• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әдебиет 12 Қыркүйек, 2019

Жүсіпбек Қорғасбек: Бізде әдеби дискуссиялар аз

491 рет
көрсетілді

Қысқа да нұсқа жазғым келеді. Өмірдің мысалынан алыстағым келмейді. «Шымыр жазайыншы, көлгірсіп кетпейінші» деймін. Жазып отырған сөздерім кейде өлеңге ұқсап кетеді.

Екінші дүниежүзілік соғыс­та қолға түскен ағалары­мыз­­ды «азиат» дейтін. Бүгінгі жиынға байланысты сол есіме түсіп тұр. Орхан Памук бір сұх­батында Түркия қазір мәдени жағы­нан шығыстан гөрі батысқа жақын деген ой айтады. Кейде батыс пен шығыстың ортасында теңселіп тұрған кемеге ұқсайды дейді.

Осыдан он-он бес жыл бұ­­рын Гете институтының ұйым­дастыруымен Германияда болдым. Сонда лауазымды адамнан: «Түркияның Еуроодаққа өту мүмкіншілігі қандай?» деп сұрадым. Ол: «Діні басқа, ділі басқа Түркия Еуроодаққа қа­лай өтеді?», деді. Ақыры соған келді.

Сол айтпақшы, біз ең алды­мен қазақ жазушысы болып есептелеміз. Бірақ батыс елде­ріне таралмасақ, танымал жазушы бола алмаймыз. Себебі Түркі әлемінде, Азия елдерінде батыстағыдай ірі халықаралық әдеби сыйлықтар жоқ.

Мо Ян мен Орхан Памук Нобель сыйлығының арқасын­да танымал болды. Осы форумнан сол екі жазушыны кө­реміз бе деп үміт­тенгенімізді жа­сыр­маймыз. Себебі екеуі де жазушылықтың қыр-сыры туралы жиі айтады. Екеуінің шығармашылық туралы бір-біріне берген сұхбаты да бар. Олардың қоғамдық тал­қы­лаудан қорықпауы, қоғам­мен ашық әңгімеге баруы үлгі алар­лық нәрсе. Мысалы, Ор­хан Памуктың «Қар» атты романы негізінен дискуссиялық шығарма. Қазіргі қоғам тал­қы­ны, дискуссияны жақсы көре­ді. Егер ондай қадамға бар­масаң, позицияңды беріп қоясың.

Мен «Өнер» деген әңгіме жаздым. Ішінде аздаған интригасы және бүгінгі заманның сауалдары бар. Өнер белгілі жазушының алдына бойжеткен қыз бейнесінде келеді.

Көлемі алты-ақ беттік осы әңгімені Қазақстандағы белгілі үш-төрт сайт көшіріп басты. «Кітап.kz» сайтында жылдың үздік әңгімесі атанды. «Абай.kz» порталында редакция таң­дауының қатарына кірді. Со­нымен бірге Ұлттық аударма бюро­сының ұйымдастыруымен алты тілге аударылды. Қызық­қан әдебиетшілер болса, сол жерден тауып оқуына болады.

Оған қоса бір жылда жеті әдеби эссе жаздым. «Тораңғы және Тұрсынжан», «Аңыз Шер­хан», «Аңыз Мұхтар Мағауин» сияқты эсселерімді газет-журналдар мен сайттар бірінен бірі алып көшіріп басты. Бір сөзбен айтқанда, әдеби сын тоқыраған кезде әлеуметтік желі өлшем болып тұр.

Сөзімнің басында айт­қа­нымдай, әдебиетте дискус­сиялық мәселелерді көтеру керек. Онда көтерілген мәселелер бас­қадан гөрі тұщымды жазылады әрі адамның ішкі мәдениетін қалыптастыруға да жақсы.

Осы ыңғайда бір әңгіме айт­қым келіп тұр. Соңғы жылдары түрегеп тұрып жазуды әдет­ке айналдырдым. Жұмыс кабинетіме соған ыңғайлы мін­бе сатып алдым.

Үйде де терезенің алдында тұрып жазғанды жақсы кө­ремін. Мұны шығармашылық ада­мының жазуға деген адалды­ғы­нан деп білемін. Қалам қал­ғып­ кет­пеуі керек деп ойлаймын. Осындай жазушының жаз­ға­ны керек пе, керек емес пе?

