Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын ұсынды. Бұл жолдау «Мәңгілік ел» бағдарламасын жүзеге асыруға арналған іс-шараның жалғасы екеніне көз жеткізді. Бұл бізді қуантады.
Елбасының алдымен экономиканы жүргізейік, сол кезде әлеуметтік мәселелер де шешілетін болады, осыларды реттеп алған соң саясатқа келеміз деген сөзін өмір көрсетіп отыр. Оған осы жылғы Президент сайлауы кезінде көз жеткіздік. Қазақстан халқы өткір саяси мәселелерді талқылауға белсенді қатысуға дайын екенін көрсетті. Жарысқа түскен саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыс өкілдері өз бағдарламалары мен жоспарларын сайлаушылардың назарына ұсынды. Нәтижесінде сайлаушылардың 80 пайызы дауыс берген болатын. Мұндай көрсеткішке алпауыт мемлекеттер де қол жеткізе алмауда. Өзінің тұңғыш Жолдауын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық диалог тақырыбына арнады. «Елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпайынша табысты экономикалық реформаларға қол жеткізу мүмкін емес» екендігін ерекше атап көрсетті. Осыған байланысты көп партиялылықты одан әрі дамыту, қоғамдық келісімді сақтау, халықпен тиімді байланыс орнату, митингілер туралы заңнаманы жетілдіру сияқты мәселелерге баса назар аударды.
Президент еліміздегі қоғамдық келісімді нығайту мен ұлтаралық байланысты жетілдіретін тіл мәселесіне де ерекше тоқталды. Бұл жөнінде ол: «Еліміздегі этностық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», деп атап көрсетті.
Президент өз Жолдауында сот пен құқық қорғау жүйесін жетілдіруге, бизнесті дамытуға, қаржы ресурстарын дұрыс бөлуге, халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуге, ел аймақтары арасындағы теңсіздікті жоюға және басқа да халықты толғантып жүрген мәселелерге ерекше көңіл бөледі. Тіпті нақты мысалдар келтіріп, проблемаларды шешудің тиімді жолдарын да ұсынып отыр. Мысалы, «7-20-25» бағдарламасымен пәтер алатын жанның айлық табысы 320 мың теңгеден кем болмауы керек көрінеді. Жағдайы төмен жандар оған қол жеткізе алмайды. Сондықтан осы жылдан бастап «Бақытты отбасы» жаңа бағдарламасы іске қосылған, ол кезде ай сайынғы төлем 2% және алғашқы жарна 10%-ды құрайтын көрінеді. Бұл, әрине әлдеқайда тиімді.
Білім беруге бұрынғыдай мемлекеттің дамуындағы стратегиялық рөл беріледі. Оқулықтардың сапасы және қала мен ауыл мектептерінің білім берудегі алшақтығы айтылды. Сондай-ақ Президент жас мамандарды ауылға жіберудің механизімдерін ойластыру керек екенін атап өтті. Жоғары оқу орындары жұмысының сапасын және ғылыми-зерттеулердің тиімділігін арттыру мәселесіне де тоқталды.
Бұл Жолдаудың тағы бір ерекшелігі, ол қоғам мен биліктің өзара ықпалдасқан іс-қимылының осы түрі неғұрлым тиімді екенін ескертіп, азаматтарды ашық диалогқа шақыруы. Президент шешімін күтіп тұрған мәселелерді де ашық айтып, дәлел келтіре отырып сынады да. Мысалы, кейінгі 5 жылда атаулы әлеуметтік көмекті қажет ететіндер 77 мың адамнан 1,4 млн адамға жеткендігі және оған бөлінетін қаржының да 2017 жылдан бастап 17 есе өскендігін атап өтті.
Осы тәрізді өзекті, шешімін күтіп тұрған мәселелердің бар екенін ашық айта келе, оларды шешудің ұтымды жолдарын да ұсынды, бұл халықтың көңілінен шығады деген ойдамын.
Бақытқали МҰСАБЕКОВ,
Қарағанды облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бас менеджері