Тәуелсіздік Сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысы басталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Бүгін дәл осындай жаңа форматта кездесіп отырғанымыздың өзі оң өзгерістерге бәріміздің мүдделі екенімізді көрсетеді. Халық бізден нақты ұсыныстар мен нәтиже күтіп отыр.Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі осы міндетті ойдағыдай жүзеге асыратын бірегей құрылымға айналады деп сенемін. Біз халық сенімін ақтауымыз керек. Әрбір азаматтың мүддесі біз үшін өте маңызды», деді Президент.
Кеңестің негізгі мақсаты – жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен мемлекеттік саясатқа қатысты өзекті, маңызды мәселелер бойынша бастамаларды, ұсыныстарды тұжырымдау. Сонымен қатар тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу, жұртшылықтың, азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарау, сындарлы диалогты қамтамасыз ету – кеңестің негізгі міндеттері.
Шараға Кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысып жатыр.