етек-жеңіміздің қымталуы, ол – Тәуелсіздігіміздің негізі, болашағымыздың кепілі.
Қазақстандықтар жан-жағына жалтақтамай, болашақ өміріне алаңдамай еңбек ететін жағдайға жетті. Біз тапқан табысымызды да, жеткен жетістігімізді де ешкім тартып ала алмайтынына сенімдіміз. Қазақстанның мемлекет ретінде толық қалыптасқанына да, бар қиындықты жеңіп, аяғынан тік тұрғанына да, бүгініміз кешегіден, ертеңіміз бүгінімізден артық және жарқын болатынына да толық көз жеткіздік.
Бұдан асқан бақыт, бұған жетер қуаныш бар ма?!
Адам үшін көп нәрсенің керегі жоқ. Бала-шағаның амандығы, болашағына деген кепілдік, отбасына қажетті баспана және қиналмай күн көру үшін жұмыс пен табыс. Болып жатса, қажетіне пайдалану үшін автокөлік. Бүгінде қазақстандықтардың әр отбасында дерлік осының бәрі баршылық. Талай отбасында екі-үш автокөліктен. Істеймін деген адамға жұмыс көп, кәсіпкерлікке бар жағдай жасалынған. Бүгінгі таңда жалқаудың ғана жағдайы төмен. Ал мүгедектердің, зейнеткерлер мен көп балалы отбасылардың, ана мен баланың көптеген мұқтаждықтарын мемлекет өз мойнына алған.
Бүгінге дейін әлемдегі еңселі елдердің көпшілігі 2008-2009 жылдардағы қаржылық дағдарыстың қиындығынан әлі де шыға алмай келеді. Түрлі сала қызметкерлері жұмысын тоқтатып, көшеде жүр, жылдар бойы еңбек етіп келіп, жұмыссыз қалғандар қаншама? Экономикадағы дағдарыс адам тағдырын құбылдырып, тығырыққа тіреп жатқаны да рас. Әлемдік тоқырау тоқтаудың орнына үдеп барады, бір саладан екінші салаға ауысып, жұртшылықты дағдартқызып қойды. Көптеген елдер тұрғындарының жағдайы күрт төмендеді, жұмыссыздар саны көбейді.
Ал Қазақстан дағдарысқа қарсы ұтымды шара қабылдай білді. Елбасының ұсынысымен дағдарыстың өзін елдің тұрмыс-тіршілігін көтеруге, елді мекендердің әлеуетін арттыруға пайдаланды. Үкімет қабылдаған бағдарламалардың, «Жол картасының» арқасында бюджет қаржысы нақты мақсаттарға жұмсалды. Негізгі бағыт – халықты жұмыспен қамту болып белгіленді.
Біздің Оңтүстік Қазақстан облысында 900 елді мекен бар. Соған орай халық тығыз орналасқан әр ауылдың өзіне лайық проблемалары жетерлік. Бірақ ауыл тұрғыны үшін ең негізгі мәселе – ауыз су, жол, балаларының білім алуы және денсаулығын сақтау екендігі де рас.
Бүгінгі таңда Оңтүстіктегі елді мекендердің көпшілігінде осы проблемалар негізінен шешілді деп айтуға болады. «Жол картасының» және «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламаларының арқасында 266 мектеп, 118 медицина мекемелері жөндеуден өткізілді. Оған 55 мыңнан астам жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылды.
Білім, денсаулық сақтау салаларының материалдық базасы түбегейлі жақсарды. Ауылдарға жаңа су жүйелері, газ құбырлары тартылды, қаншама жол жөнделді. Бір сөзбен айтқанда, Оңтүстіктегі 900 елді мекеннің арасында ең болмағанда бір нысанға жөндеу жасалмаған немесе жаңа ғимарат салынбаған бір де бір елді мекен қалған жоқ.
Қарапайым адамдар үшін он рет насихат айтып, жүз рет лекция оқығаннан ауылында бір жолдың салынғаны бәрінен де ұтымды. Бүгінде Қазақстанның қуаттылығына, болашағының баяндылығына, Елбасы Жолдауларының шынайылығына, бар тіршіліктің халық қамы үшін жасалып жатқандығына елдің көзі толық жеткен.
Менің қолымда 1980 жылдың 25-26 желтоқсанында өткен Шымкент облыстық XXIV партия конференциясының хаттамасы тұр. Осы мақаланы жазу үшін сол кездегі экономика мен әлеуметтік саланың даму деңгейін зерттеу мақсатында облыстық мұрағаттан алғанмын.
Оныншы бесжылдық Кеңестер Одағы кезеңіндегі ең жоғары даму кезеңі болып есептелетін, Коммунистік партияның ықпалымен социалистік экономиканың әр тарапты дамуы да сол жылдары болды деп жазылып та, айтылып та жүр.
