Жаңа оқу жылында Қарағанды мектептерінің барлық оқушылары бюджет есебінен оқулықтармен толықтай қамтамасыз етіледі. Тіпті, 1-сынып табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге оқулықпен қоса дәптерлер жиынтығы да тарту етілетін болады.
Осы мақсатқа бюджеттен 815 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда оқулықтардың 98 проценті мектептердің кітапханаларына жеткізілді.
Қарағанды қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Қожахметова 4-ші, 9-шы және 10-сынып оқушылары үшін биылғы жылы жаңартылған оқулықтардың толық жиынтығы сатып алынғанын жеткізді.
– Қалған сыныптар әлі үйреншікті бағдарлама бойынша жүріп жатыр, дегенмен олар үшін де оқулықтар сатып алынды. Бірінші сынып оқушыларына жұмыс дәптерлері жиынтығын таратып береміз. Басқа сынып оқушыларына оларды сатып алудың қажеті жоқ. Білім және ғылым министрі айтқандай, олардың толыққанды білім алуына қарапайым дәптерлердің өзі-ақ жетіп жатыр, – деп хабарлады ол.
Сондай-ақ, қалалық білім басшысы биылғы оқу жылында оқушыларға барлық оқулықтарды өзімен бірге алып жүру міндетті емес екенін атап өтті. Білім министрлігі «Жеңіл портфель» жобасын ұсынған: оқушыларға мектепте қағаз кітаптарын қалдыруға болады, ал үйде олар электронды кітаптарды пайдалана алады. Керек болған жағдайда виртуалды оқу құралдарын Білім және ғылым министрлігінің сайтынан жүктеп алуға болады.
Қарағанды облысы