• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Тамыз, 2019

Оралда инвестиция тарту тренингі өтті

154 рет
көрсетілді

Үшінші мәрте өтіп отырған аймақтық семинар жұмысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, «Kazakh Invest» ҰК АҚ төрағасының орынбасары Біржан Қанешев, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Атырау облыстарының өңірлік өкілдері, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. 

- Инвестиция тарту – мемлекеттік органдар жұмысындағы негізгі бағыттың бірі. Әрбір инвестицияның артында жаңа технология, халықтың табысы, жұмысшылардың біліктілігін арттыру, өндірістің сапасын кеңейту және жақсарту, жаңа жұмыс орындарын құру тұрады. Бірақ көбінесе әлеуетті инвестор нарықтық жағдай, салық, кеден және басқа да заңнама, жер телімдерін беру тәртібі, мемлекеттік қолдау шаралары және бизнестің дамуын анықтайтын басқа да факторлар туралы шынайы және толық ақпаратты білмей, кедергілерге тап болады, – дейді шараның ашылу салтанатына арнайы келген Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев. Өңір басшысының айтуынша, бүгінгі таңда бұл қателіктерді түзетуге барлық мүмкіндік бар.

Тренинг Қазақстанның батыс өңіріндегі төрт облыстың мемлекеттік органдары мен даму институттарының өңіраралық өзара іс-қимылы, «жалғыз терезе» қағидаты бойынша инвестициялық қызметті ұйымдастыру мен қолдауды жақсарту мақсатында ұйымдастырылған.

Қазақстан Үкіметі барлық аймақтағы инвесторларға қолдау және көмек көрсету жөніндегі арнайы қаулы шығарды. Бұл туралы хабарлаған «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары Біржан Қанешев әр облыс орталығында фронт-кеңселер ашылатынын айтты. Ол кеңселер «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларға анықтамалық ақпараттан бастап инвестициялық жобаны толық сүйемелдеуге дейін барлық қажетті қызметтерді көрсететін болады.

– Бізде фронт офис «Смарт Орал» технопаркі базасында ашылмақ. Бұл тұрғыда біз одан әрі қадам басып келеміз, онда ол әлемнің кез келген нүктесімен, телефон немесе интернет арқылы байланыса алатын инвесторға қажетті ұйымдастыру техникасы болады. Онда инвестор жұмыс істей алатын әрі қолайлы демалыс аймағына айналады, - дейді БҚО бойынша «Kazakh Invest» компаниясының өңірлік директоры Нұрлан Қайыршин.

 

Батыс Қазақстан