Ала таяқ жол-патрульдік полиция қызметкерінің қолына қайта тиді. Ал кезінде осы ала таяқты қаншама айтыс-тартыспен алып тастаған едік. Бұған басты себеп жол-патрульдік полиция қызметінің сапасына көңіл толмаушылықтан басталғаны белгілі.
Полиция құқық қорғау міндетін атқарады десе де, олардың түрлі келеңсіз қылықтарынан халықтың оларға деген сенімі біртіндеп кеми түсті. Өйткені заңның сақталуына жауап беретін тәртіп сақшысының өзі оны сақтамауы жиі көрініс бергендіктен олардан көпшіліктің әділдікті талап етуге деген үміті де тыйылды. Осыдан кейін азаматтарға құқық бұздың дейтін полициямен бітпейтін айтыс-тартыс өріс алды. Қазір қарасаңыз, көлікті тоқтатқан жол-патрульдік полициясымен дауласпайтын жан жоқ. Неге? Себебі жоғарыда айтқанымыздай, жол-патрульдік полиция қызметкерінің заңды бес саусағындай білетіндігіне және оны дұрыс, орнымен қолдана алатындығына күмән келтіріледі. Сондықтан осындай келеңсіздіктерді жою немесе болдырмау мақсатында қанша жерден шетелдік жаңалықтарды енгізгенмен, жол-патрульдік полиция қызметкерлері заңды мүлтіксіз сақтайды, адал, әділ, шыншыл, ақиқатты ғана айтады деген сенімді көпшілікке қайтармаса, іс бітпейді.
Әрине өркениеті озық елдердің жаңалықтары жақсы ғой. Бірақ оларды бас-көз демей елге алып келіп, шаш ал десе, бас алатын үрдісте жүргізбеу керек. Өркениеті дамыған озық елдерде полицияның айтқаны болады. Өйткені жұрт олардың алдамайтындығына сенеді және полиция қызметкерінің өз ісін, заңды жақсы білетіндігіне күмән келтірмейді. Жемқорлыққа салынады деп ойламайды. Сондықтан полиция қызметкері бір нәрсе дәметіп тұр деген ой келмейді. Ол тек өз міндетін, жұмысын атқарып тұр. Бізде полиция дұрыс істеді, әділдікке сай дұрыс акт толтырды дегенді естімейсіз. Соған байланысты үнемі полиция ісіне сай дау туындайды. Бұл полиция қызметкерінің заңды нақты білетіндігіне және адалдығына мүлде сенім қалмағандығы ма дейсіз. Қазір құқықтық жағынан сауатты жандар аз емес. Ал полиция қызметкерлерінің бәрі бірдей құқықтық сауатты деп нық сеніммен айта алмаймыз. Сондықтан ІІМ органдарына түбегейлі реформаның қажеттігі айтпаса да түсінікті.
Себебі қолында билігі бар адамның кейде әділдікті белден басып жіберетіні жасырын емес. Өз өктемдігін жүргізу үшін заңның өзін идіріп, өз мүддесіне сай реттейтіндер де кездеседі. Ал бұл өктемдіктің астында талай адамның шындығы жаншылады. Ала таяқ та өктемдік етудің бір құралы ретінде көрініс бермесе дейсіз. Екінші жағынан ала таяқсыз біздегі жол-патрульдік полицияның ісі жүрмейтін болды. Бәрінен бұрын, кезінде осы ала таяқтың жол қиылысында көлік ағынын реттеу үшін жол полициясы қызметкеріне аса қажет екенін жүргізушілердің өздері айтқанда, полицияның өзі бой бермей қойып еді. Біз шетелдегідей қолмен-ақ бәрін реттейміз деген. Жүргізушілер кешкі ымыртта, түнгі кезде көше қиылысында тұрған көлік жүрісін реттеуші жол полиция қызметкерінің қолы қай бағытты көрсетіп тұрғаны анық байқалмай қалатынын айтып, ала таяқты осы реттеу барысына ғана қайтаруды да өтінген. Бірақ олар біз бәрін шетелдегідей істейміз, сондықтан ала таяқ енді қайтпайды деп кескен. Дегендері болмады. Ал мұның бәрі полицияның халық пікірімен санаспайтындығын білдіртсе керек.
Енді міне, ІІМ өзі ала таяқтар (жезл) тек жол қозғалысын реттеу үшін, әсіресе тәуліктің қараңғы уақытында және нашар көріну жағдайында керек екен дейді. Сондықтан жол-көлік оқиғалары және жолдарда кептеліс пайда болғанда, бағдаршам істемей қалғанда, көлік құралдарынан құралған колонналарды алып жүргенде, терроризмге қарсы жедел шараны және күзеттік іс-шараны өткізуде, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарын болдырмау және жою кезінде көлік құралдарын бағыттау мақсатында қолданылмақ. «Ала таяқты пайдалану реттеуші беретін белгілерді жол қозғалысына қатысушылардың қабылдауын жақсартады және полицейлердің қауіпсіздігін арттырады» дейді. Сөйтіп бүгінде жол жүрісін реттеу сары түсті кеудешелер мен арнаулы жарық шағылыстырғышты қолғаптар киіп, ала таяқ ұстап, ысқырықпен белгі беретін сақшылар ісін жаңалық пен жақсылықтың бірі деп қабылдауымызға тура келеді.