Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысына дайындық жұмыстарын пысықтау жөнінде жиын өтті.
Аталған басқосуға Президент Әкімшілігінің басшысы, Ұлттық кеңес төрағасының орынбасары Қырымбек Көшербаев жетекшілік етті. Алдағы жұмыс барысын ұйымдастыру турасындағы жиынға Кеңес мүшелері түгел қатысты.
Отырыс кезінде Ұлттық кеңестің қызметі мен бағыт-бағдары кеңінен талқыланып, Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін алғашқы жиынға дайындық пысықталды. Сондай-ақ қордаланған мәселелерді жүйелі түрде қарастыру үшін арнаулы жұмыс топтары құрылды. Ол үшін жиын барысында Кеңес мүшелері жұмыс топтарының қандай тақырыптар бойынша жіктелуі керек екені туралы пікірлерін ортаға салды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 17 шілдедегі №63 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы ережеге сәйкес Ұлттық кеңес мүшелеріне куәліктер тапсырылды.
Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысын 2019 жылдың 6 қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласында өткізу жоспарланды.