Бүгінде Жамбыл облысында жалпы жер қоры 14 млн 426,4 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 65 пайызы, яғни, 9 млн 406 мың гектар жер жайылымдық болып саналады. Алайда бүгінде көптеген елдімекен үшін жайылымдар басты мәселеге айналып отыр.
Жалпы, жайылымдарды пайдалануда тиісті талаптар қаншалықты сақталуда және бірқатар аймақта мал басына шаққанда жайылымдық жерлер тапшылығының туындауына не себеп деген сауалдың туатыны орынды. Шынында да бұл мәселе шаруалардың да көкейкесті мәселесіне айналды. Сондықтан да жайылымдарды пайдалануды реттеу күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Бахтияр Көпбосынов жалпы жайылымдық жерлерге жүргізілген талдау қорытындысына сәйкес, еліміздің «Жайылымдар туралы» Заңының талаптары мен нормаларының орындалмай отырғанын айтты. Басқарма басшысының айтуынша, бекітілген жайылымдар жүктемесі нормаларының сақталмауы салдарынан елдімекендер маңындағы жайылымдық жерлердің тозу үрдісі мен мал басына шаққандағы жетіспеушілігі туындаған. Бүгінгі таңда өңір тұрғындарының ауласындағы мал басына қажет жайылым көлемі 3 млн 600 мыңнан астам гектарды құрап отыр екен. «Әрбір елдімекен бойынша шаруашылықтардың барлық санаттарындағы мал басының есебі алынып, жайылымдық жерлерді нақтылау жүргізілді. Әр ауылдық округ бойынша жалпы пайдаланымдағы жайылымдық жерлердің пайдалануға беріліп кеткен бөлігінің және елдімекендер аумағына жақын орналасқан жайылымдардың иелерін анықтау жұмыстары жүргізілді. Талдау нәтижесі бойынша Байзақ, Жуалы, Қордай және Меркі аудандарының 19 ауылдық округінде жалпы пайдаланымдағы 1,044 мың гектар жайылымның 35 жер пайдаланушыға беріліп кеткендігі анықталды», дейді Б.Көпбосынов.
Сонымен қатар жер кадастрындағы мәліметтерге сәйкес, аталған аумақта 92 мың гектар жайылымдық жерлер бекітіліп, 364 жер пайдаланушылар тізімі жасалыпты. Енді осы жерлерді жер пайдаланушылармен келісе отырып, ауылдық әкімдіктерге бекітіп беру арқылы 57 ауылдық округ бойынша жайылымдарға деген сұранысты қанағаттандыруға болады екен. Мәселен, ағымдағы жылы Жуалы ауданында көрсетілген аумаққа кіретін 120 гектар жайылымның 100 гектары мемлекетке қайтарылған. Зерделеу нәтижесінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, шаруа қожалықтары және өзіндік қосалқы шаруашылықтар бойынша тіркелген мал басының есебі де нақтыланған. Сондай-ақ Шу ауданының Жиделі, Шоқпар, Еспе, Құлақшын, Алайғыр елдімекендері бойынша жапсарлас жерлер есебінен және Бірлік, Ескі Шу, Қорағаты, Шоқпар ауылдық округтеріне шалғайдағы мал жайылымдары есебінен 13900 гектар жайылымдарды қосымша бөліп беру жұмыстары да жүргізілуде. Бұл өз кезегінде малдарды жазғы жайлауға шығару арқылы елдімекендер маңындағы жайылымдарды тозудан сақтайды. Әзірге өңірдегі бірді-екілі аудандарда болмаса, бұл тәжірибе барлық ауданда қолданысқа енбеген.
Жалпы, Жамбыл облысы мал шаруашылығына қолайлы өңір болғандықтан, мал басын арттыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте жайылымдық жерлерге деген сұраныстың жылдағыдан артып келе жатқанын байқауға болады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеевтің айтуынша, өңірде мал басы жыл санап артып келеді. Мәселен, мүйізді ірі қара 440 425 басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 29079 басқа өскен. Сонымен қатар жылқы саны 14 1904 басқа өсіп, былтырғымен салыстырғанда 10296 басқа артқан. Ал қой мен ешкі 33 23121 басқа өсіп, 124457 басқа дейін көбейген. Дей тұрғанмен, облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметінше, 1992 жылмен салыстырғанда биылғы қой-ешкі саны 4,238 мың және түйе 2,1 мың басқа кеміген. Яғни, облыста тіркелген мал басы 1992 жылғы деңгейге жетпеген. Алайда өңірде бірде-бір бас мал асырамаса да, өз иеліктерінде айтарлықтай көлемде жайылымдық жерлерді ұстап отырған агроқұрылымдар бар болып шықты. «Талдау нәтижесі облыс аудандарында иелігінде жайылымдық жерлері бар 5574 агроқұрылымдардың бірде-бір бас мал ұстамайтындығын көрсетті. Осының салдарынан елдімекендер маңындағы жайылымдарға жүктеме артып, бұл жерлер деградацияға ұшырауда», дейді Б.Көпбосынов. Мал асырамаса да иеліктеріне көп жерлерді алып алған агроқұрылымдарда барлығы 1 млн 700 мың гектардан астам жайылымдық алқап тіркелген. Бұл деректер аталған басқарманың мониторингілеу жұмыстарының нәтижесінде анықталған.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласын өркендету мақсатында жайылымды арттырудың және оны тиімді пайдаланудың маңызы зор. Бірақ өңірде мал басы мен иелігіндегі жайылымның аумағы сай келмейтін шаруа қожалықтары көп. Кезінде есебін тауып талай жерді еңсеріп қалғандар енді өзгенің малын өз аумағына жолатпайды. Бұл – бір. Екіншіден, пайдаланусыз жатқан бос жердің жайы да өзекті мәселенің бірі. Бүгінде Жамбыл облысында 1 млн 926 мың 256 гектар бос жер бар екен. Ал басқа мемлекет пайдаланып жатқан жер көлемі 2 млн 489 мың 300 гектарды құрайды. Оның ішінде Ресей мемлекеті Сарысу және Мойынқұм аудандарына екі полигон салып, пайдалануда. Қазіргі кезде жер қатынастары басқармасының тарапынан аталған жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі таңда пайдаланусыз жатқан жайылымдық жерлерді қолданыстағы заңнама аясында мемлекет меншігіне қайтарудың және қайта іске қосудың маңызы артып тұр. Бұл ретте облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдегі барлық елдімекендер аумағындағы жайылымдық жерлерді нормаға сәйкес қайта есептеу мен саралаудан өткізу керегін айтып, тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берген болатын. Сонымен қатар жайылымдық жерлерді күтіп ұстау мен жерді жалға алушылардың міндеттемелері бойынша талдау жүргізу де басты назарда болуы керек. Бұл мәселеде ұйымдастыру және түсіндірме жұмыстарының да жөні бөлек.
Жамбыл облысы