Сейсенбі, 19 ақпан 2013 7:23
23 ақпан қалай Кеңес армиясының күні аталды?
Кеңес дәуірінде кеңінен аталып өтетін «Кеңес армиясының күні» мерекесі де келіп қалды. Қандай шараны да «кеңестік өмір салтын» насихаттауға ұтымды қолдана білген кеңестік идеологтар бұл күнді де отандық патриотизмді лаулатуға шебер пайдаланатын. Әскери бөлімдер түгілі мектептер мен барлық оқу орындарындағы шараларда кеңес әскерінің керемет ерліктері, отан ісі жолындағы жанкешті әрекеттері кеңінен насихатталып, аяғы патриоттық әндер мен халықтың рухын көтеретін жырлар, қойылымдар, пьесалармен аяқталатын. Сол күні барлық БАҚ-тарда Кеңес армиясының атына айтылатын мадақтар, ол туралы түсірілген кинолар мен спектакльдер жиі көрсетілетін.
Сейсенбі, 19 ақпан 2013 7:23
23 ақпан қалай Кеңес армиясының күні аталды?
Кеңес дәуірінде кеңінен аталып өтетін «Кеңес армиясының күні» мерекесі де келіп қалды. Қандай шараны да «кеңестік өмір салтын» насихаттауға ұтымды қолдана білген кеңестік идеологтар бұл күнді де отандық патриотизмді лаулатуға шебер пайдаланатын. Әскери бөлімдер түгілі мектептер мен барлық оқу орындарындағы шараларда кеңес әскерінің керемет ерліктері, отан ісі жолындағы жанкешті әрекеттері кеңінен насихатталып, аяғы патриоттық әндер мен халықтың рухын көтеретін жырлар, қойылымдар, пьесалармен аяқталатын. Сол күні барлық БАҚ-тарда Кеңес армиясының атына айтылатын мадақтар, ол туралы түсірілген кинолар мен спектакльдер жиі көрсетілетін. Осындай дүмпудің әсерімен Кеңес армиясы қатарында қызмет еткен жандар да бұл күнді атаусыз жібермеуге тырысып, әртүрлі жолдармен мерекелеп жататын…
Дұрыс… Енді оның бәрі тарихтың еншісіне кетті. Тәуелсіз еліміз бұл күнді мереке деп санамайды. Өйткені, біздің Ұлттық армиямыздың құрылған күні – 7 мамыр. Ол – Отан қорғаушылар күні деп аталады. Отан қорғаушы қай жағынан алып қарасаңыз да қасиетті ұғым, ол біреудің табағына қол салмайды, күш көрсетпейді, тек өз Отанын қорғайды. Былтырдан бері ол Мемлекеттік мерекелер қатарына енгізілді.Бірақ, бізде 23 ақпанды әлі де мерекелегісі келіп, құлшынып жүретіндер жоқ емес. «Кеңес армиясы қатарында қызмет еткеніміз рас қой, ендеше, бұл күнді атап өтуге қақымыз бар», дейді ондайлар. Сондай отандастарымызға ой салар ма екен деген мақсатпен қолымызға қалам алдық.Қазіргі орыс қоғамындағы біршама еркін, шыншыл сөйлейтін БАҚ-тардың бірі – «Совершенно секретно» (СС) атты зиялы қауым сүйіп оқитын және тек дарынды, жақсы мамандар мақала жазатын газет. Сол газет ақпан айындағы нөмірінде 23 ақпан туралы «Праздник героев и бандитов» деген мақала жариялады. (Авторы А.Владимиров, №2, ақпан 2013 ж., 36-бет.). Міне, осы мақалада Қызыл армияның қалай құрылғанының ақиқаты біршама ақтарылыпты. Алдымен, жұмысшы-шаруа қызыл армиясын (орысшасы РККА) құру туралы декрет 1918 жылғы 23 ақпанда емес, 28 қаңтарда шыққаны айтылады. Демек, Қызыл армияның күні осы десе, ол шындыққа жанасады.Еріктілерден тұратын Қызыл армияның қатарына жазылғандар туралы: «Записывались солдаты, развращенные войной, не пожелавшие вернуться к мирному труду, а решившие и дальше жить на казенном содержании. А также деклассированные, уголовные элементы, рассчитавшие на то, что положение «человека с ружьем», возможность легально заниматься «грабежом награбленного» вполне обеспечит их материальные потребности», делінген мақалада.