Сол бесжылдықта Шымкент облысында 51,5 мың орынға арналған мектептер (ол шамамен 100 мектеп) және 1900 төсек орынға ауруханалар (10 аурухана) салынған көрінеді. Бес жылда! Жасыратыны жоқ, бұл нысандардың барлығы да тек Мәскеудің рұқсатымен, талай шапқылау мен жалтақтаудың арқасында, мыңдаған дәлелдер арқылы жоспарланып салынатын. Ал тұрғындары тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысы үшін балаларды балабақшамен, мектеппен қамту, халықтың денсаулығын жақсарту, тұрғын үй мәселелері ең үлкен проблемалар болатын және соңғы жылдарға дейін болып та келген.
Тәуелсіздігіміздің арқасында өз қолымыз өз аузымызға жетті, жоғарыға жалтақтамай, өз мәселемізді өзіміз шешетін болдық. Мемлекетімізде бұл үшін бар мүмкіндік жасалған. Президентіміздің бастамасымен қабылданған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес өңірде 39 мектеп, 7 аурухана салынды. Тек соңғы бес жылда 165 жаңа мектеп және 190 аурухана мен емхана бой көтеріпті. Ол мектептердің, ауруханалар мен емханалардың көлемі бұрынғылармен салыстырғанда анағұрлым ауқымды екендігі айтпаса да түсінікті. Облыста үш ауысымды мектептердің, қауіпті жағдайдағы оқу орындарының проблемасы толық шешілген. Одан бөлек облыстық бюджет қаржысына 516 мектеп, 132 медицина мекемелері толық жөндеуден өтіп, 20,6 млрд. теңгеге екі салаға да жаңа құрал-жабдықтар алынды.
Соңғы бес жылда 233 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 50,0 млрд. теңге, 96 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге 13,7 млрд. теңге, 5700 км жол салу мен жөндеуге, 71 көпір салуға 74 млрд. теңге жұмсалды. Бұл – Кеңестер Одағы кезеңіндегі көрсеткіштерден 4-5 есе артық және өңір тарихында болмаған жағдай.
Облыс көлемінде ғасыр жобалары іске асырылып келеді. Олар – Бейнеу – Бозай – Ақбұлақ газ құбырының бітуімен болашақта 284 елді мекеннің, ондағы 900-ден астам отбасының көгілдір отынмен қамтамасыз етілуі, Көксарай су қоймасының салынуына байланысты тұрғындардың су апаты қаупінен құтылып, суармалы жерге ие болуы, 300 мыңнан астам тұрғыны бар Мақтаарал ауданына өту үшін Сырдария өзенінің үстінен ұзындығы 440 метр көпірдің салынуы дер едік. Облыс аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жол дәлізінің де өңір экономикасы мен әлеуетін көтеретініне ешқандай күмән жоқ.
Бұл – бір ғана облыста атқарылып жатқан жұмыс. Қазақстанның басқа өңірлерінде де қыруар тірліктер жасалып, тұрғындар соған куә болып және қызығын көріп жатқаны айдан анық.
Бұл – Қазақстан атты мемлекеттің толық қалыптасқандығының, экономикасы дамыған, әлеуеті талайға үлгі болған елге айналғандығының айқын белгісі.
Бұл – мемлекетіміз бен халқымыздың алдында нақты мақсаттар қоя біліп, соған жету үшін жасалған ерен еңбектің арқасы.
«Орынды мақсаттар ғана табысқа жеткізеді», – деді Елбасы өз Жолдауында.
Президентіміз «Қазақстан-2050» Стратегиясын жария ете отырып, тағы да ұланғайыр белестер белгілеп, ұлы істерге бастап отыр. Батыл қадамдарды талап ететін, ұзақ мерзімді қамтитын, әр асуы сараланған айқын бағдар жасалды. ХХІ ғасырда кездесуі мүмкін он сын-қатер қаупінен сүрінбей өту жолдарын талдай отырып, жеті тармақтан тұратын Қазақстанның жаңа саяси бағытын айқындап берді.
Біздің негізгі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізген жетістіктерді сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысатын мықты мемлекет құрып, әлемдегі ең дамыған 30 мемлекет қатарына қосылу екендігі Жолдауда ашық айтылғаны қалың бұқараға мәлім.
Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Алдымен – экономика, одан кейін – саясат» қағидасымен үйлесетін, қоғамды түгел қамтитын экономикалық прагматизмді ұсына отырып, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, әлеуетін арттыру қай кезеңде болса да бірінші кезекте тұратынын атап өтті және мемлекеттің әлеуметтік саясатының жаңа қағидаттарын сараптап-саралап, талдап берді. Ең маңыздысы – мемлекет азаматтарға ең төменгі әлеуметтік стандарт кепілдігін беруі тиіс екендігі, ал кедейшілік ешбір қазақстандық үшін әлеуметтік перспективаға айналмауы керек екендігін айтты.
Жолдауда әлеуметтік қолдаудың, өңірлерді дамытуда әлеуметтік теңгерімсіздік мәселелерін шешудің, жұмыспен қамтудың жаңа қағидалары анықталды.
Мемлекет болашағының негізі – ұлт денсаулығы, ана мен бала проблемаларының уақтылы шешілуі, құқықтарының қорғалуы, ұрпаққа заманауи білім беру екендігі нақты таразыланып айтылды.
Көпшіліктің көңілінен шыққан ең өзекті мәселелердің бірі – мемлекет көлеміндегі басқаруды орталықсыздандыру мәселесі. Бұл көптен бері шешімін таппай келе жатқан түйінді проблема-тұғын. Шынында да мемлекетіміздің негізі – өңірлер және сонда тұратын халық. Ал сол халықпен тікелей жұмыс істейтін жергілікті билік органдары. Олардың проблемаларын шешу, тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелеріне көмектесу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жастар тәрбиесі, Жолдауда айтылған ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен күресу де, тұрғындар денсаулығы, елді мекендерді көріктендіру, экологиялық проблемаларды шешу, тағы да басқа көптеген проблемалар өңірлердегі атқарушы билікке жүктелген.
Өкінішке қарай, осы міндеттерді мемлекеттік стандартқа сай және сол деңгейде атқаруға ол органдардың қаржылық және кадрлық ресурстары жетпей жатады. Өйткені, атқарушыдан бақылаушы, тексеруші, тергеуші көп. Республикалық министрліктер мен ведомстволардың облыстардағы органдарына негізінен қадағалау, инспекциялау функциялары жүктелген. Министрліктер мен агенттіктердің Оңтүстік Қазақстан облысындағы 35 департаментінде 3900 қызметкер жұмыс істейді және олардың барлығы бақылаушы. Ал тікелей өңірлердің проблемаларын шешетін жергілікті атқарушы органдардың барлығында 3488 мемлекеттік қызметкер бар. Ол қызметкерлердің саны да халық санына қарай бөлінбеген. 2,6 млн. тұрғыны бар өңірде де, 600 мың халқы бар өңірде де шамамен осынша қызметкер істейді.
Елбасының: «Біз басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізуіміз керек» дегенінің төркінінде де осындай мәселелер жатқан болуы керек.
Осы бағытта жергілікті әкімдерді сайлау, халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыру, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыру жөнінде нақты стратегиялық міндеттер жүктелді. Бұл міндеттер еліне адал қызмет етемін деген әрбір мемлекеттік қызметкерге, әрбір Қазақстан азаматына қатысты екендігі даусыз.
Президентіміз өз Жолдауында жаңа қазақстандық патриотизм қағидасын ұсынды. Қазақстан қазір көпұлтты сипаты бар, біртұтас ел екендігін, жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі екендігін нықтап айтты.
Қазақстанның бұған дейінгі жетістігі де, бұдан кейінгі алар асуы да, шығар биігі де елдегі ынтымақ пен татулыққа, бірлікке тікелей байланысты екені даусыз. Біздің мақтануымызға болады – қазақ халқы еш уақытта да, еш қашанда басқа ұлт өкілдерінің кеудесінен итеріп, көкірегінен тепкен емес. Қайта бауырына басып, барын бөліп беріп, жетпесе өз баласының аузынан алып талай ұлт өкілдерін паналатты, көмектесті, қатарға қосты. Осы күнге дейін талай қазақ қаншама азаматты ұлтына, нәсіліне қарамай дос, бауыр тұтады.
Өзгенің өзегінен тебу қазақтың қанында жоқ, салтына, дәстүріне, болмысына жат нәрсе. «Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды. Біз ел иесі ретінде биік болсақ, өзгелерге сыйлы боламыз», деп Елбасы тағы да шегелеп қойды.
Ел бірлігі – ең асыл қасиет екенін айта келе Елбасы соның ішінде қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті екендігін ашып айтты.
«Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес. Қазақ, әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген», деп атап өтті. Түсінген адамға бұдан артық сөз болмас. Соңғы кезде көрініп қалып отырған рушылдық пен жершілдік, қызметке кадрларды туыстық, жершілдік бойынша тарту сияқты келеңсіз жәйттер Елбасын алаңдатпай қоймайтындығы, ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айыратын өте қауіпті дерт екендігі ащы айтылды.
