• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 27 Тамыз, 2019

МӘМС: жаңа жүйе денсаулық сақтау саласын оң бағытта дамыта ма?

732 рет
көрсетілді

Жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап емханалар мен ауруханалардағы қызмет көрсету бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданысқа енгізіледі. Бұл – талқылауға жатпайтын, иі қанған мемлекеттік мәселе. Бірақ, медицина ұйымдары мен тұрғындар арасындағы екіжақты әңгімеге арқау болған жұмыс барысында әлі де жетілдіретін тұстар баршылық. Осы және басқа да жайттар жайында Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақпен әңгімелескен едік.

- Бауыржан Ербозымұлы, бүгінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысының үшінші кезеңі өтіп жатыр екен. Бізге жеткен дерек бойынша, аймақ бұл жүйеге көшуге дайын сияқты. Бірақ, көкейде сұрақ көп, әрі біз міндетті сақтандыру жүйесіне қатысты бұған дейін бір рет қателік жіберілгенін әлі ұмытқан жоқпыз...

- Сіздің сұрағыңыздың астарында 1996 жылы тәжірибе ретінде енгізілген медициналық сақтандыруға қатысты алаңдаушылық тұрғаны анық. Менің өткен оқиғаға баға беруге құқым жоқ, бірақ, жаңа бастама енгізіліп жатқан тұста жауапты тұлға ретінде өткеннен сабақ алу керектігін мойындаймын. Ол кезеңде мемлекетімізде қазіргідей тәжірибе болған жоқ, мүмкін сондықтан да қателік болған шығар. Рас, ол жүйенің өзіндік ерекшелігі болғаны анық, тек медициналық сақтандыру тәсілі мен оны жүзеге асыратын тетіктер жұмыс істемеді. Мамандардың жауапсыздығы мен білігінің төмен болуы да жобаның іске аспауына әкелген болар. Құқықтық жағынан да реттелмеген тұстар болыпты. Ал қазіргі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізбес бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары мұндай тәуекелдің барлығын зерделеп, «жеті рет өлшеп, бір рет кескендей» жұмыс істеді. Жалпы, 1996 жылы енгізілуі тиіс сақтандыру жүйесінде қазіргідей адам денсаулығын сақтауға бағытталған нақты қадамнан көрі, қағазбастылықа негізделгені байқалады. Сондай-ақ, қаржыны жинақтау мен төлем желісі нақтыланбаған. Тіпті, бұл заң тұрғысынан айқындалмаған да. Мамандардың ойынша, бұл жердегі басты қателік, жинақтау жүйесіндегі ашықтықтың болмауы екен. Жеке адам мен мекемелердің ақша аударуы да бір ізге түспеген. Ол кезеңде адамдарда тұрақты жұмыс та жоқ-ты, тұрақты аударым жасалмағанына бұл да бір себеп еді. Денсаулық саласы өз бетінше, сақтандыру қоры өзінше жұмыс істеген. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылатын жаңа жүйеде мұндай қателікке жол берілмейді деп сеніммен айтуға болады.

- Жақсы, өткен – өтті. Алайда, дәл қазір медицина саласына міндетті сақтандыру енгізудің қажетілігі неден туындады? Конституция отандастарымызға тегін ем-дом алуға кепілдік береді. Әрі бұл жүйе денсаулық сақтау саласын монетизациялауға әкелмей ме?

- Бірден айтайын, МӘМС жүйесінің енуі – денсаулық сақтау саласының ақылы қызмет көрсетуге толықтай көшуі дегенді білдірмейді. Бұл жерде сіз айтып отырғандай монетизация туралы сөз жоқ. Мемлекет өз азаматтарының денсаулығынан пайда табуды көздемейді, керісінше адамға қолайлы медициналық қызмет көрсетуді жетілдіреді. Қазір ел ішінде осындай сұрақтар жиі қойылады. Біз өз тарапымыздан тұрғындарға нақты жауап беріп, түсінік жұмысын жүргізудеміз. 2016 жылдан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша медициналық қауымдастық арасында және жұмыс берушілер мен тұрғындарға да кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында МӘМС жүйесін түсіндіру мақсатында жалпы саны 1 107 300 тұрғынмен 4070 кездесу өткізілген. Ал облыстың медициналық мекемелерінде тиісті мамандар 10250 рет осы сақтандыру жүйесі туралы кеңес берді...

- Мақұл. Сонда МӘМС-ті енгізудің уақыты енді келді ме?

- Бейнелеп айтқанда, заман озған сайын «ауру да асқынып» келеді. Дәрігер болғандықтан біз күн сайын науқастардың бойындағы дертке төзімділіктің өзгергенін бақылап отырамыз. Яғни, қазір «бас ауырып, балтыр сыздағанға» бола ем іздейтін уақыт өткен. Экология, техногендік төңкеріс адамзаттың денсаулығына да оң, теріс әсерін тигізгені анық. Демек, денсаулық сақтау жолындағы күресте медицина да жаңарып, өсіп, қайта жабдықталып отыруы керек. Ол, әлбетте қаржыны қажет етеді. Осы уақытқа дейін отандастарымыздың денсаулығын сақтауға мемлекет қана жауапты болып келді. Қазір өмір үшін күрес тым қымбатқа түсуде. Дерек бойынша, елімізде тәулік бойы ем алудың құны 1,5 есеге, ал күндізгі станционар бойынша 2,5 есеге өскен. Неге? Өйткені, медицина саласына қатысты технологияның қызметі қымбат. Ескі әдіспен ем-дом алуға науқасты мәжбүрлей аламыз ба, жоқ. Ал қазір қолданысқа озық медициналық технологияның жемісі саналатын диагностиканың 450 түрлі әдісі пен құрылғысы еніп үлгерді. Мемлекет қаржысы медициналық қызметті реформалауға міндетті болғанымен, науқастың ем-дом алуына қажетті шығынды өтей алмайды. Адамдар сол себептен де ақылы қызметке жүгінуге мәжбүр. Соңғы 5 жылы ішінде адамдардың түрлі меншік түріндегі емханалар мен ауруханаларға жұмсаған қаржысы 680 млрд теңгені құрапты. Бұл – жеке адам жұмсауға тиісті шығынның 42 процентіне жетіп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы талабы бойынша мұндай шығын 20 проценттен аспауы тиіс. Демек, медицина саласына міндетті сақтандыру жүйесін енгізудің қажеттілігі де, тиімділігі де бар деген сөз.

- Мысалға, науқас үшін қандай тиімділігі бар?

- Бұған дейін Үкімет бекіткен тегін медициналық қызмет көрсетудің тізбесі бойынша тұрғындарға ем-дом жасалып келгені белгілі. Ал МӘМС осы тізбені толықтыра түседі. Яғни, қызмет көрсету 2 пакеттен тұрады. Біріншіден, бұрынғыдай алғашқы медициналық көмек, жедел жәрдем шақыру, санитарлық авиация көмегі, басқа да науқастың өмірін құтқаруға қажетті дәрігерлік көмектің барлығы тегін көрсетіле береді. Екіншіден, науқастың дертін анықтау мен толықтай емдеуге қажетті шығынды жабу ендігі жерде МӘМС жүйесі арқылы іске асырылды. Бұған маман дәрігердің кеңесінен бастап, дертті анықтау мен емдеуге қажетті шараның барлығы кіреді. Стационарлық ем алу түрі мен дәрі-дәрмек тізбесі ұлғаяды. Қажетті диагностикалық құрылғылар мен қондырғалар қызметі де қол жетімді болмақ. Яғни, қазіргі күні тұрғындар қосымша қаржы шығындап отырған медициналық қызметтердің барлығы міндетті сақтандыру жарнасы есебінен төленеді.

- Демек, емделушінің шығынын енді МӘМС жүйесі өтейді. Ал адамдар бұл қызметті алу үшін не істеуі керек?

- Азаматтар өз табысынан тиісті мөлшердегі соманы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының есебіне аудара алады. Жинақтау жүйесіне төлейтін жарна мөлшері сатылап өсетінін білесіздер. Мысалға, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті жарна табыстың 1 процентін құраса, 2018-2019 жыл аралығында 1,5 процентке өзгерді. Ал алдағы жылдан бастап жарна 2 процентке көбейіп, 2022 жылдан 3 процентті құрауы тиіс.

- Осы жерде заңды сұрақ туады: жұмыс беруші мен жұмысшы бұл мәселені жалақыдан ұстап, аудару арқылы шешті дейік, ал аймақтағы өзін-өзін жұмыспен қамтушылар мен жұмыссыздар қайтеді?

- Иә, жалақы төленетін қызметкер үшін міндетті сақтандыру жарнасын жұмыс беруші төлейді. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сай бірыңғай әлеуметтік төлем жасауы тиіс. Міндетті медициналық жарна осыған кіреді. Енді міндетті әлеуметтік төлемнен кімдер босатылады дегенге келейік: мемлекет қазір бірнеше әлеуметтік топты жіктеп, жарна төлеуден босатып отыр. Оларға балалар, жүкті әйелдер, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар, 3 жасқа дейін бала тәрбиесімен айналысушы ата-ана, мүгедектік тағайындалған жандар, мүгедекті күтіп,бағатын қамқоршы, соғыс ардагерлері, көп балалы аналар және тағы басқалар кіреді. Бұл топтағыларға тиісті медициналық қызмет тегін көрсетіледі.

- Бауыржан Ербозымұлы, МӘМС жүйесінің іске асуына санаулы ай қалды. Қазір түсіндіру жұмыстары аяқталуға жақын. Тұрғындар мен жұмыс берушілер тарапы әзір делік. Ал облыстың денсаулық сақтау саласы бұған түбегейлі дайын ба?

- Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі ел бойынша 2020 жылы толық қолданысқа енгізіледі. Ал 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында пилоттық жоба ретінде іске қосылмақ. Демек, біздің жүйе бойынша кем-кетікті жөндеуге, жетілдіруге уақытымыз бар. Ал өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің қызмет көрсету деңгейіне қатысты мәселе туындамауы керек, біз дайынбыз деп айта аламыз. Әрине, ауылдық жер бойынша кейбір техникалық мүмкіндіктерге байланысты жұмыстар сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландыруға кедергі келтіруі мүмкін, бірақ бұл шешілетін жағдай. Қазір жергілікті әкімдік пен «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры осы кемшілікті жою үшін бірлесіп жұмыс істеуде. Өңірлерде сақтандыру жүйесін ұйымдастыру бойынша арнайы штаб құрылған.

Әңгәмелескен Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы