• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Тамыз, 2019

Бастауыш – білімнің іргетасы

1762 рет
көрсетілді

Болашақ сапалы білімнің іргетасы бастауыш сыныпта қаланады. Біз бастауыш сыныптағы білім сапасына мән беріп жүрміз бе?

Орал қаласында Ж.Досмұхамедұлы атындағы жоғары педагогикалық кол­леджінде бастауыш сынып мұғалімдерін дайындайтын оқу орын­дарының білім беру мазмұнын жаңғырту бойынша тұңғыш экс­пери­менттік жоба басталды. «Назар­баев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы (NIS) мен Ба­тыс Қазақстан облысы әкімдігі ара­сында қол қойылған әріптестік туралы меморандум аясындағы жо­баның мақсаты – болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби даярлығы деңгейін көтеру. Жоғары педагогикалық колледжге отандық және шетелдік озық тәжірибе – Назарбаев зияткерлік мектептері, сондай-ақ Финляндия, Англия және АҚШ білім жүйесі негізінде жасақ­талған «Бастауыш білім» мамандығы бойынша эксперименталды бағдар­ламаны енгізу жоспарлануда.

Салтанатты шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова, Орал жоғары педагогикалық колледжінің директоры Светлана Бахишева, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, «Kazdidac» қауымдастығының бас­қар­ма төрағасы Валерий Лебедев, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ білім беру бағдарламалары ор­талығының директоры Жанар Әб­діл­дина, халықаралық танымал сарап­шылар – Лондон университеттік колледжі­нің докторы Питер Мехисто мен Португалия Авейру университеті профессоры Джоана де Брито қатысты.

Мұғалім – көшбасшы

Сарапшылар бүгінгі жас ұрпақтың өмірі олардың ата-аналарының өміріне қарағанда әлдеқайда күрделі болады деп отыр. Соған сәйкес білім беру жүйесінің де алдына қойылған міндет қиындап келеді. Біз оқушының бойына білім мен дүниетанымның шексіз екенін сіңіруіміз керек. Мектеп – тек білім беретін орын емес, жас баланы әлеуметке қалыптастыратын орта, балаларды қарым-қатынасқа, әріптестікке үйрететін кешен. Мектептің міндеті – оқу­шының санасына қоршаған ор­таның, әлемнің тұтас көрінісін қалып­­тас­тыру. Мұғалім – уақытты үнем­ді пай­­далана білетін, міндетті дұрыс ба­ғам­дайтын, мәселені шешудің тура жолын тез табатын, қоғамға қыз­мет ете­тін және жауапкершілік арқа­лай ала­­тын көшбасшы болуы тиіс. Мек­теп­­ке жоғары кәсіби білікті маман керек, – деді «Назарбаев зияткерлік мектеп­тері» ДББҰ басқарма төрайымы К.Шәмшидинова.

Мағжан Жұмабаевтың «Мектептің тірегі де, жүрегі де – ұстаз» деген сөзін еске алған Күләш Ноғатайқызы Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне алғыс айтты. Өйткені, Ж.Досмұхамедұлы атындағы жоғары педагогикалық колледж аясында тәжірибелік жобаны бас­тау туралы ұсыныс әкімдіктен түсіпті.

– Біз әкімдіктің тәжірибе туралы ұсынысын толық қолдадық. Осы замандағы білім саласының мәні мен маңызын ұғынған облыс әкімдігіне ризамыз. Біз бүгінгі ұрпақты қалай тәрбиелесек, Қазақстанның болашағы сондай болады. Осы жоба аясында жалпы білім беретін және кәсіби білім пәндері бойынша 108 оқу бағ­дар­ламасынан тұратын кешенді жүйені толық жасап шықтық. 90 бағдарлама мұғалімдердің білімін жетілдіру бо­йынша дайындалды. Біз «Kazdidac» қауымдастығына оқушылардың ғылыми-зерттеу қабілетін шыңдауға үйрететін кабинет жабдықтарын жасап шыққаны үшін ризашылық білдіреміз. Сондай-ақ «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы «Бастауыш мектеп мұғалімінің кітапханасы» сериясы үшін ағылшын тілінен әлемдік бестселлер қос кітапты тәржімалап әкеліп отыр, – деді К.Шәмшидинова.

NIS дербес білім беру ұйымы мамандары жоба аясында кол­ледж­ге қазақ және орыс тіл­дерінде методикалық кітап­хана: оқу­лық­тар, ұсынбалар, мето­дикалық әдістемелер, барлық пәндер бойынша қысқа мерзімді жос­парын бермек. Жыл бойы осы бағдар­ла­маны бірге өткізетін НЗМ мен колледж тәжірибенің жақ­сы жағы мен олқы тұстарын талқы­лап, толықтырып, түзе­тіп отырады. Соңынан бұл тәжіри­бе еліміздің педа­го­гикалық колледж­дері­не таратылады.

Әкім – қолдаушы

Өңірдегі мектептің 60%-ы – шағын комплектілі мектептер. Бастауыш және негізгі білім беретін бұл білім ордаларының сапасы көңілден шығып тұр деуге болмайды. Облыстың жаңа басшысы барлық жетістіктің бастауы – білім саласына баса назар аударып отырғаны байқалады.

Қазіргі таңда еліміздің білім беру саласы әлемдік кеңістіктен өз орнын айқындады. Жаңартылған білім беруге сай инновациялық үдерістер жүргізіліп жатыр. Бүгін де үлкен жаңалыққа қадам жасағалы отырмыз. Республикада алғаш рет Оралдағы педагогикалық колледжде бастауыш білім беру мамандығы бойынша эксперименттік жоба басталады. Күні кеше өткен республикалық тамыз кеңесінде Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық және кәсіптік білім беруді еңбек нарығына сәйкес модернизациялау ту­ралы атап айтты» – деген облыс басшысы Президенттің колледждерді тек материалдық-техникалық дамыту ғана емес, ресурстарды үнемдеу, білім мазмұнын жаңарту, дуалды оқыту қажеттігін тапсырғанын айтты. «НЗМ мектептерінің озық үлгісін елге кеңінен тарату туралы Тұңғыш Президент – Елбасы да өз Жолдауында айтқан болатын. Педколледж мектептерді кадрмен қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарып отыр. Мұнда бастауыш және негізгі мектеп мұғалімдері даярланады. Өңірдегі мұғалімдердің төрттен бірі – осы педколледж түлектері. Бастауыш мектеп білімі – жалпы білім саласының өте маңызды бөлігі. Бастауышта ал­ған білім одан кейінгі алатын білім­нің іргетасы, базасы. Адамның тұлға­лық қасиеті дәл осы кезеңде қалып­тасатыны әлемдік ғылымда дәлел­денген. Сондықтан бастауыш білім беретін педагог баланы хат тану мен санауға үйретіп қана қоймауы керек. Қазіргі мектептер заманауи әдіс-тәсілді меңгерген педагогқа мұқтаж. Бала әлемді танып, өсіп, дамуы тиіс. Әкімдікпен арадағы әріптестік туралы меморандум нәтижесінде НЗМ мамандары дайындаған жаңа білім бағдарламасы жаңа форматтағы пе­дагогтарды әзірлеуге мүмкіндік бере­ді. Осы тұста ең маңызды нәрсе, бағ­дарламаны дайындауға шетелдік үздік тәжірибе кеңінен пайдаланылды. Жаңа бағдарлама арқылы педагогтарды жаңаша әрі заманауи даярлау жүйесін колледжімізге енгізу осы саланың дамуына тың серпіліс, оң өзгеріс әкеледі – деді облыс әкімі Ғ.Есқалиев.

