Жұма, 29 наурыз 2013 1:07
Осы үш ұғым біріксе, бітпейтін шаруа жоқ
Өткенді еске алмай, жаңаның бағасын біле бермейміз. Өйткені, біздің ешкімге ұқсамайтын тарихымыз әлі қалыптаса алмай келеді. Тәуелсіздік алғаннан бері жиырма жылдан асса да кейінгі ұрпақ өзінің тілін, ділін толық меңгеріп кеткен жоқ. Шалағайлық басым бұл істе.
Жұма, 29 наурыз 2013 1:07
Осы үш ұғым біріксе, бітпейтін шаруа жоқ
Өткенді еске алмай, жаңаның бағасын біле бермейміз. Өйткені, біздің ешкімге ұқсамайтын тарихымыз әлі қалыптаса алмай келеді. Тәуелсіздік алғаннан бері жиырма жылдан асса да кейінгі ұрпақ өзінің тілін, ділін толық меңгеріп кеткен жоқ. Шалағайлық басым бұл істе.
Көңіл хошы
Қазақстан дегенде кең-байтақ дала, шетсіз-шексіз жазира көз алдыңда көлбеп тұрады. Дала – қазақтың алтын бесігі болғанда, ауылдары – алтын тамырлары. Қазақ бар қуатты даладан алған. Қазақ сайын даланың сеңгір тауларынан, шалқыған көлдерінен, сусыған құмдарынан, нәрлі топырағынан, күн көзінің асыл нұрынан жаралған. Қазақтың хандары мен батырлары, ғалымдары мен қайраткерлері, қаламгерлері мен өнер саңлақтары осы кең далада туып, осы даладан қанат қағып қияға ұшқан.
Өткен ғасырдың тарихын бір шолып шығайықшы. Ауылға деген қамқорлықтың, ынта-ықыластың аз болмағанын байқаймыз. Бірақ бұл дала әрқашан ел назарында болса да, «қысқа жіп күрмеуге келмей», қиындықтан құтыла алмағандығы тағы рас.
Брежнев өз тұсында «Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізейік» деп көкіді. Оның бәрі бодандықтың бопсасы еді. Момын халық бұған да көнді. «Қазақ, шіркін, қалғымас, қалғыса да жығылмас» деп жүріп, қойдың санын 80-ші жылдарда 36 миллион басқа зорға жеткізді. Содан кейін жаппай реформа асығыс жүріп, шаруашылықтар таратылып, ұсақ қожалықтар орнын басты. Қазақстандағы 3 мың ірі совхоз бен колхоздың орнында 300 мың ұсақ шаруа қожалықтары пайда болды. Бірақ аумалы-төкпелі кезеңде нарық реформасы ішке кіріп, қоғамдық мал «ханталапайға» түсіп, айналасы 4-5 жылдың ішінде 36 миллион қойдан 9 миллиондай ғана қалды. Мұның бәрін «қара базар» суша сімірді. Бұл даладағы жағымсыз көрініс болды.
Бастапқысында ғылымға негізделмеген жекешелендіру науқаны қалалардағы өндіріс орындарын да күл-талқан жасады. Қайран шахталар мен болат қорытып, ұшқын шашқан, жер астынан мұнай тартқан алып зауыттар шетелдіктерге қолды болып, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кете барғандығы да шындық еді.
Жаһандану бізге жат па?
Жаһандану туралы соңғы жылдарда жиі айтылып жүр. Бұл – бұрынғы-соңды біздің ойымызда жоқ ұғым. Егер бұл қазақ өміріне тиімді болса, одан неге үркуге тиіспіз? Байқап отырсақ, жаһандану кезінде бір елден бір ел қалып қалмау үшін өзара бәсекеге түседі екен. Намысты қазақ емеспіз бе? Оның да есігін еркін ашуға нартәуекел жасауға тиісті сияқтымыз. Өйткені, тайынсаң, жасқансаң басқалардан кейін қаласың. Бұл да саясаттың олимпиадасы тәрізді.
Мәселен, АҚШ, Жапония, Англия, Канада, Франция, Германия сияқты елдер айдарынан жел есіп, өз ықпалын жасап отыр. Бұларға Ресей де қосылды. Қытай мен Үндістан да осыған ұмтылуда. Елбасы атап көрсеткендей, қазіргі таңда дамыған елдерде жаңа технология, жаңа білім негізіндегі өнімнің 75-80 пайызы шығарылады. Ал бүкіл әлемде ғылыми негізінде шығарылатын өнімнің мөлшері 2 триллион 300 миллиард доллардан асады екен. Олардың дені жоғарыда аталған алыптардың еншісінде. Дегенмен, басқа елдер де қарап отырған жоқ. Еуропада Финляндия, Швеция, Норвегия, Шығыста Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия, Гонконг секілді елдерде қарқын басым. Міне, осындай дамыған әлем елдерінің қатарына қосылуға біз де үміткерміз. Ол – отыздық белесі. Оған жету – шебер басқару жүйесін, терең білімді, жоғары біліктілікті, жан-жақты дайындықты, қажымас еңбекті, үлкен ізденістерді талап етеді.
Елбасының айтуынша, ендігі мақсат – бүкіләлемдік сауда сахнасына шығу. Бұл оңай жол емес. Дамыған елдер сапалы бұйымдарымен кез келген талапкерді итеріп жібереді. Олармен текетіреске түсу үшін неғұрлым сұранысқа ие, сапалы өнімдер шығару керек. Ол білімсіз келмейді. Қазір білім беру саласына Қазақстан ішкі ұлттық өнімнің айтарлықтай бөлігін жұмсап отырса, бұл да әлемдік жаһандану үдерісіне қол созғанымыз. Қазіргі жас ұрпақтың терең білімге ие болып, әлемдік өндіріс технологиясын ұршықша үйіретін күн де алыс емес шығар.
Байлықты басып отырамыз ба?
Расында, қазақтың қаспағы бес елі. Бірақ бойымызда енжарлық басым. Бізде бәрі де бар, тәуелсіздік алғаннан бері «Мұнайы бардың құдайы бар», «Көмірі бардың өмірі бар», «Малы бардың әлі бар», «Бидайы бардың берекесі бар», «Темірі бардың қорғасыны мықты», деп сөйлейтін болдық.
Бірақ қолдағы алтынның қадірін білеміз бе? Білсек, көлеңке сағалаған күшіктей көзді жұмып қашанғы жатамыз. Аспаннан құймақ жаумайтынын білеміз. Білсек те «алма піс, аузыма түс» деген әдетіміз қалар емес. Іргелі елдің құнарлы жері бар. Оған не ексең, соны орасың. Мал – баққанға бітеді. Біздің байлығымызды біреу келіп ұқсатып бермейді. Қазынаны қазатын да, оны өңдейтін де өзіміз. Өйткені, оның игілігін Қазақстан халқы көреді. Қазақстан Президентінің халыққа арнаған Жолдауы жігерлі еңбекке шақырып отыр.
Ендігі жерде шаруалар нәтижелі істі неден бастауы керек? Ең алдымен, шағын және орта бизнесті мықтап қолға алуы керек.
Әлемде жайылымы жан басына шаққанда бізден асатын ел жоқ. Бізде егіндікке, шабындыққа, жайылымдыққа жарайтын 180 млн. гектар жер бар. Табиғаттың өзі қазақтың жерін малыңды өсір, егініңді сал деп жаратқандай. Былайғы жұрт айтып жүргендей, мал өсіру біздің атакәсібіміз. Оған несіне намыстанамыз. Тіпті зиялы қауымнан сұраңыз, ауылда, далада кіндік қаны тамған ұрпақ есейгенде даланың самалын, жылқының жалын, қошқардың мүйізін сағынары да шындық. Сол малды өсіру, өсіргенде олардың асылдығын арттыру – бүгінгі ұрпақтың міндеті.
Ет пен жүн қашан болса да керек. Бізде Қазақстан жағдайында орта есеппен 15-17 млн. қойды еркін өсіруге болады. Сонда жан басына бір қойдан келеді екен. Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке кіргелі жатқанда қой жарықтыққа қалайша көңіл бөле алмаймыз. Әлемдік тұтынушылар Сарыарқаның құйрықты құла қойын, Үстірттің тұла бойын май басқан қаракөк қойларын, Жамбыл ата жырлаған Жетісудың жібек жүнді ақ қойларын көргенде тамсанып, таңдайлары құрғап қалады екен. Тіпті Сауд Арабиясындағылар салмағы 70-90 килограмдық құйрықты қойларды ұшақтарына салып әкеткені де рас.
