• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Тамыз, 2019

Семей қаласының дамуы әрдайым назарда

561 рет
көрсетілді

Семейге арнайы жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Даниал Ахметов ең алдымен қалалық әкімдікте жиын өткізді. Жиналыста Семей қаласының әлеуметтік жағдайы, экономикасы сөз болды. Жиынға облыстағы басқарма басшылары, зиялы қауым және Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, облыстық, қалалық мәслихат хатшылары, депутаттар қатысты.

– Құрметті қауым, еліміз бойынша ерекше күнді атап өтпек­піз. 29 тамыз БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессия­сын­да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың ұсынысы бойынша Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып белгіленген еді. Елбасы Семей сынақ поли­го­нын сақтап қалу қажет деген пікірге әу бастан қар­сы­лық білдіріп, батыл шешім жасап, полигонды тарихи Жарлығымен жапқан көреген басшы. Бұл ұстаным әлем елде­рінде қолдауға ие болды. Енді, міне, халықты сауықтыру бағы­тын­да оң қадамдарға барып отыруы құптарлық іс. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысында көптеген жұмыс атқарылып жатыр, – деді Д.Ахметов.

Облыс әкімі халық ден­сау­лы­ғын жақ­сар­туда, полигон зардабын тартқан тұр­ғын­дарды кешенді емдеу бойынша Семей қаласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, орынбасары Әсем Бекқызына сөз берді.

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсі­по­ва Семейдегі же­дел медициналық жәр­дем ауруханасында ашылған гибрид­ті опе­рация залы хирур­гия саласындағы көп­теген маңыз­ды дүниенің басын бірік­тіре­тін­дігіне тоқталды. Бұл залдың ерек­ше­лігі, операция жасайтын классикалық бөлмеден көлемді, үлкен зал. Мәселен, көп жүйелі блокта жаңа деңгейлі технологиялар мен құрал-жабдықтар, ашық және шағын инвазивті лапароскопиялық магнитті-резо­нан­стық томография, хирур­гия­лық рентген жүйелері, УДЗ саласы, бейнебақылау жүйесі арқылы күрделі операцияны сапалы жасау мүмкіндігі толық қамтылған.

Ә.Нүсіпованың айтуынша, мұндай жа­ңа­шыл технология Семей өңірін, облыс тұрғындарын жоғары медициналық көмекпен толық қамтамасыз етуге мүм­кін­дік береді. Бұл халық игілігі үшін жасалған үлкен шаруаның бірі. Гибридті зал жоғары техно­ло­гия­лық сапалы стандарт ретінде рес­­публикадағы жалғыз кешен болып тұр. Семейдегі жаңа ме­ди­циналық нысан JCI стандарты бойынша жобаланып, жаб­дық­тал­ған.

Қала әкімі Ермак Сәлімов Семейдің даму қалпына, эконо­ми­калық күш-қуатына тоқталды. Ермак Бидахметұлы Қарағайлы жаңа шағын ауданындағы «Абай Арена» мәдени-спорттық кеше­ні­нің құрылысы белсенді жүргізіліп жатқанын, нысан үш блоктан тұратынын айтты. Оның бірінде әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатса, үшінші блоктың қасбеті 70 пайызға дерлік аяқталды. Нысанның құрылысына 8 компа­ния­ның 200-ден астам адамы тартылған.

– Кәсіпорын өндірісі мен агрокешен дамуында айтарлықтай оң өзгерістер бар, – деді қала әкімі Ермак Сәлімов, – эконо­ми­калық нарықтағы сауда айна­лымы жақсарып, негізгі капи­тал­ға деген инвестиция ұлғайды. Құрылыс саласы жанданып келе жатыр. Қала бюджетіне эконо­ми­­каның жақсаруына орай көлем­ді қаржы құйылуда. 2019 жылы мұның жалпы көлемі 62,1 млрд теңге болды. Тұрғын үй құрылысы да ерекше дамып келеді. Қалада биылға дейін 67 көппәтерлі үй салынған. Биыл тағы да 32 тұрғын үйдің құрылысын бастамақшымыз. Жаңа шағын аудан Қарағайлы да дамып келеді. Ол жерде 20 көппәтерлі үй бой көтерді. Және білім беру мекемелері де тұрғызылды. Бобровка кенті мен Ұшақтар шағын ауданында жаңа мектептер салынып, халық игілігіне берілді. Степной және Шығыс кенттері бойынша мектеп салуға жобалау-сметалық құжаттар жасалып жатыр.

Е.Сәлімовтің айтуынша, 2026 жылы қала­да 133 тұрғын үй 702 мың шаршы метр­ге салы­нып, пайдалануға берілуі тиіс. Бұл екі мыңнан астам семейлікті бас­панамен қамтуға мүмкіндік береді. Орта­лық­тандырылған сумен қамтылуға қаланың бес ауданы: Комсомол, Степной, Ұшақтар, Восход, Лодочная аумақтары кіруі қажет. 301 шақырым жылу желілері жөндеуден өтеді. Атап айтқанда, Ғаббасов жылу қазан­ды­ғы, Орталық, 35 квартал, Зооветинститут қазан­дық­тары. Бұл жұмыстар басталып та кетті.

Қыркүйектің 15-іне дейін көптеген тұр­ғын үй жылуға қосылу бойынша дайын­дық құжаттарын алады. Осы ретте облыс әкімі Даниал Ахме­тов саяжайлардағы тұр­ғын­дардың жағ­да­йы­на қарауды тапсырды.

– Саяжай кооперативтерінің жұмы­сын қараңыз, – деді облыс әкімі, – онда қарапайым адамдар тұрып жатыр. Су, электр энергия­сы, жол мәселесіне орай проблемалары бар. Бұл мәселелерді тез арада шешіп, жағдай жасау керек. Сол сияқты облыс көлемінде 375 мың шаршы метрге қосымша тұрғын үй салуды тапсырдым. Оның тең жартысы Семейде салынуы тиіс.

Бұдан кейін Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу инсти­ту­тының директоры, медицина ғылым­дарының кандидаты Талғат Молда­ға­лиев институттағы атқарылып жатқан шаруалар жайлы айтты.

– Біздің институтқа қарасты аурухана мен диагностикалық кеңес бөлімі бар, – дейді Талғат Молдағалиев, – онда радиация­дан зардап тартқан халықты емдейді. Бүгінгі жиын және 29 тамыз күні біз үшін аса маңызды. Біз бұған дейін көптеген елдің ғылыми-зерттеу институттарымен байланыс орнатып келдік. Бұл жұмыс жал­ға­сын табады. Әсіресе, Хиросима, Нага­саки университеттерінің радиацияны зерттеуде көп көмегі болды. Халықаралық қауымдастық біздің жұмыстарымызға қызы­ғу­шылық танытуда. Біз ядролық қарудан бас тартқан мемлекеттің ғылыми институты ретінде сынақ­тар­дың зардабын жан-жақты көр­сетуге ұмтыламыз. Институт бұл күндері Жапония, Англия, Гер­ма­ния, Ресей елдерімен тығыз байланыс­та жұмыс істейді.

Озық технологияларды іске қосу қажет

 Бұдан кейін облыс басшысы Семейдегі Жедел медициналық жәрдем ауруханасында болды. Бұл аурухана жақын арада халықаралық JCI стандарты сертификатына өтініш тапсырған болатын. Сол арқылы әлемдегі ең үздік мекемелер қатарына өткен. Сондай-ақ ауруханада гибридті операция жасайтын зал да ашылды. Даниал Кенжетайұлының айтуынша, соңғы 3,5 жыл ішінде медициналық құрал-жабдықтарды алу үшін 23 млрд теңге бөлінген. Бұл халық денсаулығы үшін жасалып отырған шаруа. Енді алдағы уақытта дәрігер қауымды 3-6 айға ғана емес, толық білім алып шығу үшін бір жыл бойы оқытады.

– Егер біз дамыған 30 мем­ле­кеттің қатарына енеміз десек, медицина қыз­мет­кер­ле­ріне де жоғарғы талаптар қоямыз, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов, – олар осындай жаңадан ашылып жатқан гибридті операция залында жұмыс істей алатын білікті маман болып қа­лып­­тасулары қажет. Ағылшын және тағы басқа халықаралық қаты­настар тілдерін мең­гергені жөн. Жаңа инновациялық ем­деу-диагностикалық технологияларын то­лық меңгеріп, ел игілігіне жұмыс істеуі тиіс. Дәрі­гер қауымына барлық жағдай жасап отырмыз. Баспанамен, меди­циналық технологиялық құрал­дармен қамтыдық. Меди­цина қызметкерлері респуб­ли­ка­лық деңгейде халыққа ем-шара­ларымен игілігін тигізе алатын маман болуы керек. Сонда ғана еліміздегі медицинаның бола­шағы жарқын екеніне кәміл сенеміз.

Облыс әкімі Қарағайлы шағын ауданында медицина саласының 15 қызметкеріне пәтер кілтін табыс етті.

Қарағайлы шағын ауданын­да­ғы жаңа­дан салынған көппәтерлі үйлерге қоныс­танушылардың қатары күн санап артып келеді. Облыс басшысы осы үйлер­ден пәтерлерге ие болған медицина қыз­мет­кер­лері мен дәрігерлерді шын жү­рек­тен құттықтап, ел үшін аянбай еңбек ете берулеріне, халық денсаулығын сақтауға белсене атсалысуға шақырды.

– Қарағайлы шағын ауданы «Нұрлы жер» бағдарламасы бо­йынша қолға алынып, Елбасының тапсырмасымен халықтың әл-ауқаты төмен, көп балалы отбасыларды үймен қамту үшін арнайы жасалып жатқан инфра­құ­рылымы жақсы әрі қолайлы аудан, – деді Д.Ахметов.

Шараға арнайы қатысқан  Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров Қарағайлы шағын ауданында халықтың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыстар атқарылғанын мәлімдеді. Соңғы жылдары Семейдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жеке тұрғын үй құрылысы салаларында оң өзге­ріс­тер байқа­ла­тынын атап өтті.

Баспаналы болған тұр­ғын­дар облыс басшысына риза­шы­лық­та­рын білдірді.

 

 

СЕМЕЙ