Ежелден малсақ халқымыз төрт түліктің өнімдерін кәдеге жаратып, тұрмыс-тіршілігінде кеңінен пайдалана білген. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда тері мен жүн сияқты шикізаттың қадірі кетіп, қотанда шіруге айналды. Қазір ауылдарда тері тұздап, өңдеуге өткізетін ер-азамат, жүн түтіп, жіп иіретін әйел жоқтың қасы. Олардың маңдайтердің табысынан қағылуының себебі көп. Кейбіріне тоқталып көрейік.
Елімізде жүн және тері өңдеу өндірісін өнеркәсіптік, кәсіптік негізде дамыту тоқырап тұр десе де болады. Тек делдалдар ғана жекелеген адамдар мен шаруа қожалықтарынан малдың өнімдерін арзанға сатып алып, негізінен Қытай еліне саудалап жүр. Осылайша ел тұрғындарының есіл еңбегінің пайдасын өзгелер көруде. Осыдан-ақ қолдағыны құнттай алмай, барды ұқсата алмай отырғанымыз анық көрінеді.
Соңғы жылдары бұл мәселеге ептеп болса да Үкімет пен тиісті ведомстволардың назар бұруы үміттендіреді. Парламент Мәжілісінің депутаты Владислав Косарев елдегі шикізат өндірісіндегі кейбір кемшіліктерді атап, бірқатар деректер келтірген еді. Ол тілге тиек еткен мәліметтерге сүйенсек, мынандай келеңсіз картина көз алдымызға елестейді. 2017 жылы жиналған мақтаның 89 пайызы (60 мың тонна) экспортқа шығарылып, жүннің үштен бір бөлігі ғана елде қалған. Сол жылы 2 миллион 846 мың бас ірі қара мал сойылыпты. Ал отандық зауыттарға тек 305 мың тері (10,7 пайыз) түсіп, 102,6 мың тері ғана (3,6 пайыз) экспортталған. Қалған 2 миллионға жуық өңделмеген тері мемлекеттік органдардың бақылауынан тыс қалған. Олардың негізгі бөлігі көлеңкелі жолдармен шекара асқаны жасырын емес.
Ауылдың құм-топырағында аунап өскендіктен, бұл жайт бәрімізге жақсы таныс. Бала кезімізде аталарымыздың малдың терісін бүлдіріп алмай сылатынын талай көрдік. Сосын оны жайып, тұз сеуіп орап тастайтын. Оның да өзіндік әдіс-тәсілі болатын. Сосын әбден иін қандырып илеп, қайыс тілетін. Нешеме өрімді қамшы жасайтын. Әжелеріміз қой жүнін таза күйінде қапқа салып қоятын. Жіп иіріп, киіз басатын. Өткізетін, болмаса тауарға айырбастайтын. Тіпті малдың тұяғы, сүйегіне дейін кәдеге жарататын. Қалдықсыз технология деп осыны айт. Күзгі салым алыпсатарлар ауылды жиі жағалап, көліктеріне ен байлықты тиеп әкететін. Шыны сол, қазір тері мен жүн бұрынғыдай бағаланбайды. Ауылдарды делдалдар аралауды доғарған.
Қызылжар ауданы Бескөл ауылының тумасы Орал Жақыпбекұлы 10 бас сиыр мен жиырма шақты қой өсіреді. Малдың терісі мен жүнінен пайда көріп, табыс тапқысы келгенімен, кімге қайрыларын білмей дал. Бұрынғыдай дайындау конторы болса ғой шіркін деген арман құшағында жүр. «Халқымыз төрт түлік малдың етін бала-шағасына нәпақа етсе, терісінен киім тігіп, сүтінен небір ұлттық тағам жасаған. Жүннен киіз басып, киім тоқыған. Қазір бұл бұйымдар көзден бұл-бұл ұшқалы қашан. Атадан балаға мұра болған қолөнер бұдан соң қайтып дамымақ? Біле білгенге, қойдың биязы жүні, жылқы мен ірі қараның терісі – жеңіл өнеркәсіп үшін таптырмас шикізат. Қойларды көктемгі жайылымға шығарарда қаншама күніміз қырқым бейнетімен өтеді. Есіл еңбек-ай десеңші. Қазір жүн қораның бір бұрышында үюлі тұр. Ел ішінде екі қолын қалтасына салып, жұмыссыз әрлі-берлі сенделген, тепсе темір үзетін жігіттерге «ал да сат, кәдеңе жарат» десең теріс айналады. Осыншама құнсызданып кеткені қатты қынжылтады. Жергілікті билік бұл мәселені қаперге алмай келе жатқаны өкінішті. Бір амалын ойластырмай болмайды», дейді Орекең налыған үнмен.
Оның айтуынша, ірі қара терісінің бір килограмы әрі кетсе 100 теңгеге бағаланатын көрінеді. Сонда бар-жоғы 2 мың теңгеден де аспайды. Оның өзінде әгәраки сатып алушылар табыла қойса игі. Әйтпесе, күн, жел тиіп шіріді дей бер. Петропавл қаласының жетпісті алқымдаған тұрғыны Сақыпжамал апай қорасындағы бір-екі қойын өзі қырқып, жүнін иіріп, немерелеріне шұлық тоқып беруді әдетке айналдырған. Оның ісмер қолынан шыққан жүн шұлық бір тартсаң сөгіліп сала беретін қытайлық тауардан әлдеқайда мықты әрі жылы.
Жеңіл өнеркәсіп саласында өз ісін дөңгелетіп жүрген жергілікті кәсіпкерлер де шикізат мәселесінің оңтайлы шешімін тапқанын қалайды. Солардың бірі «Тигран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Виктор Петросян тері өңдеу кәсіпорындарының толық қуатында жұмыс істемейтіндігіне налиды. Ол аяқкиім тігуге арналған былғарыны Ресейден әкелуге мәжбүр. Әрлі-берлі тасымал шығынын есептесе, өзіндік құны аспандап кетеді. Айына 500 жұп аяқ киім шығаратын кәсіпкер өнім өтімді болу үшін сапалы былғары қажет екенін алға тартады.
Статистика комитетінің мәліметі бойынша, бұрындары елімізде жылына 100-105 мың тонна жүн өндіріліпті. Тері өңдеуден де табыс мол болған. Ал қазір ше? Олай айту қиын. Өңірімізде жылына орта есеппен 21460 ірі қара, 6091 қой-ешкі, 2519 жылқы сойылады екен. Қаншама тері мен жүн ысырап болып жатыр десеңші. Қып-қызыл шығын!
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы