Қызылжар – тарихи, археологиялық ескерткіштерге бай өңір. Бүгінде 25 нысан ұлттық және жергілікті киелі жерлер картасына жатқызылған.
Облыстық мемлекеттік архивтің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, ерекше қамқорлыққа алынған жәдігерлер саны әлі толыға түсері даусыз. Ресей архивтерінен Ноғайбай би, Ұлпан ана жайлы тың деректер табылып, картадан ойып тұрып өз орнын алатын болады. Сол сияқты Долматово ауылы жанынан жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде Ақ-иір таңғажайып ескерткіші ашылғанымен әлі де зерделей түсуді, бір жүйеге келтіруді қажет етеді.
Қасиетті жерлердің мәдени-географиялық белдеуінің қалың шоғыры Айыртау ауданында орналасқан. Олардың ішінде Ботай қонысы ең көнесі саналады. Мұнда жылқы түлігінің алғаш қолға үйретілгені жайлы ғалымдар, археологтар, өлкетанушылар жақсы білсе, енді осынау қастерлі мұралардың тарихи, мәдени бастауы мен маңыздылығын жас буынға жан-жақты түсіндіріп, туған өлкеге деген қастерлі сезімін, сүйіспеншілігін қалыптастыру басты міндеттердің бірі екенін тиісті орындар жете түсіне бастаған сыңайлы. Осы себепті «Туған жер» бағдарламасы аясында республикалық, облыстық маңызды объектілерді аралап, жете танысу, аңыз-әңгімелерге қанығу, құнды да қызғылықты мағлұматтар алу дәстүрге айналған.
Жуырда Есіл ауданының тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленетін балалар әр шоқысы қымбат, ыстық саналатын тарихи орындарға саяхат жасап, көзбен көру мүмкіндігіне ие болды.
«Бұған дейін облыс орталығында, Тайынша, Есіл, Жамбыл аудандарында болып, «Абылай хан резиденциясы» музей кешенін, Қожаберген жырау, Құлсары әулие кесенелерін, «Қазақстан жұлдызы» алтарын тамашалаған болатынбыз. Бұл жолғы саяхатымыз ежелгі адамдардың тұрағы Ботай және Сырымбеттегі Айғаным ханша қонысын тамашалауға арналды. Қазақстан – ұлан-ғайыр жерімен қоса рухани-танымдық дәстүрлері үзілместей, сабақтастықпен жалғасып келе жатқан ел. Ата-бабаларымыз Ұлы дала төрінде өмір сүріп, небір құндылықтарды аманат етіп қалдырған. Оларды жадыда тоқып, ұлттық бірегейліктің басты ұстанымына, темірқазығына айналдыра алсақ, рухани толысуымыздың сарқылмас қайнар бұлағы болар еді. Бәрінен де балалардың сапардан үлкен әсермен оралғанын айтсаңызшы», деді әңгімелескенімізде аудандық білім бөлімінің әдіскері Татьяна Абдулова.
Шынында да Айыртау ауданы төбелі жазықтарымен, суы кәусар айдынды көлдерімен, орманды алқаптарымен ерекшеленеді. Әр шоқысы, әр тасы сырға тұнған Сырымбет, Шалқар, Имантау... мұның бәрі – бір көрсе деп армандауға тұрарлық нысандар. Сырымбет тауы баурайындағы Айғаным қонысында да аялдадық. Александр патшаның бұйрығымен 1823-24 жылдары Шоқанның әжесі Айғанымға қарағайдан қиып салдыртқан зәулім сарайдай үйді өшіккен біреулер қасақана өртеп жіберген. Ал 1993 жылы іргетасы сақталған ғимараттың орнына Шоқан салған суреттердің негізінде он бөлмелі қонақүй, мешіт, медресе-мектеп, шаруашылық сарайы қайта салынған. Әйтпесе, кезінде бұл жерде кішігірім қоныс емес, үлкен ауыл болған деседі. Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесенесі де алыстан ерекше көз тартады. Биіктігі 16 метрлік нысан 1999 жылы тұрғызылған. Кесенеге кірер бетте ұзындығы 2 метрлік найзалар шаншылған. Кесененің ішінде қос батырдың өздері, сыртында Қарасай батырдың егiз ұлдары Еркін мен Төркін жерленген. Күмбездiң айналасында басқа да жауынгерлердiң зираттары бар. Батыр бабалар кесенесі орналасқан Құлшынбай шоқысы, оның маңайы туризмге әбден сұранып тұр. Имантау көлінің жағасында «Ақбар» туристік кешенінің бой көтеруі – сөзіміздің бір дәлелі. Жарық тартылып, жол қалпына келтірілген.
«Айыртау ауданында 18 табиғи қорғалатын ескерткіш бар екен, соның бірі – Шалқар-Имантау курортты аймағын да балалар армансыз аралады. «Солнечный ВИП» демалыс аймағы базасында пантамен емдеу орны бар көрінеді. Демек, туризм әлеуеті зор деген сөз. Көз сұқтандыратын әсем табиғаты өз алдына, құнды ескерткіштер аяқ басқан сайын кездеседі. Шалқар табиғи аймағының мақтанышы іспеттес «Екі ағайынды» жартасын көрген балалар оның жанынан көпке дейін шықпай қойды. Аңызға сенсек, елін, жерін қорғаған ағайынды екі батыр ауыр шайқастардың бірінде осы жерде мерт болса керек. Шалқар көлі ағаларынан қапияда айырылып, зар еңіреген жалғыз қарындастарының көз жасынан пайда болған деседі», дейді Татьяна Николаевна саяхаттан алған әсерін бізбен бөлісіп.
Солтүстік Қазақстан облысы