«Хабар» агенттігінің тапсырысымен даярланған «Қаламгер» атты толықметражды фильм жарыққа шықты. Қазақ әдебиетінің Кеңес дәуіріндегі тынысын арқау еткен тарихи драма еліміздің кинотеатрларында 12 қыркүйектен бастап көрсетілмек.
Оқиға Сәтжан есімді жас жазушының Алматыға келуімен басталады. Жазушылар одағына қабылданып, шығармаларымен бірден көзге түскен жас талант ғылым жолына бет бұрады. Жабық тақырып саналып келген Алаш тақырыбына диссертация жаза бастаған ол қыспаққа алынып, қатаң идеологиялық бақылаудың үстемдігі жазушы мұратын аяқасты етуге күш салады. Фильмде өткен ғасырдың 70-80-жылдарындағы ақын-жазушылардың басынан кешкен жағдайы бас кейіпкер Сәтжан арқылы бейнеленеді. Сәтжан – жиынтық образ. Кинокартинада әдебиеттің қоғам ісіне батыл араласуы, әдебиеттің тақырыптық арнасының кеңеюі тұсында атсалысқан ақын-жазушылар образы, оған қоса махаббат драмасы осы Сәтжанның бойына тоғыстырылған.
«Жазушылар одағының биік мінберінде партияның жалынды үндеулері жарияланса, іргедегі «Қаламгер» кафесінде айтылатын әңгімелердің ауаны тіпті басқа болатын. Компартия нұсқауларының күші жүрмейтін, цензураның қамыты қыспайтын, жазушылардың әзілі мен астарлы әңгімесі, қалжыңы мен қағытпасы қатар жүретін «Қаламгер» кафесі сол кездегі қоғамның шынайы бет-пердесінің символы ретінде алынып отыр», дейді фильм режиссері Мұрат Бидосов. Оның айтуынша, драма атауы – қолына қалам ұстаған жазушы қауымды меңзесе, астарлы мағынасында азаттыққа ұмтылған қаламгер қауымның бұлқынысы, ішкі шерін көрсетеді. Фильм өмірде болған адамдардың прототиптері арқылы олар бастан кешкен оқиғаларға сүйене отырып, сол дәуірдің тыныс-тіршілігін көрсетуді мақсат тұтқан.
– Туындыдағы кейіпкерлердің дені тарихи тұлғалар. Бас кейіпкер Сәтжан сол дәуірдегі қаламгерлердің жиынтық образы болса, оған қарсы тұратын жағымсыз кейіпкер де партияның сойылын соққан, уақыттың құрбанына айналған жан, – дейді «Қаламгер» фильмінің сценарий авторы Сержан Зәкерұлы.
Картинаға көрнекті жазушы Дулат Исабеков, ақын Бақыт Беделхан кеңесші ретінде тартылып, туындының жалпы мазмұны мен көркемдік талаптарын мұқият пысықтаған. Басты рөлдерді сомдағандардың қатарында Бағдәулет Шаймахан, Жалғас Толғанбай, Нарғыз Алтайбай, Ергенбай Әбуев, Досжан Жанботаев, Балтабай Сейітмамыт, Арнұр Құдиярбек бар. 14 бөлімнен тұратын көп сериялы туындының телевизиялық нұсқасы Тәуелсіздік күні қарсаңында «Хабар» арнасынан қалың көрерменге жол тартады. Жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түсірілді.