Осы орайда Алаш ардақтыларының бірі Ахмет Байтұрсыновтың қолындағы мылтығымен тек бейбіт халықты талауды, атуды ғана білген «большевик дегендерден» шошынғанын еске аласың. «Россияның орталық аудандарында большевиктер қозғалысының қалай өткендігі қазақтарға белгісіз, ал шет аймақтарда ол барлық жерде зорлау, қиянат жасау және ерекше диктаторлы өкімет билігімен қатар жүргізілді. Егер де бұрын «патша чиновниктері» деп аталған адамдар тобы қазақтарды ешбір шектеусіз езіп-жаншыған болса, енді мұндай әрекеттерді… большевик-коммунистердің әскері жүргізіп отыр», деп жазды Ахаң («Жизнь национальностей» журналы, 1919 жыл). Міне, бұл істерді Қызыл армияға жазылған жаңағы ұры-қарылар, бандиттер жүргізген еді. Сол кездегі Қызыл армия басшыларының бірі Григорий Сокольников дегеннің өзі әскерді: «Героизм отдельных лиц и бандитизм основных масс», деп сипаттаған.Енді Қызыл армияның құрылған күні 1918 жылдың 23 ақпаны деп аталу себебіне келейік. Ол кезде Бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп, Ресей немістер мен австриялықтарға қарсы арпалысып жатқан. Орыс армиясының елдегі төңкеріске байланысты рухы төмендеп, әлсірегенін көрген немістер шабуылды үдетіп, Петроградты алуға шақ қалады. Осы кезде жанұшырған большевиктер «Социалистическое отечество в опасности!» деген декрет-үндеу жариялап, Қызыл армия қатарына жұмысшылар арасынан еріктілерді шақырады. Большевиктердің үгітімен 23 ақпанда әскер қатарына көптеген жұмысшылар келеді. Бірақ, жағдай мүлде теріс бағыт алып, әскери дайындықтары төмен еріктілер сол күні Минскіден, 25 ақпанда Псковтан айырылады. Ал Нарваны қорғауға жіберілген Балтық флотының матростары тас-талқан болып жеңіліп, естері шыға қашады. Сол үшін олардың басшысы П.Дыбенко деген большевик орнынан алынады.Немістердің үдеткен шабуылын тек Ресейдің жеңілгенін мойындаған «Брест бітімі» ғана тоқтатқаны белгілі. Еске сала кетейік, бұл бітім бойынша Кеңестік Ресей Украина, Эстония, Финляндия елдеріне қожалық етуден, Қара теңіздегі флотынан, Балтық теңізіне шығу құқынан айырылады. Бұл Ресей патшалығының 56 млн. тұрғыны бар (барлық халқының үштен бірі) 780 мың шаршы шақырым жері еді.«Таким образом, 23 февраля 1918 года в действительности было днем позорного бегства Красной Армии и восстановления смертной казни» деп жазылған «СС-тағы» аталмыш мақалада. Ендеше, осы күнді Қызыл армияның құрылған күні деп дәріптейтін не жөні бар? Сөйтсе, 1919 жылғы 23 ақпан «Қызыл сыйлықтардың күні» деп жарияланған екен. Оның мәнісі былай. Осы күні РККА-ның басшысы Троцкийдің орынбасары Э.Склянский деген бір қу Қызыл армияға көмек үшін буржуйлардың байлығын тартып алып, бөліп беру керек деген бастама көтеріп және оны іске асырады. Шын мәнінде ауқатты адамдарды тонау осы кезден басталған. Ешқандай заңсыз, низамсыз қарақшылық жолмен бай адамдардан тартып алынған қымбат дүниелерді, асыл заттарды қызыл комиссарлар, армия қатарына жазылған ұры-қарылар өзара бөлісіп алып, әскерге тек көнетоз киімдерді жібереді. Сөйтіп, 23 ақпан екінші рет Қызыл әскер үшін ұятты оқиғаның күні болады.1920 жылдың ақпан айында Шығыс майданында біршама жеңістерге қол жеткізген Қызыл армияны дәріптейтін үлкен насихаттық шаралар, соның ішінде бұқаралық митингтер ұйымдастыру қажет болған. Бұл уақытта 28 қаңтар өтіп кеткеннен кейін шаралар амалсыз, былтырғы 23 ақпанда болған «қызыл сыйлықтар күніне» үйлестіріледі. Сөйтіп, осы кезден «Қызыл армия үшін» деген сылтаумен большевиктердің алғашқы қарақшылық жасаған күні кейін тұрақты түрде Кеңес армиясының күні аталады. Содан соң оны ресми насихат 1918 жылғы 18 ақпанға алмастыра салады. Сөйтіп, ұятты күннің өзі үлкен насихат үшін пайдаға асып жүре берген.