Егемендігіміздің елең-алаң шағында Сансызбай Жұмабековтің аудандық «Қазақ тілі қоғамын құруға, балабақша ғимаратын қазақ мектебіне, элеватордың жатақханасын мешіт үйіне айналдыруға, орыс мектептерінде қазақ сыныптарын ашуға бастамашы болғанын, салт-дәстүрлеріміздің жаңғыруына сүбелі үлес қосқанын жерлестері ұмыта қойған жоқ.
Туған тіліне нағыз жанашыр бола білген ақсақал жетпістің төріне озса да, ұлттық ұстанымынан айныған емес. Оның өлке тарихын зерттеудегі еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Әсіресе жұртшылық жадынан ұмытылып, есімі әбден көмескіленіп қалған Жансүгір бабасы жайлы көздің майын тауысып, тірнектеп жинаған деректері ауыз толтырып айтарлықтай.
Жансүгір Баубекұлы туралы алғаш саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған Молдахмет Сұрағанов ақсақалдан естіпті. Ардагер ұстаз оның Қожаберген, Бөгенбай батырлардың жасағы құрамында қалмақтарға қарсы жорықтарға қатысып, мыңбасы дәрежесіне дейін көтерілгенін, ержүректілігімен, шешендігімен көзге түскенін зердесіне әбден құйған тәрізді. Жарықтық көзі тірісінде зиратына белгі орнатсам деген арманына жете алмай кетіпті. Марқұмның жүктеген аманатын ағамыз адал орындап шыққан.
«Қызыл империяның солақай саясаты кезінде жүрек жұтқан баhадүр жерленген оба басында елеусіздеу ғана белгі тұратын. Ел ішіндегі әңгімелерге, құйма құлақ қариялардың айтуларына қарағанда, Қойлы Атығайдан тарайтын Жансүгір 1690 жылдары туып, 1760 жылдары дүние салған. Жастайынан батырлығымен көзге түсіп, Андығожа, Қараман, Мырзатай, Сарыбай сияқты үзеңгілес достарымен бірге қазақ жерін жаудан тазартуға қатысқан. Ел басқару ісіне де араласып, аузы дуалы, сөзі уәлі би болған. Батырдың мәңгілік тыныстап жатқан жеріне зәулім ескерткіш тұрғызу туралы ұсынысымды ауыл болып қолдап, қал-қадерінше көмек берді», дейді Сәкең.
Иә, былтыр Аралағаш ауылына тақау тұста Петропавл – Астана бағытындағы күре жолдың бойына алыстан бірден көзге шалынатын биіктігі 15 метрлік аппақ кесененің тұрғызылуына агроқұрылым басшылары Біржан Шаймерденов пен Елтай Зікірин қаржылық-демеушілік көрсетіпті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған қайырымдылық шараға екі атпал азамат 28 миллион теңге бөліп, мәрмәр тастар мен құрыш қолды шеберлерді Ақтаудан алдыртыпты. «Бір адамның батылдығы мың адамға жол салған, бір адамның батырлығы тұтас халықтың атын шығарған» деген осы!
Солтүстік Қазақстан облысы,
Аққайың ауданы