• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Тамыз, 2019

Танымал блогерлер Қазақстанды таныстырды

2524 рет
көрсетілді

Елорданың Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстанды таны» атты халықаралық блогерлер форумы өтті.

Жастар жылы аясында «A kind heart» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған ауқымды іс-ша­раға Азаматтық бастамаларды қол­­дау орталығы мен Ақпарат жә­не қоғамдық даму министрлігі қол­дау көрсетті.

Үш кезеңнен тұратын аталған жобаның алғашқы кезеңінде «Мен Қазақстаннанмын» атты ви­део­блог конкурсы өтті. Бұған қатысушыларға туған қалалары мен ауылдары туралы видеоблог дайындап, ол мекенді туристерге тартымды етіп көрсету үшін белгілі орындары мен көрікті жерлерін ерекше таныстыруы шарт болды.

Екінші кезеңде Қазақстанның барлық аймақтарына халық­аралық блог-тур ұйымдас­ты­­рылды. Жоба аясында Ұлыбритания, Аустралия, АҚШ, Италия, Ресей, Таиланд, Үндістан, Грекия, Канада, Корея Республикасы, Түркия және Фи­липпин елдерінің танымал бло­герлері біздің елге табан тіреді. Олар қазақстандық блогерлермен бірге өңірлерге 5 күндік саяхат жасады. Осыдан кейін қатысушылар Қазақстан туралы бейне шолу әзірлеп, оны әлеуметтік желілердегі өз арналарында жариялады.

Ал соңғы кезеңде айтулы жо­баның қорытындысы ретінде елордада екі күнге жалғасқан форум салтанат құрды. Бұл іс-шараның ашылу салтанатында Ақпарат жә­­не қоғамдық даму министрі Дәу­рен Абаев жобаның мақсаты талантты жастардың қабілетін көрсету, медиа саласындағы ынты­мақтастықты арттыру, тәжірибе алмасу және туризмді дамытып, Қазақстанның шетелдегі бет-беде­рін қалыптастыру екенін айтты.

– Биыл Қазақстанда Елбасы­ның бастамасымен Жастар жылы деп жарияланған болатын. Осы жылдың аясында жастарды қол­дауға арналған сан алуан іс-ша­ра жүзеге асырылуда. Бүгінгі бас­қосу да осымен сабақтасып отыр. Сарыарқаның самалы жанға жылу беретін, Жетісудың тау­лары асқақ рух сыйлайтын, шығысы шырайлы, батысы айбынды, солтүстігі көрікті, оңтүстігі өрікті елге табаны тиген əр адам қанаттанып тұрады. Құс болып ұшқысы келеді, жүйрік атқа мініп, шапқысы келеді. Ондай әсерге сіздер де бөлендіңіздер деп ойлаймын. Көшпенділер өрке­ниетінің темірқазығы саналатын Қазақ елінің құшағы қонақтарға əрдайым ашық. Əрбір мекені ғана емес, əрбір тасының өзі терең тарихтан сыр шертетін табиғаты таңғажайып, Ұлы даланың төсі сіздерді сұлулығымен баурап алды деп мен сенемін, – деді Дәурен Абаев.

Форум барысында жан-жақты мағлұмат беретін «Тревел блогинг», «YouTube-блогер профилін дамыту», «Бизнес-блогинг», «In­sta­gram-блогер профилін дамыту», «Qazaq Instagram» ат­ты шеберлік сабақтары өтіп, қызы­ғушылық танытып келген жастар блогингтің біраз қыр-сырына қа­нықты. Әсіресе тісқаққан блогерлер Instagram мен YouTube-та сапалы контент жасаудың, өз брен­дін қалыптастырудың жолын түсіндірді.

Қазақстанның көрікті жер­лерін аралап шыққан танымал блогерлер форумда диалог ала­ңын құрып, алған әсерлерімен бөлісті. Солардың бірі Forbes-тың нұсқасы бойынша әлемдегі ең танымал үздік үштікке кіретін саяхатшы-блогер Мурад Османн осындай тамаша жо­баның ортасынан табылғанына, жаңа достармен танысқанына қуанышты екенін және бұл елге бірнеше рет келсе де, таңданудан танбайтынын жеткізді.

Сондай-ақ АҚШ-тан келген сая­­хатшы, режиссер, әлеуметтік же­лілерде FunForLouis атымен танымал, YouTube-тағы арнасында әлем елдеріне жасаған сапарларын тұрақты түрде жариялап тұратын Луи Джон Коулл да Қазақстанға құрметі ерекше екенін, бұл сапарда танымы кеңейгенін айтып, оң пікірін білдірді.

Форумның екінші күнінде «Мен Қазақстаннанмын» атты видеоблогерлер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Конкурсқа қатысуға 1000-ға жуық өтінім түсіп, 200-ден аса жұмыс қабылданды. Финалға 15 видеоблогер өтті. Қаты­су­шылардың жобаларын Әлішер Елікбаев, Біржан Әшім, Луи Коулл және Мурад Османн сияқты елі­міздің және шетелдердің атақты блогерлері қарап, жеңімпаздарды анықтады.

Сонымен Алакөлді айрықша таныстырған Дидар Мұратов «мың­нан тұлпар» шығып, 1 миллион теңгені еншіледі. Ал 500 мың теңгелік екінші орынды Ақ Бауыр петроглифтері туралы видеосымен Дмитрий Москаленко жеңіп алды. Үздік үштікке ілінген Алдияр Байрақымов Көк Жайлауды ерекшелеп көрсетіп, 200 мың теңге иеленді. Сондай-ақ «Авиата» ком­паниясының арнайы номинациясы Алматы туралы блогымен Жасұлан Бақытжановқа және «Sevens» ауызсуының сыйлығы Ассы жайлауын әспеттеген Аида Тастеміроваға тапсырылды.