• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Тамыз, 2019

2020–2024 жылдары жан басына шаққанда IЖӨ $14,3 мыңға дейін ұлғаяды

400 рет
көрсетілді

Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Р. Дәленов 2020–2024 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. 

Ұлттық экономика министрі атап өткендей, сыртқы параметрлердің өзгерістеріне байланысты Қазақстан экономикасының дамуының үш мүмкін болатын сценарийі қарастырылған. Болжам мен бюджеттік параметрлерді қалыптастыру негізіне базалық сценарий алынған. Ол мұнай бағасын $55 көлемінде шамалайды. Нақты IЖӨ өсімі 2020 жылы 4,1% деңгейінде болжалып отыр. 2024 жылы ол 4,7%-ға жетеді. 5 жылда IЖӨ өсімінің орташа жылдық қарқыны 4,4% құрайды.

«Экономиканың тұрақты әрі бірізді динамиканы жалпы қорлану, ішкі тұтынудың орташа өсімі мен экспорт есебінен қамтамасыз етілетін болады. Инвестициялар экономикалық өсімді қолдаудың маңызды факторына айналады», — деді Р. Дәленов.

Салалық бөлінісінде негізгі өсім шикізаттық емес секторға тиесілі болады. Бұлар — өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету және құрылыс саласы. Аталған салаларда орташа өсім 4,7% құрайды. IЖӨ өсіміне салымдар 3,5 п.т. құрайды. 

Мұнай өндіру көлемі 2020 жылы 90 млн тоннадан 2024 жылы 100 млн тоннаға дейін өседі. Бұл Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын кеңейту, сондай-ақ теңіз кен орындарын пайдалануға беру жобалары есебінен мүмкін болады. 

Номиналды жалпы ішкі өнім 2020 жылы 75 трлн теңгеден 2024 жылы 106 трлн теңгеге дейін өседі. 

Жан басына шаққандағы ЖІӨ 2020 жылы $10,5 мың құрайды, 2024 жылы $14,3 мыңға дейін ұлғаяды.

Экспорт орташа қарқынмен 2,9%-ға өсіп, 2024 жылы $63 млрд-қа жетеді. Орташа жылдық импорт өсімі 2,5% деңгейінде қалыптасып, 2024 жылы $37 млрд құрайды. 

2020-2021 жылдары жылдық инфляцияның мақсатты дәлізі 4-6% шегінде сақталған. 2022-2024 жылдары — 3-5%. Жұмыссыздық 2024 жылы 4,7%-ға дейін төмендейді. 

Макроэкономикалық болжам негізінде 2020-2022  жылдарға арналған бюджеттік параметрлер мен Ұлттық қор болжамы әзірленген.

«Трансферттерді ескерусіз республикалық бюджет кірістері болжам бойынша 2020 жылы 8 трлн теңгені, 2021 жылы – 8,6 трлн теңгені, 2022 жылы – 9,4 трлн теңгені құрайды», — деді Р. Дәленов.

2020 жылы бюджет тапшылығын ЖІӨ-ге шаққанда 2,1% деңгейінде анықтау ұсынылады, 2021 жылы ол біртіндеп  ЖІӨ-ге шаққанда 1,5%-ға дейін, 2022 жылы ЖІӨ-ге шаққанда 1%-ға дейін төмендейді. 

2020 жылы мұнай тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда 7%-ға дейін төмендейді ( 2019 жылы ЖІӨ-ге шаққанда 8,5%), 2022 жылы ол біртіндеп  ЖІӨ-ге шаққанда 5,1%-ға дейін төмендейді. 

Аталған параметрлерді ескерумен республикалық бюджет шығыстары 2020 жылы — 12,7 трлн теңге, 2021 жылы — 13,2 трлн теңге, 2022 жылы — 13,6 трлн теңге көлемінде болжалып отыр. 

Сонымен қатар бұл мәселе туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев баяндама жасады. Оның айтуынша, Ұлттық Банктің негізгі мақсаты — инфляцияны 2019–2021 жылдары 4-6% шегінде сақтау және кейіннен 2022–2024 жылдары 3-5%-ға дейін төмендету. Бағалау бойынша, инфляция болжамдық аралықта нысаналы дәлізде болады.

«Биылғы сәуірдегі болжамның бірінші кезеңімен салыстырғанда біз 2019 жылға арналған импорт серпінін қайта қарадық. Бұл 2018 жылғы номиналды ЖІӨ бойынша нақты деректерді 59,6 трлн теңгеден 61,8 трлн теңгеге дейін және тиісінше 2019 жылы – 67,7 трлн теңгеге дейін нақтылаумен, яғни 2,2 трлн теңгеге өсумен байланысты. Нәтижесінде тауарлар импорты сәуірдегі $34 млрд-қа бағалаумен салыстырғанда 2019 жылы $33,7 млрд-қа бағаланады», — деді Е. Досаев.

2019 жылы ағымдағы шот тапшылығы 2018 жылғы нөлдік сальдомен салыстырғанда ЖІӨ-ден 2,7% құрайды. 2020–2024 жылдары ағымдағы шот тапшылығы 2020 жылы ЖІӨ-ден 4,1%-дан 2023–2024 жылдары IЖӨ-ден 2,3%-ға дейін болжанады.

Баяндамалар жасалған соң ҚР Үкіметінің мүшелері 2020–2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын мақұлдады.