• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Әдебиет 12 Қыркүйек, 2019

Бір дүбір естіледі дала жақтан

2288 рет
көрсетілді

Бүгін назарларыңызға есімі айтыс аламанынан жақсы таныс, жазба поэзияда қолтаңбасы бөлек, телқоңыр ақын Тілеген Әділовтің бір топ өлеңін ұсынып отырмыз. Ақынның автопортреті  – өзегін жарып шыққан өлмес өлеңдері болса керек. Ендеше, сол өлеңдер сөйлесін.

Тілеген Әділов 1974 жылы 28 маусымда Қарағанды облысы, Шет ауданы, Қармыс ауылында туып-өскен. Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің түлегі. Бірнеше, облыстық, республикалық айтыс, мүшәйралардың жүлдегері.

Жоқ іздеу

 

Желісе....

Жер танабын қуырған,

Шашасы терге жуылған.

Шоқтығы Алатаудай,

Қабырғасы Қаратаудай.

Терісі құндыздай,

Қос көзі жұлдыздай.

Бұтынан Бұлан өтетін,

Қолтығынан Құлан өтетін.

Қос құлағы ашасындай бақанның,

Қос танауы ауызындай апанның.

Сауырына Сарыарқа сиятын,

Бауырына Жаңарқа сиятын.

Екпіні тас құлатқан,

Жанардан жас құлатқан.

Жортса...

Жотадан жотаға жоситын,

Кісінесе кісі шошитын,

Тұл құйрығы бір тұтам

Қазанат іздеп келемін.

 

Тәнімді самалға сергітіп,

Ас орнына жел жұтып,

Алақаныма Бөрі бұршақ салғанымда,

Бүгіліп, Бөрі құрсақтанғанымда,

Сүрінгенімді білдірмей,

Дұшпандарымды күлдірмей,

Бармағын бүкпейтін,

Жауымды бүктейтін,

Қауіптің қара бұлты тұрса да,

Қабырғасы сынса да

Қабағын шытпайтын,

Туымды жықпайтын,

Мұзға салсаң —

Табанына сыз батпайтын,

Шоққа салсаң —

Табандап міз бақпайтын,

Мен үшін қан қақырған,

Көз ілмей таңды атырған,

Жауырыныма қадалған жебені

Тісімен жұлатын,

Өлгенде тәнімді жеркенбей жуатын,

Аузымды толтырып айтуға тұратын

Азамат іздеп келемін.

 

Қаладан далаға қонып,

Даладан қалаға қонып,

Қазанат іздеп,й

Азамат іздеп қаңғырып,

Күнді түнге, таңды, міне, таңға ұрып,

Таба алмай жүрмін,  қарағым,

Таба алмай түбі қаламын,

Қиялдай-қиялдай мен осы

Қияли болып барамын.

***

Менің жалғыз досым бар кешірімді,

Жүрекке жазам сенің есіміңді.

Сол ғана шеше алатын тағдырымды,

Сол ғана бере алатын несібімді.

 

Менің жалғыз досым бар мейірімді,

Сол ғана тазалайтын пейілімді.

Сол ғана аша алатын құпиямды,

Сол ғана баса алатын күйігімді.

 

Менің жалғыз досым бар ұлықтайтын,

Менің әрбір ісімді сұрыптайтын.

Мен оны талай жерде ұмытқанмын,

Бірақ Ол — мені ешқашан ұмытпайтын.

 

Менің жалғыз досым бар асқақ, айқын,

Сол жайлы сыр шертеді аспан,  Ай, түн.

Мен оны қаншама естен шығарғанмын,

Бірақ Ол — мені ешқашан тастамайтын.

 

Менің жалғыз досым бар пәк, тым ол паң,

Кейде соған жібімей қатты қолқам...

Мен бірақ сол досыма қатты сенем,

Мен бірақ сол досымнан қатты қорқам.

 

Сол досым жайлы бүгін жыр қылайын,

Жылжып күнім, барады сығып айым.

Менің жалғыз досым бар серігі жоқ,

Ол өзіңсің жаратқан — бір Құдайым.

ҚАРА ШАНА

Қара жерге қар түсіп қарашада,

Жауған қарға мәз болып бала-шаға.

Қырбық қардың үстімен сырғып барад,

Қара бала сүйреген қара шана.

 

Ойнасам ба? қосылып бала құсап,

Жаяр дейсің кім маған дара құшақ?

Уақыт сырғып барады, уақыт сырғып,

Қара бала сүйреген шана құсап.

 

Қара шана із салып бара жатыр,

Салған ізін қар көмер қара да тұр.

Қарсы алдынан күтіп тұр, қара тақыр,

Қара тақыр дегенім қара жер ғой,

Қара жерге тіреліп қалады ақыр.

 

Тотығарсың, бозарып ағарасың,

Мейлі жаның шөліркеп қаталасын.

Табақтас боп жүргендер тарылса егер,

Кім бере қояр дейсің адал асын.

Бұл тірліктің ақ қары таусылғанда,

Қара жерге сенде ертең қадаласың.

 

Қара шілік, қалтырап дала сұлық,

Қара суға мұз қатқан, қара суық,

Ойнап жүріп білмеді күн батқанын,

Қар мен терге су болып қара шұлық.

Қарасы үйдің көрінбей қалған кезде,

Қараша үйге жүгірді аласұрып.

 

Әлгі бала білмеді күн батқанын,

Ымырт жайлап, жапқанын түн қақпағын.

Аттамаған ешкімнің ала жібін,

Таптамаған бала ғой мұң батпағын.

 

Қалаға тұр тұмсығын түн матырып,

Аспандағы ай сұлық сырға тұнып.

Дүниенің шанасын сүйреп жүріп,

Бізде бір күн алармыз күн  батырып.

***

 

Сол кезден-ақ мұңлы кісі киік ем

Серік Сағынтай

 

 

Ісі биік...

Ізетпен тұратұғын кішірейіп.

Түсінейік...

Өзегі өрт боп жатқан, іші күйік,

Сағымдар арасынан сені іздеймін,

Елден жырақ бөлінген кісі киік.

 

Елден жырақ бөлінген тұйық кісі,

Сен едің ғой бауырдың иықтысы.

Әлде қашан исінген жүрегімді,

Иіткісі келеді  иіткісі,

Мен сені сағындым ғой киік кісі.

 

Кісі киік боп барам мен де бірақ,

Жүйткіп-жүйткіп шаршадым желмен шұбап.

Көк аспанға киіктей шапшыған мен,

Кете алмаспыз ажырап жерден бірақ.

 

Кісі киік, шаршадым қала жақтан,

Бір дүбір естіледі дала жақтан.

Алтуайттың бауырынан киік көрдім,

Есіл жаққа есілтіп бара жатқан.

 

Күйігін басамын деп қанша мына,

Киігін бауырындағы аңсады ма?

Жыланды жылап-жылап жатып қалды,

Өзіңді күте-күте шаршады да...

 

Қайран киік ойларым жамыраған,

Үркіп қашып даңғаза дабырадан.

Түсіме қасқа киік кіреді ылғи,

Есілден ел қарап маңыраған.

 

ДОСТАСУ

 

Тарқады бітті базарлы мына сауық күн,

Келерін білмей қай жақтан қандай қауіптің,

Екінің бірі дос болып маған көрініп,

Бекерден-бекер борбайлап босқа шауыппын.

 

Сазарған беттен сұқса да пышақ, қан шықпай,

Шыдайсың енді кеудеңнен жатса жан шықпай.

Қара түн, неге үңілдің маған қыңсылап,

Желіні сыздап күшігі өлген қаншықтай?!

 

Жанарда жас жоқ,  жылайын десем,  құп-құрғақ,

Муза кеп түртті бүйірден мені тұр-тұрлап.

Айна көліме айналып қонар ма екенсің,

Төбемнен ұшып, суылдап барад сұқсыр бақ.

 

Тарпыған тарғыл тасты да тарпаң тарланым,

Талғамым...

Абадан еді-ау атылып шыққан арманым.

Біреуді дос деп аузымды аша бергенде,

Шайнаулы менің қалады ылғи бармағым.

 

Өз жағама жатқанда өзім қылқынып,

Мөп-мөлдір болып жүректе жатыр жыр тұнып.

Қып-қызыл тасқа сүйретіп қызыл құйрығын,

Неге ылғи мені алдайсың, құрғыр түлкі үміт.

