• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қыркүйек, 2019

Ауыл әжелері – сахна төрінде

710 рет
көрсетілді

Қазақ ұғымында әже – өнеге мен тәрбие мектебі, ұрпақ тәрбиесінің асыл кені, халқымыздың ұлттық болмысының, салт-дәстүр сабақтастығының, қазақы қадір-қасиеті жалғастығының жанашыры.

Бүгінгі әжелер келбеті қандай? Олар ел алдындағы, ұрпақ алдындағы өз парыз­дарын қалай атқарып келе­ді? Бүгінгі әженің бәрі бір­дей сырмақ тоқып, күбі піс­кен, киіз үйді жасантып, құрт-балқаймағын жайнатып отыр дей алмаймыз. Әрине бұл заман ағымына сай енген өзгерістер. Алай­да, әженің аты – әже, ол қандай өзгеріс болса да өз орнын жоғалтпай, өз мінде­тін сақтап қалуы тиіс.

Осы орайда Жаңаөзен қаласына қарасты Қызыл­сай ауылындағы Ұзақбай жырау Қазжанұлы атында­ғы мәдениет үйінде «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында әжелер байқауы ұйым­дастырылды. Шараның мақсаты жас ұрпаққа хал­қы­мыздың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрып түрлерінің тәр­бие­лік мәнін түсіндіру. Бай­қауға Теңге, Бостан және Қызылсай ауылдарынан елу жас­тан асқан он екі әже қатысып, өз өнерлері мен өмірлік тәжірибелерін ор­таға салды.

– Байқау төрт бөлімнен тұрды. «Мен әжемін ұрпа­ғым­ды әлпештеген» атты бірінші бөлімде сайыскер өзін таныстырса, екінші бөлім­де олар ұршық иіру­ден сайысқа түсті. Үшінші «Өнер сайысында» әр әже бір немересімен ән, би, күй, көркем сөз оқу сынды өнер­­лерін ортаға салды. Ал «Жан­күйерлер сайысы» деп аталатын соңғы бөлімде әр әже­нің жанкүйерлерінен бір адамнан ортаға шығып, қойылатын сұрақтарға жа­уап берді. Сұрақтар ескі салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар­дан қо­йылды, дейді шараны ұйым­дастырушы Жаңа­өзен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Ұлбазар Орынбаева.

Қызылсай ауылының құр­метті азаматы Күн­ба­ла Исаева мен Бостан ауы­лының тұрғыны, Бос­тан мәдениет үйінің зей­нет­­кері, әнші Қыр­мызы Қо­­жахме­това қа­зылық ет­кен әжелер сайысы қоры­тын­ды­сында бас жүлде Бос­тан ауы­лының тұрғыны Мең­дібаева Ырыстыға, қос бі­рін­­ші орын қызылсайлық Нет­­баева Лида мен теңгелік Мұқашова Құрбангүлге бұйыр­ды. Ал қос екінші орын­ды қос қызылсайлық әже Садуақасова Алтын мен Иси­на Марияш иелен­се, үшін­ші орынды да Қызыл­сай ауылының тұр­ғыны Илья­­сова Аманқос еншіледі. «Ме­йі­рімді әже» жүлдесі Әділ­баева Сұ­лу­шаш әжеге берілді. Қаты­сушылардың бар­лығы дипломдармен және ақша­лай жүл­делермен мара­патталды.

Әжелер сайысы – әже­лер­дің өз орнын танып, өз ат­тарына лайық болуға шақы­ратын шара. Әр әже өз биігін қалыптастырып, сайыстан орын алуға ұмтылу арқылы әже деген атауға сай болуға тырысатыны анық.

 

Маңғыстау облысы