• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Спорт 08 Қыркүйек, 2019

Дархан Асаділов Токиодағы Премьер-лига кезеңінде жеңіске жетті

502 рет
көрсетілді

Қазақстандық каратэші Дархан Асаділов Токиода өтіп жатқан Премьер-лига кезеңінің жеңімпазы атанды деп хабарлайды Olympic.kz.

Финалда ол италиялық қарсыласы, әлем үздіктерінің бірі Анджело Кречензоны 6:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты. Осылайша, отандасымыз Дархан 60 келіге дейінгі салмақта өзінің мықтылығын тағы да дәлелдеп отыр.

«Турнир өте қиын болды. Барлық кездесуде қарсыластарымының осал емес екені байқалды. Әрине, мұның бәрі біз күткен жайт. Себебі, келешекте бұдан да қиын кездесулер күтіп тұр. Алдағы турнирлерде жеңісті жолымды жалғастыруға  күшім мен тәжірибем жетеді деп ойлаймын», - дейді финалдан кейін сұхбат берген Дархан. 

Ал 84 келіге дейінгі салмақтағы тағы бір қазақстандық спортшы Игорь Чехмарев әзірбайжандық қарсыласы Айхан Мамаевтан 3:2 есебімен жеңіліп, қола жүлдеден қағылды. 

Еске сала кетейік, Дархан Асаділов қазіргі таңда әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Токио төрінде ол испаниялық Ортиз Фернандесты, кейін Стефан Викторды жеңді. Жартылай финалдық жолдаманы сарапқа салар сында Дархан бразилиялық қарсыласы Рафаэл Насиментодан айласын асырды. Аталған кездесу 10:0 есебімен қазақстандық спортшының еншісіне шешілді.

Ал жартылай финалда әлем рейтингінде 11-ші орында тұрған Иран спортшысы, өзінің әккі қарсыласы Хасан Маджидпен кездесіп, кездесуді 6:0 есебімен аяқтаған болатын.