Азиялық ақын-жазушылардың жиыны 300-ден астам қаламгердің басын қосты. Оның ішінде, 38 мемлекеттен Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одағы мен ассоциацияларының Төрағалары сынды 70-ке жуық шетел қаламгерлері бар.
Әдеби форумның Пленарлық отырысында Нобель сыйлығының номинанттары Ко Ын (Оңтүстік Корея), Моза Әл-Мальки (Қатар), Мэнд-Ооео (Моңғолия), Оңтүстік Азия халықаралық сыйлығының лауреаты Амар Митра (Индия), Әзірбайжанның халық жазушысы Анар Расул Рзаев және т.б. спикерлер баяндама жасады.
Халықаралық «Манхэ» әдеби сыйлығының, «Гриффин» поэзия сыйлығының лауреаты, Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының номинанты кореялық Ко Ын Арқа төсіндегі ауқымды шараның Азия әдебиеті тарихында баламасы жоқ екенін атады.
«Бүгінгі жағдайды зерделей отырып, Азияның әрбір бөлігі, әрбір елі, мәдениеті өзінің түпнұсқа бейнесін тапса деген ойға келдім. Азия Еуропа сияқты біртұтас емес екені анық. Еуропа ерте бірігіп, жалпы алғанда бір дінге бас ұрды. Бірақ біздің кейбір көршілер Еуропа елдерімен туыстасып кетті. Азияда мұндай тұтастық мүмкін емес. Азия табиғи ерекшеліктердің, тау мен даланың, шөл мен көлдің астасып жатқан әлемі. Осы әркелкілік әдебиетке де тән. Азияның діндері мен философиялық жүйесі де терең әрі күрделі. Ең алғаш Азия өркениеті скифтерден тарады. Кейін ол қара теңіз арқылы бүкіл әлемге тарады. Азия қайтадан түлеп, жаңа нүктеден бастауы керек деген ойлар да айтылады. Меніңше, әрқайсымыз еркін болуымыз керек. Батысқа бағдар ретінде қараудан бас тартуымыз қажет. Тіпті кей жағдайда Азия әдебиеті Еуропа әдебиетін жасартты, тың леп қосты. Бауырлас жаузшыларға қарап отырып, Азия әдебиеті – бүгіннің әдебиеті, Азияның әдебиеті – жаңа ғаламшарлық әдебиет деген ойға келдім», – деді кореялық ақын.
Конгресс-орталықта өтіп жатқан жиын аясында «Азия әдебиетінің жауһарлары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Форум бағдарламасында TED форматындағы «ASIAN LitTALKS» форсайт сессиясы, көрнекті жазушылардың жеке шеберханасы, «Қаламгерлер аллеясының» ашылуы, Орталық Азия қаламгерлері мен жас ақын-жазушылардың шығармашылық кездесуі, т.б. іс-шаралар бар.
Елорданың төрінде жиналған қаламгерлер қауымы үш күнге созылатын форумда Азия әдебиетінің даму үдерісі, азиялық авторлардың құқықтарын қорғайтын ортақ бірлестік құру, Азия елдері қаламгерлері арасында Халықаралық көлемді сыйлық тағайындау сынды мәселелерді талқыламақ.
Әдеби жиынның қорытындысында делегаттар Азия әдебиетінің дамуына байланысты Үндеу жариялайды.