Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған біршама мәселе екшеліп, алда атқарылатын жұмыстардың бағыты сараланды.
Келер жылдан бастап жаңа ережеге сәйкес зейнетақы аударымдарына жұмыс беруші міндетті 10 пайыз аударымнан бөлек, қызметкердің жалақысының қосымша 5 пайызын қосып төлеуі тиіс болатын. Шыны керек, бұл қоғамда өте қызу талқыланды. Кәсіпкерлердің тарапынан түрлі өткір пікірлер айтылды. Президент Жолдауынан кейін бұл өзгеріс 2023 жылға шегерілгенін мемлекеттің қазіргі жағдайда қосымша төлемнің тиімсіз екенін түсінгенін көрсетсе керек. Экономист ретінде осы мәселеге қатысты мынаны айтқым келеді. Қосымша 5 пайыздық төлем салық түсімдерін көбейткенімен, жұмысшылардың жалақысының азаюына ықпал етіп, тіпті жұмыс берушілер вакансияларды қысқартуға да мәжбүр болуы мүмкін еді. Жарнаны көбейтпес бұрын алдымен халықтың еңбекақысын көбейтуге басымдық беру керек. Жаңа айтып кеткенімдей, оны жұмыс берушілер төлегенімен, бәрібір бұл фактор еңбекақының көлеміне кері әсер етеді. Онсыз да төмен жалақының үстіне жарна қосылса, жалақысы төмен халыққа қосымша жарна аудару міндеттелсе, күнкөріс қиындайды. Бұл мәселеде ешқандай қиындық туындамас үшін айлықтың межесін 30 пайызға жеткізу керек деп ойлаймын.
Екіншіден, зейнетақы қорындағы қаражатты әрбір адамның өзі басқаруына мүмкіндік беру туралы шешім аса орынды әрі қажет болып отыр. Бұл мәселе де еліміздегі экономист сарапшылар тарапынан біраздан бері айтылып келеді. Өз қаражатын өзі басқара алатын мүмкіндігі болған жағдайда халықтың жарнаны көбірек салуға ынтасы күшейеді. Мысалы жинақталған қаражаттың бір бөлігін ипотекаға тұрғын үй алу үшін жұмсауына болады.
Президент осы тапсырмасын тиімді жүзеге асыру тетігін анықтауды Ұлттық банкке тапсырды. Әлемдік тәжірибеде қалыптасқан мұндай құбылысты кейбір мемлекеттер жеке азаматтарға инвестиция ретінде пайдалану үшін беріп отыр. Мысалы, Малайзияда зейнетақы қоры есебінен қажылыққа бару мүмкіндігі қарастырылса, біз негізге алып отырған Сингапурда баспана алу үшін қордан қаражат алуға жағдай жасалған. Яғни, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, Мемлекет басшысы көтерген мәселелер халыққа тиімді және өте өзекті.
Мақсат ХАЛЫҚ,
экономист, Pro gente экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі