• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Спорт 12 Қыркүйек, 2019

Аты аңызға айналған алып

850 рет
көрсетілді

Алдымыздағы сенбі күні елорда төрінде күрес түрлерінен әлем чемпионаты басталады. Бұл Токио Олимпиадасы қарсаңында ұйымдастырылып отырған лицензиялық мәртебесі бар ресми жарыс болғандықтан күллі дүниеде күрестен үміті бардың бәрі қатысары анық. Қысқасы, алуан-алуан мықтылар бозкілемде белдесіп, білек қарымын танытар алапат айқас болайын деп тұр.

Аталған жарысқа балуандармен қатар, құрметті қонақ ретінде ғалам мойындаған мықтылар да келіп, чемпионаттың нәрін кір­гізіп, сәнін көркейтпек көрінеді. Соның бірі – адамзаттың алыбы, классикалық күрестен (грек-рим күресі) аса ауыр салмақта 3 дүркін Олимпиада, 9 дүркін әлем, 12 дүркін Еуропа чемпионы Александр Карелин.

Аты аңызға айналған алып жайлы әңгіме көп. Бірде Новосібір қа­ла­сының шетінде орналасқан әрі тәртібі нашар оқушыларға арналған мектепке Карелин кездесуге барыпты. Оқушылар одан нашақорлық жайлы сұрағанда: «Ит істейтін ісі болмағандықтан, бұтын жалайды, ал ақымақ адам ғана  наша ше­геді» деп дүңк еткізіпті. Бар бол­ғаны осы бір ауыз сөзден кейін мек­тептің есірткіге әуес балалары сап ты­йыл­ған көрінеді.

Александр Карелиннің ең бір жек көретін ісі – туған күн ме­рекесін даңғазалап тойлау. «Неге олай?» дегендерге  дастарқан басына жиналып алып бір-бірімізді асыра мақтау, онсыз да белгілі оқиғаны көбіршіктетіп көбейту қисынсыз қылық дейтін көрінеді.    

Осы орайда болашақ ұрпақ үшін, сондай-ақ бозкілемде бел­десіп, спорттық өмірге қадам бас­қан жасөспірімдер үшін атақты балуанның өмірде қатаң ұстанатын қағидаттары жайлы айта кетсек артық болмас. Сонымен А.Карелин­нің қағидаттарына назар салыңыз.

 Өмірде мен үлгі тұтатын адам  – әкем. Бірде әкем мені шақырып алды да,  теледидардан атақты бал­уан Иван Ярыгинді көрсетіп, «Мына адамға жақсылап қарап ал. Бұл красноярлық даңқты балуан. Дәл осы адамдай бол» деп бұйырды. Мен әке үкімін орындау үшін күрес кілеміне шықтым. 

Алғаш күресті бастағанымда әкей: «Ұпай санымен ұту дегенді ұмыт. Тек қана таза жеңісті қанағат тұтатын бол!» деді. Бұл сөз менің ғұ­мырлық қағидатыма айналды.

 Тағдыр адам баласына қайткен күнде өте көп мүмкіндік сыйлайды. Ең бастысы, оны аңғармай босқа жіберіп алудан сақ болған жөн. 

 «Жарыс дегеніміз – көрермені бар жаттығу» дегенді танымал бап­кер, мені жаттықтырған маман Вик­тор Михайлович Кузнецов үнемі айтатын. Мен жылына он­даған жа­рысқа қатысып, жеңіс­ке жету арқылы басқаларға «Карелин­ді жеңу қиын» деген түсінік қалып­тастырып үлгердім.

  Жеткен жетістігімнің 5 пайызы – талант, қалғаны еңбек, яғни төгілген тер. Чемпион болуды ар­­ман­даған адам – еңбек етуден қаш­пағаны жөн.

Балуан ретінде күрестің өте көп әдіс-тәсілін білемін. Бірақ то­лық игергенім үш-ақ әдіс. Ұдайы жеңіске жетуіме осының өзі жет­кілікті болды.

Барселона Олимпиадасынан (1992) кейін күресті доғарғым келді. Бапкерлер маған «Саша, қарасаңшы сенің алдыңда кім тұрғанын. Александр Васильевич Медведь. Бұл адам 3 дүркін Олимпиада чемпио­ны. Ал сен ше?». Осы сөзден кейін қолма-қол жаттығуға кірістім.

Барлық әлем біріншілігін бі­рік­тірсең де, бір Олимпиаданың жүлдесіне  татымайды.

Өзіме ыңғайлы, классикалық күреске тоғыс­тырған тағдырға ризамын. Егер бұл күрес пен менің икемім үйлеспесе, зор жетістікке жетпес те едім. 

Думаға депутат болған ал­ғаш­қы жылы имиджмейкерлер келіп: шашыңды тым қысқартпа, сөз мәнеріңді түзе, джинси киме, джипке отырма деп ақыл айта бастады. Бұл маған ұнамады. Мен: «Одан да осы мәртебелі жиынға ер­нім­ді бояп келсем қалай?» дедім. Шын мә­нінде адам өз болмысымен қым­бат. Жасанды қылық жараспайды. Мені сайлаған халық. Олар тіпті боқмұ­рын кезімнен біледі. Ұят емес пе?.

Ереже өзгергендіктен жеңілдім дейді көптеген балуандар. Нағыз балуан ережесіз де жеңеді. Төрешіге жалтақтап одан «сый» дәмету жігіт­ке жараспайды.

«Әлем мемлекеттері Олим­пиа­даға қатысушы­ларды дайындайды, ал Ресей Олимпиада чемпиондарын дайындайды» деген тәмсіл бар. Бұл рас енді. 

Балаларыма балуан бол де­меймін. Бірақ интернеттің бұ­ғауында болғаннан гөрі спортпен шұғылданған артық екенін ескер­темін. Қайткен күнде спортшы болу міндет емес, бірақ азамат болу адамға парыз.