• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Қыркүйек, 2019

Полицияның «беделі»: Бір жарым жыл өтсе де, ұрылар ұсталмады

256 рет
көрсетілді

Өткен жылдың 24 ақпанында үйімізге ұры түсті. Ұл-қыздарымыздың тұрмысын жақсарту, ертеңін қамсыз ету мақсатында жинап жүрген қаражатымыз бен құнды дүниелеріміздің орнын сипап қалдық.

Сөйтіп, ұрылар отбасыма 17 660 000 теңгеге ірі мөл­шер­де залал келтірді. Мұн­дай­да, әрине, бірден Түркістан қалалық Полиция басқармасына хабарлап, арыздандық. Міне, содан бері бір жарым жыл өтті, ұрылар ұсталмады, тиісінше дүние-мүлкіміз де «жер жұт­қан­дай» із-түссіз жоғалды.

Полиция департаментінің табалдырығын тоздырумен бір жарым жыл өтті. Сондағы ести­ті­німіз – ҚР Қылмыстық ко­дек­сінің 188-бабы «Ұрлық» бо­йынша, СДТБТ-не тіркеуге алы­нып, қылмыстық істің қоз­ғал­ғаны. Іске қатысты шаралар атқарылып, сұрастыру жұ­мыстары жүргізілгенін де бар­ған сайын естиміз. Сөзден, қа­ғаз­ға түсірілген осындай құрғақ жауаптан басқа дәнеңе жоқ. Ұрылар қылмысын мойындап, полицейлердің алдына келмесі анық. Осындайда күдікті ойлар­дың да көбейетіні заңды. Ұр­лан­ған дүние қомақты. Ұрылар полицейлермен сол ақшаны бөлісіп алған болар деген ой да қылаң береді. Құқық қорғау орнына деген сенім де жоғала бас­тады. Полицияның беделіне қатысты Президент жуырдағы Жолдауында көңілге қонымды, көпшілік қолдайтын мәселе көтерді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақ­ты­лығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жол­дауында құқық қорғау жүйе­сін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі еке­нін атап өтті.

Иә, полиция қызметіне бү­гін­де сын айтушылар көп. Өз қызметіне адал азаматтар да баршылық. Дегенмен, тұр­ғын­дардың арыз-ша­ғымына, қылмыстың алдын алу немесе қылмыскерді құрықтауға салғырт та нем­құ­рай­ды қарай­тын­дары, осылайша, полиция беделіне нұқсан кел­тіретіндері де, өкінішке қ­арай, аз емес.

Түркістан облысы Полиция департаменті басшылығының берген жауабына қарағанда, біз­дің үйде орын алған пәтер ұрлығы ауыр санаттағы ұр­лыққа жатады. Өткен жылдың 6 айында үш ауыр санаттағы пәтер ұрлығы тіркелсе, 2019 жылдың 6 айында тіркелген ауыр санат­та­ғы пәтер ұрлығы жетеуге жеткен. Яғни, екі есе өскен. Ұры­лар ұсталмаса, пәтер тонау­шы­лардың еркінси, яғни мұн­дай қылмыстардың көбейе түсері күмәнсіз. Ұрлық­тан отба­сыма келтірілген залал тұр­мыстық жағдайымызға кері әсе­рін тигізіп қана қоймай, алаң­сыз тірліктен де айырды. Бүгінде бізде үрей басым, үйден алыс шығуға қорқамыз.

Осы орайда, тиісті орган­дар, Түркістан облысы По­ли­ция департаментінің бас­­шылары полиция беделін тү­сі­ретін әрекетсіздікті әшке­ре­леп, істі созбалаңға са­луға жол бергендерді жа­уап­қа тарт­са екен. Әрбір қыз­мет­­кері жауапкершілікті жіті сезі­­ніп, адал еңбек еткенде ғана, Мем­лекет басшысы айт­қан­дай, полиция қауіпсіздікті қам­та­ма­сыз ету үшін аза­мат­тар­ға қызмет көрсететін органға айналады.

 

Бекболат ҚАСИМИНҰЛЫ,

Түркістан қаласының тұрғыны