Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандардың тұсында мемлекет басқару ісіне белсене араласқан ірі тұлға, Абылай ханды жоңғарлардан тұтқыннан босатқан Қаздауысты Қазыбек би өмірінің соңғы жылдарын Баянауыл ауданындағы Жаңатілек елді мекеніне қарасты Сеңкібай деген жерде өткізгені мәлім. Сеңкібай Оразғұлұлы Бөгенбай батырдың бас батырларының бірі болған адам. Қаздауысты Қазыбек бидің аталас туысы. Сол жылдары Сеңкібай ауылымен іргелес Қарағайлы бұлақта Едіге би Төлебайұлы, Бәйтекеде Тайкелтір би Айдаболұлы тұрып аралас-құралас жүрді.
Қаздауысты Қазыбек би дүниеден өтер алдында осы Тайкелтір биге өсиет айтып, өзін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерлеуін тапсырады. Мезгіл қыс айы болғандықтан жол жүруге қалың қар кедергі жасап Қазыбек бидің мүрдесін ақ жауып арулап аманат айтып, қыс бойы сөре таста сақтап, көктем шыға Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерлепті.
Бала кезімде мені әкем марқұм Сеңкібайдағы Қазыбек бидің сөре тасын көрсетуге талай рет апарғаны есімде. Сөре тас бес бөліктен тұратын. Әсіресе, жерге айқыш-ұйқыш көлбеулете қадалған төрт қада тастың үстіне қойылған тас табыт ерекше еді. Шебердің қолынан қашалған тас табыттың ағаштан жонып шығарылғандай етіп аса ұқыпты жасалғаны таңдай қақтырарлықтай. Ит-құс бидің мүрдесіне зақым келтірмеуі үшін мүрдені жерден едәуір биікте сақтағандары көрініп тұр. Содан бері қаншама жылдар өтті десеңізші.
Кеңес өкіметінің тың жер мен тыңайған жерлерді игереміз деп әр республикадан Қазақстанға түрлі ұлт өкілін әкеліп төккендері күні кешегідей. Ұшы-қиыры көрінбейтін ұлан-ғайыр иен даламен қоса мұндағы тау-тасты да жоспарға қосқандарын қайтерсің. Сол жоспарды орындау үшін ауылдың іргесіне дейін жыртылып, мал жайылатын жайылымның өзі тарыла бастағаны есімізде. Нәтижесінде жер бетінен қаншама көне қорғандар, ескерткіштер жойылып кетті. Ескелдідегі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының зиратына халықты барғызбас үшін өкімет адамдары оны бұзғызып, жермен жексен еткізді. Осы тұста ауыл адамдары Сеңкібайдағы Қазыбек бидің сөре тасын аман сақтап қалу үшін жаңсақ ақпар таратып, ондағы тас табытты Алматыдан келген ғалымдар зерттеуге алып кетті деп тығып тастағандарын сезетінмін. Мен сол тас табытты 20 жыл бойы іздеп тау-тас, орман-тоғайды шарлаудан жалықпадым. Шынын айтқанда бұл жұмыс маяның ішінен ине іздегенмен бірдей еді. Әйтсе де үмітімді үзбей бастаған істі аяғына дейін жеткізуге тырысып бақтым. Құдайдың бір сәтті күні ойламаған жерден киелі тас табылды!
Сенер-сенбесімді білмей біраз есеңгіреп тұрып қалдым. Құдды Қазыбек би дүниеге қайта келгендей әсер жан дүниемді тебірентті. Бір кереметі бәлен ғасырлық тарихы бар тас табыттың сол баяғы мен көрген қалпында сақталғанына қайранмын!..
Мұхамет-Қайыр ШӘРІПОВ
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы