Елордада Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы Сарапшылық кеңестің «Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігінің өзекті проблемалары» атты отырысы өтті.
Алқалы жиынға Президент көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымов төрағалық етті. Отырысқа ақпараттық қауіпсіздікке жауапты мемлекеттік органдардың басшылары, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және «Астана» халықаралық университетінің ғалымдары мен сарапшылары, Қазақстандық ақпараттық қауіпсіздік ассоциациясы, Қазақстанның Интернет Ассоциациясы, Қазақстандық медиа-альянсы, Өңірлік БАҚ-тардың альянсы, Кибершабуылдарды зерттеу және талдау орталығы, сондай-ақ ақпараттық техникалық қорғау құралдарын дайындайтын отандық өндірушілер өкілдері қатысты.
Сөз тізгінін ұстаған Қалмұханбет Қасымов ақпараттық қауіпсіздік мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінің негізгі элементі екенін, оның аталған саланың қауіпсіздіктің экономикалық, қоғамдық, саяси және басқа да түрлеріне тікелей әсер ететінін баса айтты.
– Бұл кешенді тақырып екі үлкен блоктан тұрады. Біріншісі, ақпараттық кеңістіктің деструктивті әсерден қорғалуы болса, екіншісі – байланыс және ақпарат арналарының техникалық қорғалуын қамтамасыз ететін киберқауіпсіздік. Екі аспекті өзара тығыз байланысты. Соңғы жылдары ұлттық қауіпсіздіктің негізіне айналған ақпараттық қауіпсіздік саласында елеулі өзгерістер болды. Ол қауіпсіздіктің қоғамдық, экономикалық және саяси сияқты басқа да түрлеріне тікелей ықпалын тигізуде. Ақпараттық алаң құрылымының түбегейлі өзгерісінде ең алдымен әлеуметтік желілер әлеуетінің күшеюі маңызды рөл атқарады. Ол халықтың басым бөлігі үшін ақпарат көзі және қарым-қатынас құралы болып отыр. Азаматтар жаңалыққа осы алаңнан қанығып, әлемге әлеуметтік желілер арқылы қарайды. Әлеуметтік желілер басқа БАҚ-тардан деструктивті әсер етуімен ерекшеленеді. Қазір кез келген пайдаланушы хабар тарата алады. Мұның барлығы бұрмаланған және қате ақпарат таратуға қолайлы жағдай жасайды, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы.
Басқосуда сарапшылар мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы коммуникацияның өзекті мәселелері, мемлекеттік ақпараттық саясаттың басымдықтары, елдің ақпараттық қауіпсіздігінің тәуекелдері мен сын-қатерлері туралы ойларын талқыға салды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайту, қазақстандық БАҚ-тардың бәсекелестігін арттыру және медиа кеңістігін реттеу мәселелерінің заманға сай жаңа тәсілдері туралы кеңінен баяндады.
Ал қазақстандық медиа-қоғамның және Интернет-қауымдастықтарының өкілдері әлеуметтік желілердің бұқаралық ақпарат құралдарына балама ретінде артып келе жатқан рөліне назар аударды. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер халық үшін ең қолайлы коммуникация құралы болып отыр. Сонымен қатар оның теріс әсері бар екені рас. Осыған қарай тұрақсыздық туындататын жалған ақпараттар мәселесіне де мән берілді. Аталған бағытта Сарапшылық кеңес медиа-қоғамдастықтың ақпаратты жасау және тарату мәселесінде жауапкершіліктерін көтеруге шақырды.
Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымов Қазақстанның даму жолындағы күрделі тарихи кезеңінде мемлекетке және қоғамдық институттарға бірлесіп ақпараттық кеңістіктің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, сыртқы теріс ықпалдарға жол бермеу мәселелері маңызды екенін атап өтті. Сарапшылық кеңестің қорытындысы бойынша жетекші мамандар ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған ұсыныстар кешенін пысықтады.