• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Тамыз, 2019

Оқырманы көп елді мекен

418 рет
көрсетілді

Кітап баға жетпес рухани құн­ды­лығымыз, аса зор мәдени байлығымыз екені жайлы небір ұлылар артына ғибратты сөздер қалдырған. «Кітап–ақылына ақы сұрамайтын асыл қазына» (Әлішер Науаи), «Адамдар кітап оқуын қой­са, ойлауын да қояды» (Ден­­­ри Дидро), «Жақсы кі­тап оқу – ақылды адаммен сыр­ласқанмен бірдей» (Лев Толстой). Хакім Абай «артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп білімділікке ша­қырса, халқымыз «кітап – бі­лім бұлағы» деп тобықтай сөз­бен түйіндеген. Бұдан шы­ға­тын қорытынды, уақыт қанша өзгеріп, бүгінгідей озық технологиялар дәуіріне жетсек те кітаптың мән-маңызы, оған деген ынтызарлық, құ­марлық жойылмақ емес. Бұл орайда адамның ішкі жан дүниесін, ой-санасын өсіруге, интеллектуалдық тұлғасын қалыптастыруға тікелей қыз­мет ететін кітапханалардың әлеуметтік-мәдени мекеме ре­­тіндегі рөлі де, ық­палы да а­й­­рықша. Оның айқын бір үлгісін оқырмандардың жиі бас сұғатын сүйікті орнына айналып, кітап оқу мәдениеті арқылы ұлттық мәдени кодымызды жаңғыртуға белсене атсалысып келе жатқан Полтавка ауылдық кітапханасының тә­жірибесінен анық байқауға бо­лады.

– Бүгінгі оқырман сұраны­сын қанағаттандыру оңай емес. Бұл талғам үрдісінен кө­­ріну үшін материалдық-техникалық жағынан жақсы жаб­дық­талып қана қоймай, рухани, эстети­калық әсер сый­лайтын, жас буынға қоғамды танып-білуге, нақ­ты өмірге қажетті бағыт-бағ­дар беретін, жөн сілтейтін танымдық іс-шаралар жүйелі ұйымдастырылуы шарт. Сон­да ғана ақпараттық қолже­тімділікті қамтамасыз етуге, кітап оқу мәдениетін арт­ты­ру­ға, өскен орта, туған жер ту­ралы нақты парасат-пайым түсінігін қалыптастыруға бола­ды, – деді әңгімелескенімізде өңір­де тірек орталығы саналатын мәде­ниет ошағының мең­герушісі Валентина Пак.

Валентина Викторовнаның айтуынша, «Полтавка» ЖШС-нің директоры, іскер басшы, «Құрмет» орденінің иегері Ел­тай Зікірин кітапхананы жаңа типтік ғимаратқа кө­ші­ріп, көп­салалы қон­дыр­ғы­лар, кітап, көрме стеллаждарын, компьютер, телевизор, интерактивті тақта, аудио-бейне аппаратура сатып әперген. Сөйтіп облыста тұңғыш рет модельдік мәртебеге ие бол­ған. Ересектер мен балалар ты­нығатын арна­йы бөлме бар. «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында өт­кен облыстық байқауда жүл­де­­гер атанып, 200 мың тең­ге сыйақы жиhаз алуға жұмса­лыпты. Былтыр «Рухани қа­зына» аталымы бойынша топ жарыпты. Мәрияш Шә­ріпованың басқаруындағы орталықтандырылған кі­тап­ха­­налар жүйесінің мамандары кәсіби-әдістемелік жа­ғынан жәр­демдесіп, нақты көмектер беріп тұрады. Осы­лайша бірлесе іс-әрекет ету­дің арқасында елімізде де жақсы жағынан танылып, іс-тәжірибесі таратылыпты. Бар­лық әлеуметтік нысандар жұмыс істейтін Полтавка оқыр­маны көп елді мекендер санатында. Кітап оқуды өмірлік салтына айналдырған тұрғындар оқу залына жиі келіп, кез келген ақпаратпен та­нысып, қызықтыратын мә­селелер төңірегінде ой-пікірлер алысып, тегін интернет желісін пайдалана алады. Бүгінде кі­тапхананың жал­пы қорында алты мыңға жуық кітап сақ­тау­лы. Қордың үлкен бөлігі қа­­зақ, шетел клас­сиктерінің туын­дылары­на арналған. Әдіс­темелік-библиографиялық көр­сет­кіш­тер, өзге де көмекші құ­­­­­­ралдар молынан кезде­се­­­­ді. Жинақтау, есепке алу, құ­жаттарды жүйелеу, ка­та­­лог­тар ұйымдастыру ісі оң­тай­ландырылған. Биыл 7342 оқырман кітапхана есі­гін ашып, 10084 кітап бе­ріліпті. Бұдан бөлек 15 газет-журнал жаз­­дырып алады. Әр жыл са­йын жаңа әдебиеттің үш жүзден ас­там данасымен толығып оты­рады.

Кітапханашы Валентина оқырман­дармен жанды байла­ныстың жаңа түрлерін барынша игеруді басты мақсат санайды. «Туған елдің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны», «Олар Отан үшін шайқасты», «Ана тілің – арың бұл», «Бір ел – бір кітап», «Кәсібім осындай – әскер адам», «Гусардан арнайы жасаққа дейін» тағы сүбелі тақырыптар бойынша еске тү­сіру көрмелері, акциялар, диалог алаңдары, вир­туалды саяхаттар, үнқатысулар, викториналар өткізіліп, бей­не­ро­ликтер көрсетіліп, оқу­шы­ларды қазақстандық патрио­тизм рухында тәрбиелеу, Отанға қызмет ету дәстүрлерін жалғастыру, елін, жерін сүю, үлкенге құрмет, кішіге ізет, имани, адами қасиеттерді баға­лау секілді танымдық мән-маңызымен ерекшеленген. Кітапхана жанында «Жүрек қартаймайды», «Қасиетті от­­­басы», «Кивис» ардагерлер, жастар, жасөспірімдер клуб­тары құрылған. Сәлима Жәкенова, Татьяна Батай, Ли­­­дия Сальникова сияқты ең­­­­бек арда­герлері байырғы оқырман ретінде кітаптың қа­дір-қасиетін насихаттаудан, ата­дан балаға мирас болып қа­латын асыл құндылық еке­нін айтудан, оқуға кеңес беруден жа­лыққан емес.

Кітапханашы В.Пак тұр­ғын­дар­­дың бос уақытын маз­мұнды да қы­зықты өткізуге де уақыт тауып, жаңа форматтағы ақпараттық техноло­гия­ларды барынша пайдаланып жүр. Оқырмандардың үзілмейтіні де сон­дықтан.

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Аққайың ауданы