• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Медицина 28 Тамыз, 2019

Денсаулық саласына салынған қаржы көлемі өсті

307 рет
көрсетілді

Елімізде денсаулық сақтау саласына салынған негізгі қаржы көлемі былтырдан бері 13 пайызға өскен. Алайда, бұл мөлшер негізгі капиталға салынған жалпы инвестицияның 1 пайызына да жетпейді, дәрілек айтсақ 0,9 пайыз ғана. Бірақ былтырғы жеті аймен салыстырғанда биыл денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтерге салынған инвестиция көлемінде өсім бар.

Еnergyprom сайтының мә­ліметтеріне қарағанда, был­тырғы жеті айда денсаулық сақтау мен әлеуметтік қыз­меттер саласына салынған инвестиция көлемі 50,6 млрд тең­­гені құраған. Биылғы инвестиция 57 млрд теңгеге же­тіп, өсім мөлшері 12,7 па­йыз болды. Салаға инвестиция са­лудағы өсім соңғы үш жыл бо­йы жалғасып келе жатқанын ескерсек, бұл көрсеткіш жыл соңына дейін әлі де өсуі мүмкін. Дегенмен, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтер саласына салынған инвестиция көзінің республикалық бюджет екенін де ескеру қажет. Биылғы қаңтар-шілде айларында республикалық бюджеттен аталған салаларға 21,8 млрд теңге аударылды. Былтыр бұл көрсеткіш 10,9 млрд теңге болатын. Ал жергілікті бюджеттен бұл салаларға инвестиция салу азайып, 11,9 млрд теңгені құраған. 2018 жылдың жеті айында жергілікті бюджеттерден 17,2 млрд теңге инвестиция салынған еді. Биыл бұл мөлшер 30,9 пайызға төмендеп кетті. Бірақ аталған салалардағы бизнестің жеке қаржысында өсім байқалған. Сөйтіп жылдық өсім 1,6 пайызға жетіп, қаржы мөлшері 20,9 млрд теңге болды. Ал бұл салаларға банктер берген несиелер мен заем қа­ражатының көлемі көп емес. Несие көлемі 1,4 млрд болса, заемдар мөлшері – 1 млрд теңге.

Өңірлер тұрғысынан қа­растырсақ, биылғы 7 айда елі­міздің 10 аймағында аталған салаларға инвестиция тартудың өскен байқалды. Шығыс Қа­зақстан облысында бұл көр­сеткіш 3,1, Жамбыл облысында 2,5 және Нұр-Сұлтан қаласында 2,4 есе артты. Қаржы көлемі тұрғысынан да жеті айда 13,2 млрд теңге инвестиция салған Шығыс өңірі топ бастап тұр. Одан кейін 8,6 млрд теңге салған Алматы қаласы мен 6,7 млрд теңге құйған Алматы облысы алдыңғы үштіктің құрамына кіреді. Бір атап өтер жайт, осы үш өңірдің салаға құйған инвес­тиция көлемі жалпы соманың 50 пайызын құрайды.