Олай болса, алдағы жылдарда қой малы әлемдік саудада сұранысқа ие болып, оның әр килограмдық еті, сүті, жүні, алтынға бағаланатыны күмән туғызбауға тиіс. Әрине, қой жүрген жерде жылқы да, түйе де жүреді. Бұлар – айырылмас түліктер. Жылқы мен түйе қозғалыс көлігі ғана емес, жылқының жал-жаясы, қымызы, түйенің шудасы дертке дауа, өркеш майы мен шұбаты да әлемдік сауда базарында арақ пен шарапты, шөп-шаламнан жасалған тағамды ысырып тастауы дау туғызбасы анық.
Ал бүгін тартсаң майы шығатын Қазақстан топырағында өспейтін өсімдік жоқ. Бізде мақта да, жүгері мен күріш те, қант қызылшасы да өседі. Оларды өңдейтін кәсіпорын да баршылық. Бір ғана Алматы облысында қант қайнататын бірнеше кәсіпорын жұмыс жасайды. Өкінішке қарай, тәулігіне 300 тонна құмшекер өңдейтін өндіріс орындары әлі де бағаланбайды. Шағын аграрлық ұйымдар қызылшаны өсірудің қиындығынан қашып, соңғы жылдары бір қиырдағы Латын Америкасынан сапасы әлдеқайда төмен «қамыстарын» әкеліп өңдеуді әдетке айналдырып алған.
Қазақстанда бидайдың көп тараған түрі – қатты бидай, күшті бидай. Бұл – әлемдік сұранысқа ие болған дақыл. Оның сапасы жақсы, дәні дәмді. Дән қамырлығы – 25 пайыз, белогы 15 пайызға жетеді. Адам ағзасына жұғымды. Біздің Жетісу өңірінде өсетін «Мироновская», «Безостая-100» сорты да сұранысқа ие. Міне, біздің егіншілеріміз осындай жоғары өнімдерді өсіруге көңіл бөлсе дер едік.
Бабамыз Асан қайғы «Жетісу өңірі шыбық шаншыса да шығатын жер екен» дегендей, мұндағы күннің нұры, жердің нәрі, таудан аққан ағынды өзендер, жер астынан атқылап жатқан зәм-зәм сулары көкөністің, жүзімнің, алма-алмұрттың, жиде жемістерінің неше түрін өсіруге де қолайлы. Айдынды көлдер балық пен құс өсіруге мүмкіндік береді. Жасыратыны жоқ, біз, қазақтар әлі де марғаумыз. Қолда бар алтынның қадірін білмейміз. Суармалы жердің әр гектарынан 10-15 центнерден өнім жинасақ, мәз боламыз. Өркениетті елдерде, әсіресе АҚШ-та, Канада мен Германияда фермерлер әр гектардан орта есеппен 25 центнерден кем өнім алса, өздерін «банкрот» деп жариялайды. Ал бізде суармалы жерлерден 35-40 центнерден өнім алуға болады ғой.
Бізде алынған өнімдерді өңдейтін өндірістік кәсіпорындар аз. Бар болса, сапалы өнім шығара алмайды. Басты кемшілік – ауыл шаруашылығында басшылық жүйесі әлі де әлсіз. Ауыл шаруашылығы департаменті мен жергілікті ұйымдар арасындағы байланыс сын көтермейді. Күз болса диқандар жаздайғы өнімдерін қайда өткізерін білмей сабылып жүреді. Елбасы халыққа арнаған Жолдауында біздің қайнаған өмірімізге кедергі болған кемшіліктерді қадау-қадау күйінде атап-атап көрсетті. Жемқорлар мен жең ұшынан жалғасатын сыбайлас қылмыскерлердің белең алып отырғанын да жасырған жоқ.
Иә, көрер көзі, естір құлағы бар Қазақстанның саналы азаматтары тоқсан ауыз сөз түйінін өздері түсінер деп сенеміз.
Ұлы көш жүгін түзеді
«Біз біле-білсек, осы он жылдағы еліміздің ең басты қорытындысы – ел болғанымыз. Ел бола алғанымыз. Біз мемлекет құрдық, құрғанда аты бар да заты жоқ мемлекет емес, бүкіл адамзат танитын, танып қана қоймай, мойындайтын, құрметтейтін мемлекет құра алдық».
