Білім күніне орай Жамбыл облысында бірқатар білім ошақтары пайдалануға берілді. Жамбыл ауданы, Бірлесу-Еңбек ауылындағы 140 орындық орта мектептің ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, мекеме ұжымы мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Бірлесу-Еңбек орта мектебі өңірдегі демографиялық өсімге байланысты орын тапшылығын жою мақсатында жаңадан бой көтерген білім нысаны. Жаңа білім ошағында балаларды сапалы біліммен қамту үшін барлық жағдай жасалған. Мектепте 18 оқу қабинеті, спорт залы, мәжіліс залы, асхана, 2 компьютерлік сынып, роботтехника және жаңа модификациялық кабинеттер бар. Сонымен қатар биыл мектепте барлығы 250 оқушы 2 ауысымда оқитын болады. Аталған мектепте 39 педагог қызмет етсе, оның 12,5 пайызы жас мамандар.
Білім күні қарсаңында Байзақ ауданының Ақшолақ ауылында да 120 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Салтанатты жиын «Өнер» мектебі өнерпаздарының мың бұралған биімен ашылды. Аталған білім ошағының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова қатысып, барлық ата-аналар мен мұғалімдерді, оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады. С.Құрманбекова өз сөзінде соңғы бес жылда осы білім мекемесінің оқушылары үш ауысымда оқып келгенін, биыл бұл мәселенің шешілгенін, өңірде үш жылдан бері білім беру саласына бөлініп жатқан қаржының көлемі үш есе артып, 130 млрд теңгені құрағанын, нәтижесінде облыс бойынша бес мектеп жаңадан пайдалануға беріліп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ мектеп ұжымына облыс әкімі А.Мырзахметовтің арнайы сыйлығын табыс етті. Бұдан кейін ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Қалман Бақтыбаев сөз алып, білім ошағының бой көтеруіне атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдіріп, мектеп табалдырығын аттаған балдырғандарға сәттілік тіледі. Ашылып отырған жаңа нысанның лентасын С.Құрманбекова мен Қ.Бақтыбаев қиды. Жаңа білім ордасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ғимаратта сапалы білім алуға қолайлы заманауи кабинеттер мен зертханалар, мультимедиалық кабинеттер бар.
Білім күнінің қарсаңында Меркі ауданы, Қазақ-Дихан ауылының тұрғындары да үлкен қуанышқа кенелді. Аталған елді мекенде 120 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ең бастысы, ауыл балалары бастауыштан соң өз білімдерін жалғастыру үшін көрші ауылға қатынамайтын болды. Енді 120 орындық мектепте 100-ден аса оқушы білім нәрімен сусындаса, мұнда 27 мұғалім еңбек етеді. Білім нысанының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысып, мектеп ұжымы мен оқушыларды құттықтады. Сонымен қатар ол биыл өңірде 15 мектептің құрылысы жүргізіліп, оған 5 миллиардтан астам қаржы жұмсалып отырғанын, нәтижесінде апатты мектептер мәселесі шешімін тапқанын жеткізді. 2018 жылы құрылысы басталған нысанның мердігері – «Андас Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ғимарат барлық талаптарға сай жабдықталған.
Білім күні қарсаңында Шу ауданында да жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ауданға қарасты «Тоғай» шағын ауданынан 300 орындық жаңа білім ошағы бой көтерді. Осы уақытқа дейін «Тоғай» шағын ауданының тұрғындарына мектептің аздығы қиындық тудырып келген еді. Биыл бұл мәселе де өз шешімін тауып отыр. Жобалық құны 1,3 млрд теңгені құраған нысанға Тұрар Рысқұлов мектебі көшірілді. Білім ұясының ашылуына облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров қатысып, мұғалімдер мен ата-аналарды және оқушыларды білім күнімен құттықтады. Жаңа мектепте барлық жағдай жасалған. Оқу кабинеттері де қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Зейнеткер ұстаз Сейітқасым Бекетайұлы жастарға білімді адам ғана тұлға болып қалыптаса алатынын, сондықтан да барлық талапқа сай мектепте тек жақсы оқу керектігін жеткізді. Ал мектеп құрылысын жүргізген мердігер компания өкілі Дана Әшімбекқызы символикалық кілтті мектеп директоры Айгүл Серікқызына тапсырып, компания атынан арнайы сыйлық табыстады.
Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданы, Жалпақсаз ауылындағы 48 орындық бастауыш мектеп ел игілігіне берілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Ерболат Садырқұлов пен облыстық Білім басқармасының бас маманы Жанна Қалыбаева қатысты. Ауыл мектебі барлық талапқа сай жарақтандырылған.
Жалпы, өңірде 2019-2020 оқу жылында 5 мектеп пайдалануға берілді. Оның 1-еуі үш ауысымды, 1-еуі апатты және 3-еуі орын тапшылығы бар мектептің мәселесін шешті. Облыс әкімдігінің мәліметінше, жыл соңына дейін тағы 4 нысан пайдалануға берілетін болады. Биыл облыстың білім жүйесін қаржыландыруға 130 млрд теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,2 млрд теңгеге артық. Оның 5,1 млрд теңгесі білім беру нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеуге қаралып, бүгінде 16 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, аймақ бойынша 28 мың балдырған мектеп табалдырығын аттап отыр. Жамбылдықтар жаңа оқу жылын жаңа леппен бастады. Өңірде жыл сайын жаңа мектеп пен балабақшалар құрылысы қарқын алып келеді. Мемлекет тарапынан жасалып отырған мұндай қолдау болашақта елімізде білімді азаматтарды қалыптастыруға өзінің септігін тигізетіні анық.
Жамбыл облысы