Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын оқығанда менің ойыма Оңтүстік Африка Республикасының Президенті, Нобель сыйлығының лауреаты, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Нелсон Манделаның: «Все национальные группы пользуются равными правами. Богатство страны принадлежат всему народу. Земля принадлежит тем, кто ее обрабатывает. Все равны перед законом. Работа и обеспеченность всем. Путь к образованию и культуре открыт для всех. Людям должны быть предоставлены удобные жилища. Должны царит мир и дружба» деген сөздері оралды. Бұл тегін емес. Мұның терең сыры, сымбаты бөлек жыры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы алға қойған міндеттері мен ойларының үндестігінде, егіздің сыңарындай ұқсастығында. Бұл біздің сүйікті, иықты Президентіміздің Мұстафа Кемел-Паша Ататүрік, Франклин Рузвельт, Дэн Сяопин, Ли Куан Ю, Махатхир Мұхамад, Маргарэт Тетчер, Лювич Эрхард сынды алыптармен қатар тұрған әлемдік деңгейдегі аса салмақты, асқан парасатты саясаткер екендігіне айқын айғақ.
Ең өткір, өзекті мәселенің бірі – Жер. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның сөзімен айтсақ: «Жер, жер және жер. Өйткені жерсіз Отан жоқ, жерсіз адам жоқ, жерсіз мемлекет болмайды». Тіріде – төрің, өлгенде – көрің жерден қымбат не бар?! Шетелдерден іздемеңдер жақұтты, елсіз, жерсіз бола алмайсың бақытты. Үндістердің көсемі Сиэтл Дювамаш АҚШ Президенті Франклин Пирске 1885 жылы жазған хатында: Вашингтондағы үлкен кісі, Сіз біздің жерімізді сатып алу жайлы айтыпсыз. Ал оныңыз біздің көкейімізге қонбайды. Аспан аясын, жер жылуын сату, сатып алу мүмкін бе екен?! Жердің жібек желі, өзен-көлдің ажар реңі біздің меншікті мүлкіміз емес, оны бізден сатып алу деген не сөз? «Жер – адамның мүлкі емес, адам – жердің мүлкі!» депті. Қандай даналық, неткен көрегендік! Үндістердің хат танымаса да ақыл ойы мен парасатты асыл сөзі АҚШ сынды ұлы держава патшасының ойын он орап, өзін жүз бүктеп тұрған жоқ па?! Ал біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында былай дейді: «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды.Оған жол берілмейді.
Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз.
Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр.
Жерге салынатын тікелей салықтар деңгейінің төмендігі жағдайды күрделендіре түсті.
Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр.
Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген латифундистер көбейіп кетті.
Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс.
Үкімет пен Парламент осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсынуы керек.
Бұл – өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін емес».
Үнді көсемінің ойымен бір жерден шығып, Әлихан Бөкейхан сөзімен әдемі үйлесіп, үндесіп тұрған жоқ па?!
Бүгінде көп адамның, әсіресе көп балалы отбасының бас уайымы – баспана. Көптің көңілін күпті еткен осы күрмеуі қатты күрделі проблема жайлы Жолдауда қысқа да нұсқа, нақты, мықты да мығым айтылған. Оқып көрелік:
«Сондықтан биыл Елбасының бастамасы бойынша 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен, пайыздық алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Бұл – өте тиімді жеңілдік.
Жыл соңына дейін бұл бағдарлама бойынша кем дегенде 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Бірінші кезекте, көп балалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар қамтылатын болады. 2020 жылдан бастап жыл сайын осындай 10 мың отбасы баспанамен қамтылады.
Үкімет бағдарламаға қатысуға арналған айқын критерийлер белгілеп, оны қатаң әкімшілендіруді қамтамасыз етуі керек. Шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға ғана қолдау көрсетілуі тиіс.
Менің Үкіметке тапсырмам – кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керек. Бүгінде олардың саны 30 мыңға жуық».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген уәдесіне беріктігін оның сайлауалды бағдарламасын кезек-кезегімен орындап жатқанын ескерсек, бұл – сертке соққан семсердей сөз екенін ойлап, көңіл шіркін көкке өрлейді.
Айта берсек, Жолдаудан үзінді келтіріп, кереметтерді тізбелей берсек, сөз ұзай береді. Мәдениет пен әдебиет, өнер жайлы, тіл туралы толымды ойлар толғап, оған байланысты проблемаларды шешудің жолдарын айқын айтқан парасатты пікірлердің жөні тіптен бөлек. Жолдаудан: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген сөздерді оқығанда, жүрек шіркін аттай тулайды. Президент Жолдауында айтылған адам зорлау, есірткі тарату, педофил, адам саудасы секілді аса ауыр қылмыстарға қатысты жазалау шараларын күшейту жайлы сөзі де аса маңызды. Бүгінге дейін осындай ауыр қылмыс жасағандар бірер жыл түрмеде отырып, жеңіл жазамен құтылады да темір тордан шыға салып, қайтадан қылмыс жасайды. Енді оларға қылбұрау салынатын болды. Бәрекелді! Айуандарға аяу жоқ!
Президент Жолдауы – ел өміріндегі аса елеулі оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында:
«Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді.
Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық.
Бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор жетістікке жетеді деп сенемін!
Баршаңызға амандық, табыс тілеймін!» деп түйіпті.
Мақсат – айқын, міндет көп.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихы жақсы басталды. Алда еңбекпен, бірлікпен еңсерілетін тарихи міндеттер тұр. Енді Мемлекет басшысының: «Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын» деген сөзіне орай іс-әрекет жасауымыз керек. Жолдауды халыққа түсіндіру парыз. Түсіндіру аз, әрқайсысымыз асқаралы міндеттерді орындау үшін аянбай еңбек етуіміз ауадай қажет.
Мен білемін не табуды, нені іздеп,
Еңбек қана елдің ұлы дегізбек, – деген Мұзағаң, Мұзафар Әлімбаев сөзі әрдайым жадымызда болып, соған орай еңбек етсек нұр үстіне нұр.
Сәбит ДОСАНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты