• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Тамыз, 2019

Оралда белсенді жастар тәжірибе алмасты

357 рет
көрсетілді

Орал қаласында Қазақстанның батыс өңірлерінен және Нұр-Сұлтан қаласынан келген белсенді жастар екі күн бойы кездесіп, тәжірибе алмасты.

Шара «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» мемлекеттік грантымен ұйымдастырылған. «Жастар ұйымдарының тәжірибе алмасу және нетворкинг жобасы» атты басқосуға «Болашақ» қауымдастығы бастамашы болыпты. Бұл жиынға батысқазақстандық жастар серкелерінен бөлек, Атырау, Ақтөбе және Ақтау қалаларынан келген 18 бен 29 жас аралығындағы 200-дей жас қатысты. Іс-шараны Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев құттықтау сөз сөйлеп ашты.

- Бұл кездесу маған ұнады. Еркін форматта, мастер класс түрінде өтіп жатыр. Жастар шай ішіп, жақын танысып, ақпарат алмасуда. Әр өңірдің өз ерекшеліктері бар ғой. Мысалы, Ақтөбеде «Жасыл ел» жасағы Оралдағыдай үш ай емес, жыл бойы жүргізіледі екен. Әріптестерімнен көп жаңалықты естіп біліп жатырмыз. Мен бұл жиынға «Атамекен» ҰКП жанындағы «Жас кәсіпкер» деген жобаның атынан қатыстым. Бұйырса, өз кәсібімді бастаймын, ателье ашқалы жатырмын. Мұндай жиындардың біз секілді жастардың кәсіби өсуіне, тәжірибе жинауына көмегі көп, - дейді оралдық Динара Есеналина.

«Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінованың айтуынша, жастар басқосуында талқыланған түрлі жобалар таяуда бір кітапқа жинақталып, жыл аяғына дейін бүкіл Қазақстанға, жастарға таратылмақ.

Іс-шараға «Bolashaq» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова, «Bolashaq» корпоративтік қорынының директоры Салтанат Тұманбаева, GR-кенесшісі Нұрлан Өтешев, «Арнау» даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, байланыс маманы, блогер Ұлан Әбішев, кәсіпкер, Орал қаласындағы студенттер Альянсының вице-көшбасшысы Мержан Әбілқас және басқалары қатысты.

Жастар қызыға талқылаған идеяның бірі – оралдық бір топ жастар ұйымдастырған заң көмегі әлеуметтік желісі. Бұл желіге заң кеңесін қажетсінген кез келген адам онлайн хабарласа алады. Жобажетекшісі Әлішер Қуанышалиевтің айтуынша, құрылғанына жарты жылдай болған желі Startup Bolashak жоба байқауының финалына шыққан.

Нетворкинг және жастар ұйымдарының тәжірибе алмасу жобасының мақсаты – іс-шараларды ұйымдастыруда, мемлекеттік органдармен жұмыс жасауда тиімді ақпарат пен тәжірибе алмасу үшін аймақтардағы ҮЕҰ жастарына қолдау көрсету ісі ө мақсатына жетті деуге болады. Шара аясында «Жастар ҮЕҰ-ның тұрақты дамуы мен тиімділігін арттыру» атты шеберлік сабағы, «ҮЕҰ + бизнес = жастарға арналған мүмкіндіктер» атты аймақтық конференция, «Жастар саясатының өзекті трендтері» атты тренинг, «Жастарға арналған әлеуметтік жобаларды іске асыру» атты семинар ұйымдастырылды. Жастар БҚО бойынша «Келешек» жастар кеңесінің төрайымы Әлфия Жақсығалиева мен Орал қаласындағы студенттер альянсының вице-көшбасшысы Самат Рақымғали жетекшілік еткен көпшілік шараларға белсене қатысты.

 

Батыс Қазақстан