Республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдар құрылысын жобалаған кезде немесе оған күрделі жөндеу жүргізу кезінде ұмытуға болмайтын бір маңызды мәселе бар. Бұл – жол бойындағы сервистік нысандарды мемлекеттік стандарттарға сәйкестендіру. Елімізде жол бойындағы қызмет көрсету ісінің жай-күйі қалай?
Ашығын айтқанда, бұл мәселеде бәрекелді дей қоятындай ештеңе жоқ. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясында жинақталған деректерге сүйенсек, республикадағы 1819 жол сервистік нысанның тек 850-і ғана ұлттық стандарттарға сәйкес. Жол бойындағы қызмет көрсету орындарын дамыту ісінде қандай өлшемдер назарға алынуға тиіс? 2016 жылдың 24 шілдесінде ел Үкіметінің Қаулысына сәйкес «А», «В», «С» және «Д» стандарттары бекітілген. Жолдағы тиісті нысандар осы стандарттарға сәйкес жобаланып салынуға тиіс.
Қазір бұл жұмысты жолға қоюға «ҚазАвтоЖол» мен «Бәйтерек» холдингі арасында жасалған келісім оң ықпалын тигізе бастады. Оның басты артықшылығы – жол бойы сервисін дамытуға жергілікті кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес өкілдерін тарту үшін қолайлы жағдай жасалғаны. Соған сәйкес оларға пайыздық мөлшерлемесі төмен несие берілмек. Сервистік кешен жобасы үшін 1 млрд теңгеге дейін несие рәсімдеуге болады.
Республика бойынша аталған бағдарламаның бюджеті 15 млрд теңгені құрайды. Бұған қатысатын екінші деңгейдегі отандық банктердің көшін «Сбербанк» АҚ бастап тұр. Оның жол бойы сервисі нысандарын тұрғызуға бөліп отырған несиелік қаражатының көлемі 6 млрд теңгеден асып түседі. Жол бойы сервисіне кемпинг, жанар-жағармай бекеті, асхана, сауда және демалу орындары, сондай-ақ эстакада секілді құрылыс нысандары жатады. Осы аталған нысандар қамтылғанда, бүтін бір кешен пайда болмақ. «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ алдын ала жасаған есептерге қарағанда, мұндай кешенді тұрғызу үшін кем дегенде 750 млн теңге қаражат қажет екен. Аталған компанияның бизнесті дамыту стратегиялары және ақпараттар басқармасының басшысы Еркебұлан Тұрсынбаевтың айтуынша, мұндай кешенді бірнеше кәсіпкердің бірлесіп салғаны әлдеқайда тиімді. Осындай қанатқақты жоба «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Қарағанды облысы әкімдігімен бірлесе отырып, Осакаров ауданында қолға алынды. Сөйтіп, бірнеше кәсіпкер аукцион арқылы жер телімдерін сатып алып, кешен тұрғызуға кірісті.
Сервис нысандары инфрақұрылымдардан және инженерлік желілерден қашық орналасқан жағдайда оның құны тым қымбатқа түседі. Сарапшылардың тұжырымы осындай. Мұндай жағдайда кәсіпкерлер БҰҰ Даму бағдарламасына арқа сүйей алады. Даму бағдарламасы арқылы балама энергия көздері құрылыстарын тұрғызу үшін жылдық өсімі 12-14 пайызды құрайтын несие алуға мүмкіндік бар. Өсімнің 10 пайызын еліміздегі Даму қоры субсидиялай алатынын ескерсек, кәсіпкерлер үшін тиімді болуы мүмкін.
Жол бойы сервисі нысандарының жай-күйі Ақтөбе облысында қандай деген сауалға жауап іздеп көрейік. Өңірде республикалық маңызы бар автожолдардың ұзындығы 1892 шақырымды құрайды. Бұған қоса облыстың 600 шақырымнан асатын аумағын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі қиып өтеді. Бұл аралықта шетелдік автокөлік иелері көп кездеседі. Яғни, сервис деңгейі жоғары болса, еліміз үшін де, отандық кәсіп иелері үшін де бір мәртебе емес пе? Шетелдік жолаушылардың осы қызметті пайдаланғаны үшін төлейтін қаражаты артықтық етпесе керек.