Бұл – Елбасының егемен ел болғанымызға 10 жылғы аталы сөзі. Осынау асыл арманды, біздің ата-бабаларымыз көз жасын төгіп сан жүздеген жыл бойы күтті ғой. Тәуелсіздіктің тәтті сезіміне бөлене алмай, «мың өліп, мың тірілген» қайран қазақтың басынан не өтпеді?! Тіпті бертінде, XX ғасырдың басында жер мен жесір дауы ұлы Абайдың басына да иір таяқ ойнатуы қазақтың қанына сіңген даңғойлығы демеске шара жоқ. Бұл не, бодандықтан туған надандық па? Әлде ханы өлсе, тағына таласатын бақай есеп пе? Осынау жиіркенішті көрініс жаңа ғасырға да өз сілімтігін сүйрете келгендей, көлеңкесі елес беріп қалады. Дегенмен, бүгінгі күнімізге шүкіршілік айта аламыз. Ал ертеңгі күніміз қандай болмақ?
Дүние жаралғалы табиғат тіршілік атаулыға бейімделіп көрген емес. Керісінше, тіршілік атаулы табиғатқа бейімделу арқылы ғана ғұмырын ұзартып келеді. Бұл – аксиома. Яғни кез келген мемлекет гүлденіп, көркею үшін өзінің маңдайына біткен экожүйесімен мықтап санасуы керек. Жасыратыны жоқ, бізде, әсіресе, ауыл шаруашылығына қатысты, соның ішінде мал шаруашылығына қатысты нарықтық экономикаға бет бұрған саясатымыз табиғи ортаның болмыс-бітімімен санаса алмай, халық тағдырын қатал табиғаттың тәлкегіне таңып тастағандай көрінеді.
Қазақ даласы негізінен аридті аймаққа жататыны белгілі. Жазы ыстық, қысы қатал, жері қуаң, соңғы үш ғасыр бойы қазақ ауылдарының бар тірлігі мал шаруашылығы болды. Қатал табиғаттың аясында малдың тіліне еріп күн көрген ата-бабамыз тек қана қауымдасу арқылы берекелі тірлік құра алды. Бұл артықшылығы да, кемшілігі де емес, экожүйесімен санасқан қажеттілік болатын. «Ауыл болсаң, қауым бол», «Көппен көрген ұлы той», «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп келетін ой-тұжырымдар өмір сүрудің формуласы. Түптеп келгенде, бұл даладағы рулық жүйенің этностық сипатынан гөрі, әлеуметтік қажеттілігі басым болды. Қазір де сол дала. Қазір де сол табиғат…
Бірақ сол дала мен табиғат аясында қауымдасып қана береке табуға болатын айнымас заңдылықтың шырқын өткен жылдар ішінде бұзып ала жаздадық. Осы мерзімде ауыл тұрғындары әлеуметтік ауыртпалықпен жеке-жеке беттесіп қалды. Нарықтық экономиканы экожүйеге бейімдеп, халықты ұйымдасқан еңбекке жұмылдыра алмай әуреге түсіп жатырмыз. Бірлі-жарым атқа мінген қолы ұзындар жекешелендіру науқаны басталғанда тегін дәулетті қамтып үлгерді де, өздерінше шаруашылығын жүргізіп кеткен сияқты. Ал халықтың басым бөлігі оншақты тұяқ малының сүмесін талғажау етіп қалды. Нарықтық экономиканың жөні осы екен деп ауыл шаруашылығының ұжымдық негізін бұзған кезде, төрт түлік малды сатуды ғана білетіндер қара базарға бет бұрды. Сөйтіп, қазақ ұлтының мәйегі болып келген ауылдың шырқын бұзуды қолдан жасадық. Енді мойнымызбен көтеріп жатырмыз. Ұмтылсақ та ауылдағы жағдай әлі де анау айтқандай мәз емес.
Қазақ өзінің ең жақсы қасиеттеріне қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің нәтижесінде елдігін сақтап қалды. Елбасының ұзақ мерзімді стратегиясында сол елдігімізді нығайтып қана қоймай, әлемдегі озық дамыған отыз елдің қатарына қосылу мақсаты белгіленіп отыр. Бәрін де жеңе білген халқымыз бен еліміздің бұл биік асуды бағындыратыны да күмәнсіз. Тек бар күш-жігерімізді, білім-білігімізді осы мақсат жолына алғаусыз бағыттай білейік.
Жер болса, оған ие Ер болса, төгілер Тер болса, бар мұратымызға жетеріміз анық.
Сейдахмет МҰХАМЕТШИН,
Алматы облысының құрметті азаматы.
ТАЛДЫҚОРҒАН.