Жасаған иеміз бізді есті жан етіп жаратқан соң айналамыздағы тіршілік атаулыға аялай қарағанымыз абзал. Төрткүл дүние төсін тел емген сан жетпес санасыз «жерлестеріміз» алдындағы сол жауапкершілікті сезінгендіктен болар, жер бетіндегі аң-құстар мен өсімдіктер әлемін сақтаудың амалдарын іздеп аласұрамыз.Тұқымы тұздай құрудың алдында тұрғандарын «қызыл кітапқа» кіргіземіз. Дұрыс. Қоршаған ортаны қорғау – саналының сауапты ісі. Асылында, арда табиғаттың тепе-теңдігін бұзбағанға не жетсін!
Ал енді ақылдан ақша озған мына заманда азып-тозуға айналған адами асыл қасиеттерді қалай қалпына келтіреміз? Жауабы жоқ сұмдық сұрақ. Бәлкім, аңқасы кепкен Аралдың арнасы әйтеуір бір толар. Қазақстанымыз қарыштап, аспан астын аузына қаратқан алып мемлекеттердің қатарына қосылар. Жанкүйерлерін жайраңдатуынан қайрандатуы көп «Қайрат» футболшылары Еуропаның чемпиондар лигасында топ жарар. Ғұлама ғалымдар ғасыр індеттерін емдейтін ерекше дәрілер шығарар. Алауыз ағайындарымыз жүзге, руға бөлінгендерін қояр. Бәрі де мүмкін.
Алайда адамдықтың аты арып, тоны тозса, бұл дерттің дауасы табылмайды. Жаһанды жауыздық билейді. Бес құрлықтың белін қайыстырған қалың жұрттың соры сонда қайнайды. Өйткені өлген адамгершілік қайта тірілмейді.
Адамгершілік азайған қоғамда әділеттің ақ туы ешқашан асқақтамайды. Джунгли заңы орнап тістілер мен күштілердің ғана айы оңынан туады. Жуан жұдырықты әкім-қаралар әлсіз әлеуметтің төбесінде әңгіртаяқ ойнатады. Жазықсыз жапа шеккендердің көз жасы көл болып ағады. Аттөбеліндей ауқаттылар бар байлықты бауырына басып, қайыршыланған қарапайым бұқара битін сығып, қанын жалайды. Бастық біткеннің бағыныштыларын басынуы белең алады. Жоғары жақтан әділдік сұрап ауыл мен астана арасында ақтабан шұбырынды болған шағымданушылардың шаңы шартарапты көмеді.
Жер-жерден жетіп жататын жантүршігерлік «жаңалықтарға» құлақ құрышымыздың қанғандығы сондай, қалыпты хабар-ошардай қабылдаймыз. Қатыгездік қаптап, мейірімділік жоғалып барады. Ежелден халқымыздың қанына сіңген қайырымдылықтың өзі қазіргі таңда жарнама үшін жасалатыны белгілі. Қалталы мырзалар азын-аулақ қаржы жұмсап жоқ-жітікке құдайы күлше таратса газетке жазып, теледидардан көрсетіп көкке көтереміз. Жақсылықты есеппен жасайтын «жаңа қазақтар» ақпарат құралдарына ақысын төлеп «Атымтай жомарттықтарын» жан-жақты насихаттатып, жарияға жар салуға әбден әдеттенген. Сөйтіп қайырларын шайыр қылып жібереді. Тіпті жарлы-жақыбайларды жарылқап тастағандай шіренгенде үзеңгі бауларын үзіп жібере жаздайды-ау, жазғандар.
Өмірлік құндылықтар өзгерді. Қазақтың рухани құбыласы Құнанбайдың Абайы айтқан белгілі бес дұшпанымыз – «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» алыстағаныңыз не, сенімді серігіміздей қыр соңымыздан қалар емес. Керісінше, бәріміз асық болуға тиіс «талап, еңбек, қанағат, рақым, терең ой» тәрізді асылдарды тот басты.
Артықтау кетсем айыпқа бұйырмассыздар, кейде біздің кейбір шенеуніктердің тұла бойы жаман әдет, жадағай қылықтарға тұнып тұрғандай көрінетіні бар. Еліне адал қызмет етіп жүрген абыройлы азаматтар аз емес, әрине. Бірақ солардың қайырлы қадамына қақпан құратын қара ниетті бақастары да жетіп артылады. Батыраш-Қотыраштардың қолдауымен тұлпардан тұғыр озса, ортақ ісіміз қайдан ілгері бассын. Бау-бақшада өскен табиғи таза өнімдерді дүкен сөрелерінен ығыстырып тастаған жылыжайдың жартылай жасанды жемістеріндей, жүндіқол көкелерінің көмегімен жайлы креслоларға жайғасқан «жас перілер» өздеріндегі қабілет кемдігіне, тәжірибе тапшылығына қарамай, қарамағындағы майталман мамандарды қырып жібере жаздайды. Шіркін, осылардың лауазымдық өсу жолындағы өлермендіктері талабы таудай болғанымен тауы шағыла беретін талантты тұлғалардың бойына бітсе ғой...
Ұлттық намысымыз ұйқыға кетсе, оянуы қиын. Намыссыз ұл Отаны түгіл отбасын қорғауға жарамайды.
Азаматтық ар-ұятымыз былғанса, ащы кірден арылуымыз неғайбыл. Бетсіз ұрпақ өссе елдің ертеңі бұлыңғыр тартпақ. Имансыздық иектесе жақыныңның жатқа айналуы оп-оңай. Ата-анасынан безген безбүйрек балалар, тар құрсағын кеңітіп тапқан сәбиін тағдыр тәлкегіне тастайтын көкек аналар көбейеді.
Ең сорақысы, адамдар бір-бірін, Отанын, туған жерін сүю қабілетінен айырылды. Бұл дегеніңіз рухани апаттың белгісі емей немене? Құдай-тағаланың екі аяқты, ет жүректі құлына сыйға тартқан саф таза сезімінен мүлдем адалансақ көктен шапағат нұрын шашқан күн сөнгендей бар әлемде қаратүнек орнайды. Арамдық, пәлеқорлық, жалақорлық, көреалмаушылық, тағысын тағы жамандықтар жайлаған орта кімге опа бермек?
...Кіршіксіз кісілік салтанат құратын керемет заман түбі бір туар...
Әй, қайдам...
Әйтсе де үмітті күндерден үміт үзбейікші! Ендеше Кісіліктің «қызыл кітабын» ашамыз ба, қайтеміз?