Конституция күніне орай тұңғыш рет БАҚ өкілдері арасында Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін шағын футболдан республикалық турнир өтті.
Іс-шараның ашылу салтанатына қатысқан Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мен турнирдің маңыздылығына тоқталып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Тараз, Солтүстік Қазақстан облыстарынан бас-аяғы 24 команда қатысқан турнирде «Хабар» командасы бас жүлдені жеңіп алды. Екінші орын «Qazsport» жігіттеріне бұйырса, үздік үштікті «Хабар 24» түйіндеді. Жартылай финалға сүрінбей жеткен «Egemen Qazaqstan» ұжымы төртінші орынды місе тұтты.
Турнирдің жүлде қоры – 3 500 000 теңге. 1-орын – 1 500 000, 2-орын – 700 000, 3-орын алған командалар 300 000 теңгеге ие болды. Сонымен қатар бес аталым бойынша үздік ойыншылар 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталды. Соның ішінде «Үздік қақпашы» номинациясы егемендіктерге бұйырды.
Алмас МАНАП,«Egemen Qazaqstan»