КСРО-ның сыпыра жалғандықтан тұратын тарихи шежіресі кейін бұл күнді мың құбылтып, әспеттеудің шарықтау шегіне жеткізді. Соның ішінде Сталин өзінің 1938 жылы жазылған «Краткий курс ВКП (б)» атты еңбегінде ұялмай- қызармай: «23 февраля 1918 года под Нарвой и Псковым отряды Красной Армии наголову разбили немецких захватчиков» деп тас-талқан болып жеңілген шайқасты жеңіс деп жариялайды. Жердегі жарты құдай тарихты қалай бұрмаласа да өз еркі емес пе, оған кім қарсы сөз айтсын. Жұрттың бәрі «иә, солай болған» деп қол соғуды ғана білген.Міне, 23 ақпанның осындай тарихы бар. Ол ешқашан да Қызыл армияның құрылған күні болған емес, тек большевиктік насихат үшін қолдан жасалған жалған тарихтың жасанды мерекесі. Жалпы, Қызыл армияның тарихына көз жүгіртетін болсақ, оның өне-бойында осындай қолдан жасалған дақпырттар өте көп. Мәселен, алысқа бармай, соның бірін ғана айта кетелік.Маршал С.Буденный Сталиннің сенімді әскер басшыларының бірі екені белгілі. Патша армиясында вахмистр болған ол Қызыл армияның атты әскерін құруға біршама еңбек сіңіріп, бір жылдың ішінде полк командирінің көмекшісінен армия қолбасшысына дейін өсіп, көсемнің қолдауымен маршал атағын алды. Большевиктік насихат оны керемет дәріптеп, атағын аспанға шығарды. Сол маршал Ұлы Отан соғысы жылдарында өзінің ешқандай әскербасылық қабілеті жоқ екенін бірден көрсетті. 1941 мен 1942 жылдар арасында Сталин оны Оңтүстік-Батыс, Резервтік және Солтүстік Кавказ майдандарының қолбасшылығына тағайындағанымен, ешқандай әскери білімі, қолбасшылық дарыны жоқ ол барлық жерде де әскерді қырғынға ұшыратты. Мұндай басқа қолбасшыларды бірден атып тастайтын Сталин оған ешқандай жұмыс бермесе де енді ұлттық батырдың символы ретінде оны музей экспонаты секілді қылып, жанынан тастамай, өзімен бірге алып жүрді. Сөйтіп, Ұлы Отан соғысын «жеңіспен» аяқтаған маршалдардың бірін 1946 жылы Ауыл шаруашылығы министрінің жылқы мәселесі жөніндегі орынбасары етіп отырғызып қойды.Сталиннен кейін өкімет басына келген Хрущев атақты маршалдың төсінде Кеңес Одағы Батыры атағының «Алтын Жұлдызы» жарқырамағанынан «ұялып», 1958 жылы 75 жасқа келген оған осы атақты беріп тынды. Бес жылдан кейін 80-ге толғанда екінші «Алтын Жұлдызды» да тақты. 85-ке толған жасында өкімет басындағы Брежнев оның кеудесіне үшінші «Алтын Жұлдызды» тақты. 90-ға толған шағында төртінші «Алтын Жұлдызды» да бермек болған екен, бірақ бұл жолы «ұят болар» деген болуы керек, Ленин орденімен шектелді. Міне, бұл кеңестік насихат үшін өкіметтің неден болса да тайынбай, жалған дақпырттың неше атасын қолдан жасағандығын көрсететін мысалдың бірі ғана. Ал сол кездерде ерен ерлігімен батыр атағын алуға тиісті ерлердің есімі ұмыт қала бергені белгілі. Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов батыр атағына әбден лайық болғанымен, соны дер кезінде ала алмады. Міне, Кеңес армиясы мен ондағы шындықтың бір парасы осындай. Сондықтан, оны атап өткенді хош көретіндер осындай деректерді де біле жүрсе, еш артықтық етпейді.
Жақсыбай САМРАТ,«Егемен Қазақстан».