Жақында бір жақсы досыма іле­сіп, қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсіреповтің мұражайына бардым. Түрегеп тұрып жазатын жазу үстелін сол жерде көрдім. Елу-алпыс жыл бұрын қолдан жасатқан екен. Шынтағымды тіреп, жа­ғым­­ды таянып тұрып суретке түстім. Сонда ойыма не келді?

Егер оның «Этнографиялық әңгімесі» бүгін жазылса, әлеу­мет­тік желі басқаның бәрін ұмы­тып, соны талқылар еді. Бұл әңгіме қазақ қоғамындағы бас­қалар жабық тақырып деп есеп­тейтін мәселені ашық талқыға алып шығуымен құнды. Ондағы интрига кеңес заманында да, тәуелсіздік алғаннан кейін де, нақ бүгінгі күні де өзектілігін жой­ған жоқ.

Қазір ұлттарды қойып, құр­лықтар арасында үнсіз бәсе­келер мен текетірестер жүріп жатыр. Маған сол бәсеке әде­биетте де бар сияқты көрінеді. Ұлы державалық әдебиет ұлт­тық әдебиетті мысымен басып тұр.

Біз сол үлкен әдебиеттердің стан­дарттарын қабылдауымыз керек тәрізді. Мәселен, шығыс ежелден миниатюраға жақын. Роман деген оқырманды тартып тұратын магиялық құдіреті бар жанрды алып қараңызшы. Қазір романның көлемі сақтал­майтын болды, ендеше неге ро­манға қойылатын шарттар сақталуы керек.

Романды дәуір сипатын береді деп ауырлатудың қажеті қан­ша. Оған дәуірдің жүгін ар­қа­латып неғыламыз. Мен жо­ға­рыда көлемі алты-ақ бет­тік әңгіме жаздым дедім. Сол сияқты көлемі жетпіс-ақ бет­тік тағы бір роман жазып шық­тым. Біз шығыстың үлгі­сі­мен жазсақ, сыншылар бізді ба­тыстың үлгісімен талдайды. Міне, қорлық!

Бүгінгі заман қай жағынан алып қарасаңыз да интриганың заманы болып тұр. Біз бас­тан өткеріп жатқан күндерде ро­манға лайықты күшті интригалар мен персонаждар бар. Жазу­шы оны ала салып, жаза салмайды.

Әдебиетке де кешенді түр­де жұмыс істеудің жолдарын әкелу керек. Арнайы тақы­рып­тарға кино түсіру үшін ал­дын ала қаржы бөлінеді. Ал кітап жазуға алдын ала қаржы бөлінгенін естіген емеспін. Қа­зақтың меценаты Маман Тұ­рыс­беков осыдан жүз жыл бұрын: «Роман жаз, роман жаз­саң осынша ақша беремін» депті.

Әдебиет өндіріс ретінде кім­дерге жұмыс істейді. Ақыл-ойға ақша төленетін заман­да, әдебиетке неге ақша төлен­бейді? Ұлтты қойып, Азия деген алып құрлықтың өз философия­сы сақтала ма? Біздің бүгінгі, ер­теңгі болмысымыз қандай бол­мақшы?

Жеке мысалмен айтсам, осы­­мен менің үш бірдей шығар­мам бойынша көркем фильм түсіріліп отыр. Одан басқа жетіс­тіктерімді жоғарыда айттым. Қазір қазақ әдебиетінде мен сияқты еңбек етіп жатқан­дар жоқ емес. Алайда олардың ең­бегі көп көріне бермейді. Өз ішімізде ғана бір-бірімізді танимыз. Сыртқа шыға алмай жатырмыз.

Тереземнің алдында тікем­нен­ тік жазу жазып тұрып күн­­діз-түні ойланатыным осы. Меніңше, бүгінгі өтіп жат­­қан форумның басты бір мақ­саты да осы болуы керек. Бір-­бірімізді қолдайық, ортақ оқыр­манымызды көбейтейік, шығармаларымыздың насихатын бірлесіп жүргізейік, үлкен әдеби сыйлықтар белгілейік дегім келеді.

 

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,

жазушы