Қазақстан Жазушылар одағының, Президент Әкімшілігі, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 2019 жылдың 4-6 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында Азия елдері қаламгерлерінің І форумы өтеді.
Әлемдік аренадағы саяси, рухани һәм мәдени жаһандану тұсында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған форум Азия елдері арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту мақсатын діттеп отыр. Жиын барысында жаһандық мәселелердің қаламгер шығармашылығында көрініс табуы және жаңа заман адамы образының көркем шығармада бейнеленуі, классикалық мұраларының әлемдік әдебиеттегі рөлі сынды әдеби мәселелер ортаға салынбақ. Азиялық әдебиетке кейіннен еніп жатқан постмодернистік бағыт, Шығыс философиясының кең өріс алуы, батыстық өркениеттің үлгілері – азиялық әдеби үдерісті жандандырып отыр. Онымен қоса, Азия елдерінің әдебиетін жақындастыратын көркем тіл болғандықтан, көркем аударма саласы бойынша халықаралық байланыстардың қарқынды дамуын жүйелеу керектігі жайлы ортақ бітім де алдағы форумда талқыланбақ.
Қазір азиялық әдебиетте жаһандық интеграциялық үрдістер кеңінен қамтылып, жалпыадамзаттық көркем мазмұнды тақырыптар көбеюде. Қалыптасқан түрлі әдеби форма мен жазушылық стиль заманауи әдебиеттің қарқынды дамуына сөзсіз үлес қосады. Сондай-ақ Азия елдері ақын-жазушыларының тілі, ділі, ұлттық менталитеті, көзқарасы әртүрлі болғанымен, әдебиеттің әлімсақтан бергі көздеген мақсаты да, қаузаған тақырыбы да біреу: ол – адам тағдыры мен адамгершілік мұрат. Құрлықтағы 44 елден келетін азиялық 100-ге жуық ақын-жазушы мен қазақ қаламгерлері бас қосатын алдағы форум әлемдік әдебиетте «Азия әдебиеті» ұғымының қалыптасуына сеп болатынына сенеміз.