Грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша 2019 жылғы әлем чемпионатының ұйымдастырушылары жаһандық біріншіліктің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне берілетін медальдардың дизайнын таныстырды.
Нұр-Сұлтанда өтетін күрес түрлерінен әлем чемпионатының ұйымдастырушылары медальдарды стандартты дөңгелек пішінде жасаудан бас тартып, үшбұрыш түрінде жасап шықты. Бұл – күрестің үш түрінің біртұтастығын білдіреді.
Әлем чемпионаты ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ерлан Қожасбайдың сөзінше, медальдың алдыңғы жағында Қазақстан астанасының басты көрнекті жері – «Бәйтерек» монументі мен әлем чемпионатының логотипі бейнеленген. Ал логотиптің ортасындағы сызықтар күрес әдісін білдіреді. Медальдың сыртында күрестен биылғы әлем чемпионатының символы саналатын қар барысы бейнеленген.
Еске сала кетейік, грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионаты 14-22 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Елордада өтетін байрақты бәсеке күрес түрлерінен 2020 жылы Токиода өтетін Олимпия ойындарына жолдама беруші алғашқы турнир болмақ. Дүние жүзінің 100 елінен келетін 1002 балуан бір апта бойы Нұр-Сұлтандағы «Барыс Арена» мұзсарайында белдесетін болады.