Жолдаудың осы бөлігін оқып отырып, мұнан бірнеше жыл бұрын Қытайдың Сиянь қаласында болған кезіміздегі бір жағдай есіме түсті. 2007 жылдың маусым айында Түркістан қаласының сол кездегі әкімі ретінде «Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар басшыларының халықаралық форумына» қатысқанбыз. Сиянь қаласында 18 млн. халық тұрады. Бағдарламаға сәйкес бізді сол қаланың шетінде орналасқан үлкен тарихи-этносаябаққа алып барды. Адам көп, соның ішінде адамдарды қағып-соғып, ролик теуіп бара жатқан шамамен 10-11 жасар балаларға көзіміз түсті. Біздің ыңғайсыз күй кешкенімізді сезді білем, қасымыздағы қытай жігіті: «Таң қалмаңыздар, бізде алты ата-ана бір баланың аузына қарап отыр. Эгоист ұрпақ өсіп келе жатыр ма деп өзіміз де қорқамыз», деді. Шынында да осы балалар 40-50 жылдан соң билікке келеді. Ол заман қандай боларын кім біледі?
«Ал қазақтың әрбір баласы он азаматқа татитын болуы керек», дегенді Президентіміз осыдан он жыл бұрын айтқан еді. Жолдауда алдағы елу жылда қалай дамуымыз керек, әр қазақстандыққа қандай талап қойылуы қажет, жастардың алдында қандай міндеттер тұр, мемлекеттік органдар мен ұлттық интеллигенцияның рөлі қалай болу керек? – деген сияқты маңызды сұрақтардың барлығына нақты және саналы түрде жауап берілгендігі көңілімізді толтырып, тоғайтты, сенімімізді нығайтты.
«Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз әрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек» деген Елбасының сөзінде тарихи шындық жатқанына тағы да бір көз жеткіздік.
Елбасы сөзі көп ойға жетелейді. «Қазақстан-2050» Стратегиясының жөні бөлек, жосығы ерек. Оны жүзеге асыру үшін бүкіл елдің жұмылуы, барша халықтың алға ұмтылуы айрықша маңызды екендігі 23 қаңтарда Ақордада өткен кеңейтілген кеңесте тағы да айшықты айтылды.
«Мәңгілік Ел» болу үшін ірі болуымыздың, ірі болу үшін бір болуымыздың маңыздылығын түсіне отырып, Қазақстанның тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың айналасына топтасып, аянбай еңбек ету бәріміздің негізгі міндетіміз болмақ. Қажет болса әрқайсымыз өзіміз-өзімізге, өз ұрпағымыз алдында серт беруіміз керек сияқты.
Мемлекеттік қызметкердің жолы қашанда жіңішке. Осыдан екі жыл бұрын жазылып, бірақ кім қалай ойлап қалар деп еш жерде жарияламай жүрген «Нұр Аға» деген өлеңімді осы жолы, осы жерде және осы орайда берген орынды сияқты болып көрінді.
________
Еге болып қалмасаңыз мұраға,
Ел назарын болашаққа бұра ма?
Еңсе түсіп, еңіреген кезінде,
Тәуелсіздік тәубе әкелді, Нұр Аға!
Асу тұрмақ арман болып қыр, Аға,
Тұрғанында туған елің жырада.
Өрге тартып биіктерге көтердің,
Мойындатып талай елді, Нұр Аға!
Асып-тасып пейілінен сыбаға,
Елің енді еңселі боп тұр, Аға.
Пысқырып та қарамайтын талаймен
Тереземіз тең болды ғой, Нұр Аға!
Ағылып тұр, төгіліп тұр жыр, Аға,
Бірлік болмай баста дәулет тұра ма?
Жеріміздің шекарасын түгендеп,
Баба арманын орындадың, Нұр Аға!
Еркіндігін байрақ етіп ел, Аға,
Әнге толды, дәнге толды Жер-Ана.
Өңі түгіл түсіне де кірмеген,
Қанша қазақ елін тапты Ер Аға.
Жүрегінде бұлқынатын тіл, Аға,
Тілден, көзден сақтасыншы, Нұр Аға.
Талай елдің азаматы шет жерде,
Жалданып та, қорланып та жүр, Аға.
Қай кезде де ақ, әділсің, Нұр Аға,
Биіктейді жұртың шыққан шың, Аға?
Кейбір арсыз «бауырларым» тойған соң,
Кесір мінез көрсетіп те жүр, Аға.
Ерім – Арыс, Жерім – Барыс – сыңармын,
Болашақты болмысыммен ұғармын.
Бабалардың қиялына кірмеген,
Еуропаның төріне де шығардың.
Тәуелсіздік нұрын шашып санаға,
Бақ дарыды ұланғайыр далама.
Ел үмітін арқалаған еңселім,
Алаш үшін аман болшы, Жан Аға!
Әли БЕКТАЕВ,
Оңтүстік Қазақстан облысы
әкімінің орынбасары.