• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 04 Қыркүйек, 2019

Абайды тойлау – елдікті ойлау

794 рет
көрсетілді

Мұхтар Әуезов: «Абай жатқан бір дария, ал мен одан шөміштеп қана алдым», деген екен. Келер жылы хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойын ел ішінде, сондай-ақ халықаралық деңгейде тойлағалы отырмыз. Той демекші, бұған дейін де Абайдың әлденеше рет тойы өтті. Ал бұл мерекенің бұрынғысынан ерекшелігі, артықшылығы неде, біз Абай үшін не істей алдық, Абайдың қадір-қасиетіне жете алып жүрміз бе? Әрине ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас, ақын еңбектерін араб, ағылшын, орыс, өзбек, қытай т.б. тілдерге аудардық, қыруар шаруалар атқарылды.

– Кезінде тіпті Мұх­тар Әуезов ҚазМУ-дің сту­денттеріне «Абайтану» пәнінен дәріс оқыды. Бұл Абайды насихаттаудың тамаша үлгісі еді. Абайтану ілімін паш етуді қазір қалай жалғастырып отырмыз? Мерейтой қарсаңында осындай тұстар екшеленіп, насихат барынша күшейтілсе екен. Абайды жаңа көзқарас тұрғысынан дәріптеу дәуірі енді басталды, – дейді ақын шығармаларын әлем оқыр­мандары назарына заманауи тұрпатта  ұсынуды басты парызы санайтын әдеби агент Бақтыгүл Маханбетова. Осыған орай   ол ұлы Абай­­дың 175 жылдығына дайын­дық барысы туралы баяндап берді.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дық мерейтойын 2020 жылы жоғары деңгейде мерекелеу туралы Жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейін кешенді жаңғырту үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Жарлыққа сәйкес Абай шығармаларының кең таралған негізгі шет тілдеріндегі сапалы аудармасын баспадан шығарып, халықаралық деңгейде насихаттау көзделуде.  Ұлы ақынның торқалы тойын ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында мерекелеуді ұйым­дастыру мәселесі көтерілді.

Біз Абай мұрасын әлем­дік деңгейде ұлықтау мақ­сатында осынау іс-шараға өз ұсынысымызды қосуды жөн көрдік. Әлемнің отыздан астам тіліне шығармалары аударылған қазақтың бас ақынын, оның «Толық адам» ілімін алты құрлыққа таныту миссиясы алдымызда тұр. Оны жүзеге асыру үшін Абайдың 175 жылдығын 10 елде насихаттау мақсатында «Абайдың дара жолымен» атты мега-фестиваль турне жобасын қолға алуды жоспарлап отырмыз. Абай­танушы ғалымдар, әде­биет­танушылар, ақын-жазу­шы­лар, суретшілер, өнертану­шылар, мәдениеттанушы­лар, музыканттардың атсалысуымен жүзеге асыры­латын халықаралық деңгейдегі іс-шараны қолға алу мем­лекеттік маңызы бар мәселе екені анық. Жоба аясында 2019 жылдың қазан  айынан 2020 жылдың шіл­десіне  дейінгі аралықта он мемлекетке, атап айтар болсақ,Ұлыбритания, Оң­түстік Корея, Мысыр, Қытай, Армения,  Мажарстан, Жа­пония, Ресей, АҚШ, Грузия елдеріне сапарлар қамтылған. Жалпы бағдарламаға қыс­қаша шолу жасайтын бол­сақ, әдебиетшілер  үшін эссе жанры бойынша бір бай­қау, сондай-ақ ақындардың Абай­ға арнауы өз алдына бөлек бәйге ретінде өт­пек. Абайтанушылар үшін дөңгелек үстелдер, ғы­лы­ми-тәжірибелік конференциялар, форумдар өткізу жос­пар­лануда. Абай ауда­нының зиялы қауымы ақын­ның отандастары атынан сәлемін жолдап, Абай мұра­жайынан тікелей эфирге шығып тұрады.

 «Абай оқуларының» 20 жылдығына орай, көркемсөз оқу шеберлеріне жақсы бір мүмкіндік туып тұр. Абай поэзиясын жатқа білетін, «Қара сөздерін» жүрегімен сезінген  жандар үшін де арнайы бәйге ұйымдастырылады. Қолөнер шеберлері өз көрмелерін ұсынса, суретшілерге Абай поэзиясы бойынша тақы­рыптық иллюстрациялар, портреттер байқауы жария­ланады.   Мәдениет бөлімі бойынша «Абай әндерінің тарихы» және «Бірге ән са­лайық» атты Қазақстан өнер шеберлерінің  және та­нымал композитор Марат Омаровтың концерттері, Абай әндерінен флэшмобтар ұйымдастырылады. 2020 жылдың тамыз айында елі­міздің бас қалаларында, сонымен қатар ақынның туған жерінде қорытынды форум, фестиваль өтеді деп күтілуде. Әділқазылар алқасы жоба барысындағы бәйгелердің жеңімпаздарын анықтайтын болады. Он ай бойы өткен шаралардан деректі фильм, ақындар арнауынан жинақ, абайтанушы ғалымдардың зерттеулері  шет тілдеріне аударылып басылады деген ниеттеміз.

Ұлы  Абайдың Конфуций, Нострадамус, Гете, Шекспир, Пушкинмен тең дәрежедегі даналығын, ағартушылығын, ойшылдығын, көрегендігін, кемеңгерлігін  әлем халқына кеңінен насихаттау осындай ауқымды жобалардан тұрады. Ұйымдастыру коми­тетінің құрамында  менен басқа тағы да Диляра Линдсей, Марат Омаров, Ксандра Силантье сынды белсенді тұлғалар бар.

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы әлемнің  114 тіліне аударылса, ұлы ақынды насихаттау ісі мұнан былайғы уақытта да үздіксіз жалғаса беретін болады. Осы миссиямызға орай  қазақ ұлттық құнды­лықтарын әлемге таныстыру  үшін серіктестік байланыс орнатуға ниетті екені­мізді айтқымыз келеді. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарынан ақпараттық қолдау күтеміз.   Осы ойларымызды жүзеге асыруға отандастарымыз да барын­ша атсалысады деген үміт­теміз. Атқарылатын іс-ша­ралар, бірлескен ісіміз бен ынтымақтастығымыз же­місті болады деп сенеміз! «Абайдың дара жолымен»  қоғамды ізгілендіруге бір кісінің баласындай жұмыла үлес қосайық!

 

Жазып алған

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