Көмекші құрал – көмескі құрал емес

Бастауыш сынып мұғалімдерін дайындайтын оқу орындарының білім беру мазмұнын модернизациялау жобасына «Kazdidac» оқу жабдықтарын өндірушілер мен жеткізушілер қауым­дас­тығы да ерекше дайындалыпты. Көрмеде цифрлы сенсорлар, ин­терак­тив­ті панельдер, шағын лаборатория­лар, роботтехника жиынтығы бар бастауыш сынып оқу кабинетінің толық кешені қойылған.

– Бұл көмекші құралдар оқушылар­ды нақты ғылымдарға икемдейді. Қа­зір­гі заманның шындығы солай: күн өткен сайын бізге күнделікті қажет білім көлемі көбейе береді. Оны азайту мүмкін емес. Мұндай жағдайда қажетті білімді игерудің жалғыз жолы – методика мен технологияға байланысты. Сондықтан да «Kazdidac» ұсынып отыр­ған оқу жабдықтары, біз жасаған методика мен технология қабылдауды жеңілдетеді. Бала көлемді материалды тез қабылдайды. Мысалы, мына микроскопқа қараңыз: бұл микроскоп затты 300 есеге дейін үлкейтеді. Әрі бір аудиториядағы жалғыз құрал экран арқылы тақтадан көрсете алады. Осы арқылы бастауыш сынып оқушысы жанды табиғат бөлімі бойынша та­би­ғаттың тірі екенін, молекулалық немесе жасушалық деңгейде тірі еке­нін көреді. Экран ашылады, суретке түсіреді, сақтап алуға болады. Бұл микроскоппен жұмыс істеу, әсіресе жаратылыстану бағытындағы мектептерге керек, – дейді К.Шәмшидинова.

Өңір басшысы Ғали Есқалиев биыл аудан орталықтарының бәріне сапалы интернет жеткізілетінін, сондықтан Орал қаласында білім саласында қол­данылып жатқан инновациялық жа­ңалықтарды шалғайдағы мектептерде де көрсету мүмкіндігі туғанын айтты.

Шынында «Kazdidac» қауымдасты­ғы ұсынған көмекші құралдар бас­тауыш сынып оқушысы түгілі, ересек адамның өзін қызықтыратындай. Сапалы пішін, қызыл-жасыл көрікті ди­зайн көз тартып тұр. Мұндай жаб­дық­­пен қамтылған сынып бөлмесі оқу­­шыны мектепке шақырып тұрары анық.

Оралдағы жиынның тағы бір жаңа­лы­ғы –  «Ұлттық аударма бюросы» қо­ғам­дық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы таныстырған қос кітап болды. Бастауыш сынып мұ­ға­лімін даярлау туралы қазақ тіліне ауда­рылған жаңа кітап көпшілікке таныстырылды.

Қазақстанда жасақталған Bilim-lend электронды оқыту платформасы бар. Бұл қазір еліміздегі 7 мың мектепте, Ресей Федерациясының 1 мың мектебінде, биылдан бастап Өзбекстан мектептерінде қолданылып жатқан Орталық Азиядағы ең үлкен және ілгері оқыту платформасы. Бұл жүйені алдағы бір жылға сіздерге де ашып, оқытушылар мен мұғалімдерге арналған тренингті өз есебімізден жасап беруге дайынбыз, – деген Р.Кенжеханұлының сөзін оралдық оқытушылар қуана қабыл алды.

Р.Кенжеханұлының айтуынша, «Жаңа гуманитарлық білім. Қа­зақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында 2017-2018 жылдары 48 оқу­лық мемлекеттік тілге аударылса, со­ның үшеуі педагогика саласына арналған екен. «Бүгінгі эксперименттік жобаның басталуына орай Rachel Orr-дың «Бастауыш мектеп мұғаліміне 100 идея» және Dominic Wyse-нің «Бастауыш мектеп мұғалімі: ұста­ным­дары мен қағидалары» атты кітаптарын қазақ және орыс тілдерінде шығардық, – дейді Р.Кенжеханұлы.