Әйтсе де өңірде жол бойы сервисінің қазіргі ахуалы көңіл көншітпейді. Айталық, облыстағы 145 тиісті нысанның тек 85-і ғана ұлттық стандарттарға сай келеді. Жол үстінде көзге мүлдем қораш көрінетін кемпингтер жеткілікті. Қазіргі талаптар бұрынғы кездегідей жол бойында үйшіктер салуды көтермейді. Сондықтан оның бәрін бұзып, жаңадан салу жобаланып отырғанын жеткізді облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин.
«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Ақтөбе филиалынан алынған деректер өңірдегі жарамды деп есептелген жол бойы сервисі нысандарының саусақпен санап аларлықтай бөлігі ғана «А» стандарты санатына сәйкес келетінін көрсетеді. Өкінішке қарай, «В» санаты жөнінде де осылай деуге болады. «С» стандарты сапындағылар 44 болса, «Д» тобындағылардың саны – 33.
Осы арада Темір ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Нұрлан Есенғалиұлы «А» және «В» санаттарына кіретін кемпинг құрылысын салу жоспарына қатысты қандай кедергіге тап болғанын да айта кету керек. Себебі, бұл жалпы осы жұмысқа қатысты ахуалдан хабар беретін бір мысал. Кәсіпкер алға қойған мақсатын орындау үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберіне тиісті құжат тапсырыпты. Әйтсе де, ол жоғары жақтағы өкілетті ұйымдардан «Ақтөбе облысында мұндай жоба қарастырылмаған» деген жауап алған. Мәселенің ақ-қарасын айыра келгенде аудан сәулетшілерінің жол бойы сервисі жобаларына немқұрайлы қарайтыны анықталды. Осылайша, шалғай ауданнан құжат тапсырған кәсіпкердің бастапқы жобасы өтпей қалды. Облыста алдағы уақытта мұндай олқылықтарға жол берілмеуі үшін аталған санаттардағы сервистік жобалардың үлгісі аудандарға жіберілетін болды. Облыс орталығындағы әлеуетті кәсіпкерлерді жол бойы сервисі нысандарын салуға және олардың Қарағанды облысындағы секілді қанатқақты жобаға қатысуға үндейтін бастамалар да қолдауға тұрарлықтай.
Түйіп айтқанда, Ақтөбе облысында жол бойы сервисінің жаңа нысандарын ұлттық стандарттарға сай тұрғызу ісі кезек күттірмейді. Сондай-ақ аты бар да, заты жоқ кемпингтерді де осы өлшем мен деңгейге қайта лайықтап салудың да маңызы ерекше. Бұл ретте жаңа істі бастауға бел буған бизнесмендер түрлі санаттағы нысандар жобасын «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-мен бірлесіп жасауға тиіс. Басты мақсат – жол бойы сервисі нысандарының ұлттық стандарттарға сәйкес келуін қамтамасыз ету. Ал жер телімдерін беру мәселесі тиісті инфрақұрылымдық желілердің даму деңгейіне қарай шешімін тауып жатса, бұл іс оңға басатыны сөзсіз.
Бұл үшін тиісті талдаулар мен сараптамалар жүргізілгені жөн. Соның шеңберіне соңғы стандарттағы «А», «В», «С» және «Д» санаттары енгізіліп, сервистік нысандарының қай жерге салынатыны және әрқайсысының арасы қанша шақырымды құрайтыны анықталса, іс нәтижелі болмақ. Өңірлердің табиғи ерекшелігі де ескерілуге тиіс.
Тағы бір айта кетерлігі, Ақтөбе облысында туризмді дамыту ісінде шешімін таппаған мәселелер жеткілікті. Жол бойы сервистерін жетілдіру ақсап тұрған туризм саласының да төрт аяғын тең басып кетуіне үлесін қосады.
АҚТӨБЕ