Еліміздегі Конституциялық Кеңес «Негізгі Заң апталығы» жобасын бастап кетті. Апталықтың мақсаты – еліміздің Негізгі Заңына деген халықтың назарын аудару, жалпы, халықтың конституциялық мәдениетін арттыру.
Осы апталық жоба барысында өңірдегі Әділет департаменті Nur Otan партиясының жергілікті қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындарды қабылдау күнін өткізді.
– Апталық жоба, яғни «Негізгі Заң апталығы» өтетіні жайлы естідім. Бұл апталық қарапайым халықтың күнделікті тірлік барысында заң орындарына, құқық саласының мамандарына жеткізе алмай жүрген сауалдарының жауабын алуға мүмкіндік беруде, – дейді Хабиба Мөлдекова.
– Тыйым салынған есепшотты шешуге байланысты сұрағым бар еді. Заңгерлер бәрін де нақты түсіндіріп берді. Негізі, Заң апталығы айында бір рет болса да тұрғындарға қажет, – дейді Ақылбек Бекішов. Департамент мамандарының айтуынша, апталық барысында 20-дан астам тұрғын нақты, түсінікті, құқықтық көмек алды. Бұл құқықтық көмектер зияткерлік меншік нысандарын тіркеу, жылжымайтын мүлікті тіркеу, заң бойынша мұраны қабылдау, неке қию, тууды және өлімді тіркеу, несие алу арқылы алаяқтық әрекеттер жасау, алимент төлеу және басқа да мәселелер қабылдау барысында түсіндірілді. Облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Шынар Табылованың айтуынша, апталық алдағы 28, 29 күндері де жалғасады. Департаментте Ашық есік күні тұрғындарды қабылдау жүргізіледі.
– Жалпы, алимент мәселесі бойынша сұрақтар көп түседі. Алименттен жалтарғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оны төлейтін адамдарға мойнындағы қарызын өтеуге міндетті екенін түсіндіреміз, – дейді.
Сонымен қатар Әділет департаменті қызметкерлері Адвокаттар алқасымен, облыстың Нотариаттық палатасымен, жеке Сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірлесіп қолданыстағы заңнамалар бойынша сотталғандарға кеңес беру мақсатында АП 162/2 түзеу мекемесінде де болды.
Кездесу барысында сотталғандарға олардың жазасын өтеу кезіндегі құқықтары, жаза мерзімі аяқталғаннан кейін оларды жұмысқа орналастыру тәртібі түсіндірілді.
Сотталғандармен жеке әңгіме жүргізілді, оларға рақымшылық жасау туралы заңнама, қамаудағылардың еңбек құқықтарына қатысты құқықтары мен міндеттері түсіндірілді.
Сотталғандар Азаматтық хал актілерін тіркеу, сот шешімдерін қайта қарау және шағым жасау, сотталғандардың режімін ауыстыру, алимент төлеу мәселелері бойынша да білікті заңгерлер көмегін алды.
– Бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан адамдардың құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін арттыру мақсатында осындай іс-шараларды өткізу, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру тиімді әлеуметтік бейімделуіне ықпал етпек, – дейді заңгерлер.
Павлодар облысы