 

Жып-жылы мына төсектен неге безіндім?

Қара сұр түннің жалын жастанып, көз ілдім.

Кірпігім құлап байлана енді бергенде,

Ояндым шошып дауысымнан өзім өзімнің.

 

Мені аңдып тұрған бір Алла ғана сенем мен...

Ілініп.... Орақ ай ғана үңіліп тұрған төбемнен.

Араз ем мүлде, тағы да, міне, достастым

Байырғы досым, бұрынғы досым өлеңмен!

АҒАМА

 

Жер — ана куә маған, аспан ана,

Таңылдық, тамыр салдық тас қалаға.

Тербетіп сізді өсірген, бізді өсірген

Аман ба біздің ауыл, Асқар аға?

 

Тірлігін тер шірітер қара тайдың,

Елеусіз жолда қалған тағадаймын.

Ауылы тыныш па, аға, бір ақынның,

Бауыры бүтін бе, аға, Манатайдың?!

 

Кеткендей жылай-жылай етің де өліп,

Дүние сырт айналар бетін беріп.

Жатыр ма Саржанқашқан сап-сары боп,

Сап-сары сағынышым секілденіп...

 

Мен неге ауылымнан алшақтаймын,

Ішімді тырнайды ылғи қарсақ-қайғым.

Өксіп-өксіп жылағым кеп тұрғаны-ай,

Басына шығып алып Қарсақбайдың.

 

Балаң ем елден жырақ көші кеткен,

Ел десе ақылы ауып, есі кеткен.

Басына шығаршы аға Тесіктастың,

Алқынсын, аласұрсын тесік өкпем.

 

Құлын ем, қүлыншақ ем қара құлақ,

Ел жайлы көп айтпадың, аға, бірақ.

Жасындай қос көзімнің оңашада,

Жатыр ма жылап ағып Ара бұлақ?!

 

Ақын ем аты шыққан атырапқа,

Келемін қарсы шауып ақыры отқа.

Апар да Тасқазғанға тас қаздыршы,

Шылансын маңдай терім топыраққа.

 

Көз жасын көл ғып төкті аспан ана,

Ел жайлы жаза алмадым дастан, аға.

Атыңның артына, аға, мінгестіріп,

Ауылға ала кетші, Асқар аға.

 

***

Қара тасын қына қаптаған,

Қасқыры тыныш жатпаған,

Қарсағы иттей үретін,

Қояны қойдай өретін,

Бұғылының саласын,

Үңіректің жағасын,

Кетемін қалай жыр етпей,

Ақ селеу шөбі жібектей,

Бүлдіргені жүректей,

Сарымсағы білектей,

Шортандының бойында

Кіретін көкпар ойынға,

Жанымды жүрген жүдетпей,

Тау торым қалды сол елде

Табаны жалпақ күректей.

Ұшса жер апшысын қуырған,

Өкпесін аңның суырған,

Ұшатын бап тілетпей,

Сығымы сықса тесетін,

Шеңгелі пышақ кесетін,

Балдаққа қол тіретпей,

Шыдамай білек майысқан,

Балақ бауы қайыстан,

Сарысудың бойында

Құсым қалды-ау түлектетей.

Сарысудың бойында

Сары ала тазы жүгірткем,

Садақтай белін бүгілткем,

Сүр салып күбі түбіне,

Пістіріп күні-түні де,

Сары қымыз сапыртқан,

Сал-серіні шақыртқан,

Сары ала қазы туратқан,

Сары азбан асау тулатқан,

Сары судың бойында

Сары ала қамшы қолға алып,

Арлы да берлі толғанып,

Қазан толы сорпаны,

Ши түбіне төңкеріп,

Жүгімді нарға өңгеріп,

Сары ала атқа ер салып,

Өнерден өлең енші алып,

Тағылының төсінен

Бұқпаға қарай жөнелдім,

Кенелмес жерде кенелдім,

Соқырдың анау шетіне

Қазығын қақтым көгеннің,

Ақында, әнші, шебердің,

Ортасы деп бар өнердің,

Аяғын маң-маң бастырып,

Ақ көбігін шаштырып,

Бөрілі сайдың бойына

Сары атан өлең шөгердім.

 

Тілеген Елеусізбайұлы