Жаһанша колледжі жалпыға үлгі

– ХХ ғасырдың басында ашылған осы оқу орнының бастауыш мектеп кадрларын даярлап келе жатқанына 100 жылдан асты. Батыс өңірінде өзіндік орны бар колледжіміз респуб­ликада танымал. Бірақ мойындауымыз керек, ХХІ ғасыр – жылдам өзгерістер заманы. Қазір мұғалім алдына келетін балалардың ойлау кеңістігі кең, сұраныстары өзгеше, цифрлы технологияны да жақсы меңгерген. Заман талабына сай НЗМ тәжірибесімен еліміздің мектептері түгелдей жаңартылған бағдарламаға көшті. Осы істің логикалық жалғасы ретінде енді педагогтарды даярлаудың да форматы мен мазмұны өзгеру қажеттігін уақыт көрсетті. Міне, елімізде алғаш рет педагог кадрларды даярлаудың жаңа стратегиясы біздің колледжде жүзеге асқалы отыр – деді өз сөзінде Ж.Досмұхамедұлы атындағы жоғары педагогикалық колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы С.Бахишева.

Светлана Меңдіғалиқызының пікірінше, бұл жобаның бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, бағдарламаны дайындауға колледж оқытушылары бірлескен автор және кеңесші ретінде қатысып, педагогтардың кәсіби дәрежесі жоғарылауына мүмкіндік береді. Екіншіден, оқытушылардың оқу жылы аясында оқып, жаңа бағдарлама бо­йынша білімін жетілдіруі – әр педа­гогтың біліктілігін арттыратын нақты сабақ. Үшіншіден, қазір 100-ден аса пән бойынша оқу бағдарламалары дайындалған, әр пән бойынша оқу әдістемеліктері әзір тұр. Оқытушы электронды білім порталына жинақ­талған методикалық кешендер жүйесін пайдаланып, әр пән бойынша жаңа бағдарламаға сәйкес нақты көмек ала алады, студентіне де бере алады.

– Біз осы жобаның тағы бір мүм­кіндігін көріп отырмыз: бұл сту­дент­ті дербес оқыту. Электронды ресурс­тың көмегімен біз әр студентті өз ерекшелігіне сай дамыта аламыз. Білім порталы осындай мүмкіндік береді. Бастауыш білім саласында зертханалық және практикалық жұ­мыс­тар үшін қажетті білім жүйесінің көрнекі құралдар кешені де дер кезінде ұсынылып отыр. Бізге бастауыш сыныптар үшін ғылыми зертхана болуы өте маңызды. Болашақ педагогтар кәсіби біліктілікті зертханадан алады. Осындай құрал-жабдықпен жұмыс істеп үйренген студент мамандығын терең меңгеріп, шәкірттерін де ғылымға терең баули алады. Алғашқы сатыда колледж облыс мектептері үшін ресурстық орталық міндетін атқаруы тиіс. Бірақ әріптестік жобаларымызды республикалық деңгейде де таратуға әзірміз. Майкл Барбер: «Білімнің сапасы онда істейтін мұғалімдердің сапасынан жоғары бола алмайды» деген, сондықтан бұл жобаға қатысу – біздің оқытушылар үшін мақтаныш қана емес, үлкен жауапкершілік те, – деді сөзінің соңында С.Бахишева.

Айтпақшы, алдағы 2-6 қыркүйек аралығында Ж.Досмұхамедұлы атын­да­ғы педагогикалық колледжінде бас­тауыш білім беру мамандығының 1-курс студенттеріне «Мамандыққа ал­ғашқы қадам» атты семинар курс ұйым­дастырылғалы отыр. Шараның мақсаты – педагогикалық қызмет туралы білім алуға ынталандыру, ма­ман­дыққа қызығушылықты арттыру кри­терийлерімен таныстыру, заманауи­ мектептегі жас мұғалімнің өзін өзі же­тілдіру мен жұмыс істеу әдістерін қалыптастыру.

 

Батыс Қазақстан облысы