Грекияда Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгрес өтіп жатыр. Осы шара барысында Алматыдағы Ұлттық кітапхана директоры, Қазақстандық кітапханалық одақтың төрайымы Бақытжамал Оспанова ИФЛА Бас хатшысы Джеральд Ляйтнер және Кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелердің халықаралық федерациясы (ИФЛА) президенті Глория Перес-Сальмеронмен кездесті.
Ежелгі өркениет орталықтарының бірі Афинада «Кітапханалар: өзгерістерге арналған диалог» дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресс әлемдік кітапхана қауымдастығы үшін маңызды оқиға. Конгреске жыл сайын 140-қа жуық кітапхана және ақпараттық ғылым саласындағы әртүрлі деңгейдегі 3500-ден астам маман қатысады. Кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелердің халықаралық федерациясының (ИФЛА) президенті Глория Перес-Сальмеронның айтуынша, кітапханалар қоғамдағы өзгерістердің қозғаушылары, ал Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конференция біз үшін жыл сайын бағытымызды жаңаша айқындауға жақсы мүмкіндік.
Халықаралық деңгейдегі ауқымды шара аясында Абай Құнанбайұлын әлемдік өркениет ауқымында таныстыру мақсатында «Ұлы даланың ұлы ақыны – Абай» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Арал аймағының экологиялық ортасын қайта жаңғырту жөніндегі кітапханалық еріктілер қызметі» туралы Ұлттық кітапханасы мамандары мен ерікті қазақстандық кітапханашылар бірге дайындаған көрнекі (стендтік) баяндама ағылшын тілінде Дүниежүзі кітапханашылары назарына ұсынылды. Бұл шараға Ұлттық кітапхананың Қорды қабылдап алу, бақылау және толықтыру қызметінің жетекшісі Қ.Изамбекова, Анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсету қызметінің жетекшісі – А.Рахимова және басқа да қызметкерлер қатысуда.
Әлемнің түпкір-түпкірінен келген кітапханашылар озық тәжірбиелер мен идеялар алмасып, мейлінше жоғары сапалы қызмет көрсету жолдарын анықтап, кітапханалардың алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылайды және сол арқылы қоғамға соны серпін қосады. Сонымен қатар аймақтық және халықаралық деңгейдегі кітапхана ісін жаңғырту, ақпараттық және инновациялық басқару саласындағы озық тәжірбиелерді көрсету, бөлісу мен зерттеуге мүмкіндік жасау, заман талабына сай жаңаша ойлауды қалыптастыру және кітапхананың жаңа бет-келбетін қалыптастыру мәселесі де қозғалмақ. Сондай-ақ, конгресс әлем кітапханашыларына 85-ші Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конференцияның стратегиясын бірлесе жүзеге асыру және бірыңғай кітапхана алаңын құру мүмкіндіктерін береді. Білім әлемінде кітапхана – идеяларды генерациялау алаңына айналуы тиіс.
АЛМАТЫ