Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялағаны жөнінде ресми құжатын Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығына тапсырды. Құжатты тапсыру рәсімі БҰҰ қоғамдастығында оныншы рет аталып отырған Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орайластырылды, деп хабарлады еліміздің СІМ-нің баспасөз қызметі.
Іс-шараға БҰҰ және 103 елдің 500-ден астам үкіметтік емес ұйымдарының коалициясын құраған «ICAN» ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалысының өкілдері қатысты. Олар Қазақстанға ядролық қарусыздану ісіндегі беріктігі мен көшбасшылығы үшін алғыстарын білдірді.
Құжатты депозитарийге тапсыра отырып, Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров бұл оқиға Қазақстанның ядролық қарудан азат әлем құрудағы жаһандық күш-жігерлерге қосқан тағы бір маңызды практикалық үлесі екенін атап өтті.
70 жыл бұрын кеңестік атом бомбасы алғаш рет сынақтан өткізілген ел бүгінде ратификациялау құжатын тапсыру арқылы 26-шы мемлекет болып ядролық қаруға заңды түрде тыйым салатын алғашқы тарихи шарттың күшіне ену перспективасын жақындатты.
Шарттың мәтінін әзірлеуге және оның қабылдануына Қазақстан белсенді түрде қатысып келгені белгілі. Құжаттың негізгі ережелері әлемдегі төртінші ең ірі ядролық арсенал иесінен ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы көшбасшы мемлекетке айналудың өнегелі жолын көрсеткен Қазақстанның қағидатты ұстанымына жауап береді.
Қазақстанның ядролық қаруға қарсы жүргізіп жатқан күш-жігерлері елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2045 жылға қарай БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына дейін ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі бастамасын басшылыққа алуда. Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың қабылдануы бұл қару түрін жою үшін күрес жолындағы тарихи маңызды кезең болмақ.
Шарттың күшіне енуі үшін 50 мемлекеттің ратификациясы қажет. Осы орайда қазақстандық өкілдік басшысы: «Егер Боливия қажетті ратификациялар санының бірінші жартысына 6 тамыз күні – Хиросиманы бомбалау күні жеткізсе, Қазақстан екінші жартысының тұсауын Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орайластырып ашып отыр. Осылайша еліміз бүкіл адамзаттың қауіпсіз болашағын ойлаушыларды осындай әрекеттерге баруға шабыттандыра түспек» – деп мәлімдеді.
Рәсім барысында қатысушылар барлық ядролық сынақтардың құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. «Біздің әрекетіміз, сонымен қатар ядролық қаруды қолдану салдарынан зардап шеккендердің барлығына деген құрметіміз болып табылады. Ортақ міндетіміз – осындай қайғылы жағдайлардың қайталануын болдырмау», – деп атап өтті Қ.Омаров.
Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт 2017 жылғы 7 шілдеде БҰҰ-ның 122 мүше-мемлекетінің қолдауымен қабылданды. Бұл құжат 2017 жылдың наурыз және маусым-шілде айларында Нью-Йорк қаласында өткен Ядролық қарудың түбегейлі жойылуына әкелетін ядролық қаруға тыйым салу туралы заңдық міндеттеуші күші бар құжат әзірлеу бойынша БҰҰ конференциясының екі сессиясының қорытындысы болды. Бүгінде 70 мемлекет Шартқа қол қойып, оның 26-сы осы құжатты ратификациялаған. Қазақстан бұл құжатқа 57-ші мемлекет ретінде 2018 жылғы 2 наурызда қол қойды, ал биылғы 29 тамызда оны ратификациялағаны жөнінде ресми құжатын 26-шы мемлекет болып тапсырды.