Ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жариялап, еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді атады. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы мен білім алушы жастары Президент Жолдауын үлкен ықыласпен қабылдады.
«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбындағы тұңғыш Жолдауында ел Президенті қоғамның барлық саласын қамтып, ашық азаматтық қоғамды дамыту, білім, ғылымды өркендету мен әлеуметтік-экономикалық өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды. Мемлекет басшысы еліміздің әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналуы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген көреген саясатының жемісі мен жеңісі екенін айрықша атап өттті. Жолдауда «Заманауи тиімді мемлекет», «Құқықтық қамтамасыз ету және азаматтардың қауіпсіздігі», «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика», «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі», «Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет» деген бес маңызды сала қамтылып, аталған бағыттарда қордаланып қалған мәселелерді шешу жолдары нақты белгіленген.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды жаңа бағытта дамыту үшін қолға алынатын реформалардың барлығы Елбасы саясатының сабақтастығын сақтау арқылы жүзеге асырылатынын айтты. «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі», деп атап көрсеткен Президент, бүгінгі микробизнестің еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарып отырғанын айтты. Кәсіпкерлікті дамыту жұмыссыздықты азайтып, мемлекетке деген масылдық психологиядан арылуға мүмкіндік береді. Осы орайда бизнесті қолдау мақсатында Ұлттық қордан 100 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп отырғанын айтып, сонымен қатар микро және шағын бизнес компанияларын табысқа салынатын салықтан үш жылға босату туралы Үкіметке заңды негіз құруды тапсырды. Жолдауда атап көрсетілгендей, экономиканы әртараптандыру мақсатында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қосымша 250 млрд теңге бөлінетін болады. Бұл өз кезегінде отандық агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына да оң ықпалын тигізбек.
Мемлекет басшысының айтуынша, бірқатар құрылымдық міндеттер тиімді іске асырылатын болса, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады. Сондай-ақ шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, бар күшті өндіруші елге айналу міндетіне жұмсау, еңбек өнімділігінің нақты өсімін кемінде 1,7 есеге арттыру керектігі баса айтылды. Халықты қатты толғандырып жүрген ең негізгі мәселеге арнайы тоқталып, жердің бір телімі де шетелдіктерге сатылмайтынын және оған заң жүзінде тыйым салынатынына кепілдік берді. Жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету, ауыл инфрақұрылымын жақсартуға байланысты «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына биыл бөлінген 30 млрд теңгеге қосымша алдағы үш жылға қосымша 90 млрд теңге бөлуді тапсырды. Ауылдың заманауи талаптарға жауап беруі – елдің азық-түлік қауіпсіздігін және өнеркәсіпке қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге қабілеттілігіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда ауылды көркейту ұзақ мерзімді стратегиялық міндеттердің қатарында қала береді. Осы мәселеге баса назар аударған Президент «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру қажеттігін айтты. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырды.
Тағы бір маңызды мәселе – ел бюджетін екі негізгі мақсатқа бағыттау. Яғни, экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу. Әлеуметтік саладағы басты мақсаттың бірі – білім беру сапасын жақсарту, сонымен қатар мамандар даярлаудың отандық жүйесін қалыптастырып, оның нақты еңбек нарығымен байланысын күшейту. Жолдау міндеттеген тапсырмаларды орындау үшін елімізде білім мен ғылымға барынша көңіл бөлінуде. Бұл жолда жастарға патриоттық тәрбие мен заманға сай білім беретін жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарға жауапкершілік арта түспек. Сол себепті де мемлекет тарапынан білім-ғылым саласын қаржыландыру өсуде. Мұның бәрі ең алдымен ел болашағы үшін атқарылып жатқан игі бастамалар. Жолдау – осы бастамалардың негізгі кілті, қозғаушы күші.
90 жылдық даму тарихы бар Қазақ ұлттық аграрлық университетінің бүгінгі ұстанымы – мемлекетке жүк артпай, автономиялық басқару негізінде халықаралық байланыстарды күшейте отырып, елдің агроөнеркәсіптік кешенінде сұранысқа ие жаңа буын мамандарын даярлау. Бұл бағытта университет ғалымдары тиімді менеджмент қолдану арқылы әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орнына трансформациялануда.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне бастаған нақты қадам болып отырған Қазақстан Президентінің тұңғыш Жолдауына айрықша назар аударып, жүктелген жаңа міндеттерді тиімді іске асыруға белсене қатысады деп толық сеніммен айта аламыз.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА академигі